қазақша · русский · english
   
  Главная / СМИ о нас
22.10.2019

Құрметті профессор атанды

 


 

«Қан мен тер», «Соңғы парыз» бала күнімізде жастанып жатып оқыған кітаптарымыз. Ол кезде Әбдіжәміл Нұрпейісовтың шығармашылық қабілетіне терең бойлай алмасақ та, автордың ұшан-теңіз ойы мен парасат-пайымы бізді ұлы өмірге жетелеген еді.

 

Біз де ержеттік. Бірақ жазушының бала жүрекке сіңірген әсері әлі өше қойған жоқ. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің жанынан құрылған «Ұлы дала тұлғалары» орталығының ұйымдастыруымен өткен Қазақстанның Халық жазушысы, КСРО мемлекеттік сыйлығының лауреаты Әбдіжәміл Нұрпейісовпен кездесу барысында сол бір жылдардағы қаламгер шығармашылығына деген сүйіспеншілік тағы да бүр жарды.


Кездесудің алғы сөзін аталған жоғары оқу орнының ректоры, профессор Такир Балықбаев сөйлеп, алдымен жазушының шығармашылығына тоқталды.


- Есімі жалпақ әлемге «Курляндия» романы, «Қан мен тер» трилогиясы және «Соңғы парыз» диалогиясымен танылған арамызда жүрген көзі тірі қайталанбас ірі тұлға, қоғам қайраткері Әбдіжәміл атамыз биыл 95 жаста. Әрине, тоқсанға келу бар да. Өз деңгейімен, қалам қабілетімен, тұлғалық болмысымен осынша жасқа жету екінің бірінің маңдайына бұйыратын бақ. Біз сондай тұлғамен кездескенімізді бақытымыз деп санаймыз. Осы орайда, «Ұлы дала тұлғалары» ғылыми-зерттеу орталығының Филология және көптілді білім беру институтымен бірлесе отырып, жазушының мерейтойына орай «Ұлт парызын ақтаған дара тұлға» атты кездесу ұйымдастырғанын кісілікке салынған қадам деп бағалаймын. Бұның жастарға берер өнегесі аз болмайды, - деді ол.

 

Кездесуге жиылғандардың да қарасы көп болды. Сол қатарда Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Темірхан Тебегенов, көрнекті жазушы Смағұл Елубаев, қаламгер Молдахмет Қаназ, ҚР ҰҒА академигі, әдебиеттанушы ғалым Уәлихан Қалижан, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор Бекет Тұрғараев жазушының шығармашылығы туралы терең мазмұнды баяндама жасап, Әбдіжәміл Кәрімұлының қаламгерлік және адамгершілік қырынан тағылымды әңгіме өрбітті.


Кеш барысында ғасырға жуық жасаса да қажыры мен қайратын жоғалтпаған, өткен ізін күні кешегідей есіне сақтаған кеш қонағы ұстазы Мұхтар Әуезов, және басқа да қаламдас достары туралы естеліктер айтып, студенттердің сұрақтарына жауап берді. Абай Құнанбаевтың Гетеден аударған «Қараңғы түнде тау қалғып» атты аудармасын әнімен орындап, асыл тектілігін көрсетті.


Қашанда ақсақалын ардақтап, өткенге құрметпен қарайтын халықтың перзентіміз ғой. Соңында университет ректоры Такир Балықбаев қаламгер, қоғам қайраткері Әбдіжәміл Нұрпейісовтың қазақ халқының руханиятына, Қазақстан Республикасының өркендеп-өсуіне, жастардың патриоттық жігерін серпілтуге, қазақ әдебиетінің дамуына қосқан үлесін ескерім, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Құрметті профессоры атағының берілгенін жариалап, дипломын тапсырып, профессордың мантиясын кигізді.


«Өз елі өз ерлерін ескермесе, ел тегі қайдан алсын кемеңгерді» дегендей, тұлғаға жасалған үлкен құрмет кездесуге келген барша қауымға, әсіресе, студенттердің жігерін жаныған, болашаққа ұмтылысын оятқан жақсы әсерімен есте қалды.

 

 

Авторы: Әсел Назаралы,
«Ұлы дала тұлғалары» орталығының ғылыми қызметкері

22.10.2019 ж.

Ақпарат көз: jasqazaq.kz