Главная /
СМИ о нас
28.11.2019 Осман Кабадайы: Нұрсұлтан Назарбаев - түркі әлемінің саяси лидері
Қазақстан мен Түркияның рухани-мәдени өміріне белсене араласып, бауырлас екі елдің арасында дәнекер болып жүрген филология ғылымының докторы, Ахи Эвран университетінің доценті, белгілі ғалым Осман Кабадайы мырзамен Қазақстанның Тұңғыш Президенті күні қарсаңында әңгімелесіп, сұхбаттасқан едік. Осман мырза Түркияның Гази университетінде «Қазақ тіліндегі ат әбзелдеріне байланысты атаулардың тарихи салыстырмалы зерттеуі» тақырыбында докторлық диссертация қорғаған. Оқырман назарына екеуара әңгімені ұсынып отырмыз. - Сізді қазақ тілінде ғылыми еңбек жазған ғалым ретінде білеміз. Қазіргі қазақ елінің қоғамдық-саяси, мәдени өміріне қаншалықты мән бересіз?
- Қазақстанның мәдени-азаматтық пейзажы өзінің бүкіл тарихында үнемі өзгеріп отырды. 1920-1930 жылдағы Қазақстанның пікір жетекшілерінің ең алдымен ұлттық мәселемен тікелей байланысты. Ұлт идеясына ұлттық тамыр мен тарих қажет. Бүгінгі Қазақстан ұлттық сәйкестендіру процесінде барлық жағдайда өз жолын табуда. Қазіргі қазақ елінің мені қызықтыратын ең маңызды мәселесі - латын әліпбиіне көшуі. Бұл тарапта қазақ және түрік тілдерінде бірнеше мақала жариялап, өз пікірімді білдірдім. Филолог маман көзқарасымен қарағанда, қазіргі әліпбиде кемшіліктер өте көп екен. Болашақтағы қазақ ұрпағы үшін ең дұрыс латын әліпбиі Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ұсынған нұсқасы. Қазақстан бұл нұсқаны қабыл алса, өте жақсы болар еді. Себебі бұл нұсқаны нағыз тілші мамандар дайындады.
- Түркия мен Қазақстан арасындағы туыстық және достық байланыстың нығаюына өз тарапыңыздан қандай үлес қоса аласыз?
- Мен тәрбиеші болғандықтан, білім беру және ғылым саласында жұмыстар істеймін. Түркияның Киршехир қаласындағы Ахи Эвран университетінің түрік тілі кафедрасында қызмет етемін. Түркия мен Қазақстан мемлекеттері арасындағы келісімшартқа сәйкес Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде ерікті оқытушы болып, шығыс тілдері және аударма кафедрасында қазақ жастарына дәріс беріп, түрік тілін үйреттім. Дәрістен бөлек, осы оқу орнында тіл үйренушілер клубын ашқанмын. Өзім қызмет ететін университет пен Абай атындағы ҚазҰПУ арасында Мәуләна оқу бағдарламасы бойынша келісімшарт даярлап, Түркиялық студенттер Қазақстанда, Қазақстан жастары Түркияда білім алуына көпір болған сияқтымын. Осы жаңа оқу жылында Киршехир Ахи Эвран университетінің ректоры тек қана 10 қазақ студентін оқуға қабылдады. Қазіргі сәтте қос дипломды білім беру бағдарламасы бойынша Түркия мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықты дамытқым келіп жүр. Айтқандай, Алматыдағы Ұлттық кітапхананың сирек қолжазбалар мен кітаптар бөлімінде тұрақты жұмыс істеп, осман және шағатай әдебиеттерінің каталогын даярладым. Ол еңбегім жақын күндері жеке кітап болып шығады. Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ-нің Еуразия ғылыми-зерттеу институтының көмегімен Алматыда тұңғыш рет Түркі тілдеріндегі тарихи қолжазбаларды зерттеудің халықаралық симпозиумын ұйымдастырғанмын. Бұл сияқты ірілі-ұсақты жұмыстарым өте көп болды. Бұл жұмыстарыма ақы алған емеспін. Мен оны тек Қазақстан мен Түркияның достығы үшін, бауырлас екі елдің берекелік дамуы үшін істедім және істей беремін.
- Осман мырза, біздің елімізде 1 желтоқсан - Тұңғыш президент күні. Сіз қазақ, түрікке ортақ зиялы азамат ретінде Н.Назарбаевтың түркі әлеміндегі орны жайлы қандай пікірдесіз?
- Қазақстанның Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бүтін түркі халықтарына танымал, аса сыйлы азамат. Түркиялық азаматтардың бәрі, соның ішінде мен де ол кісіні жақсы көремін. Нұрсұлтан Әбішұлының Тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің дамуына қосқан үлесі шексіз. Бұл тұлға жер бетіндегі бүтін түркі халықтарының саяси лидері, ең беделді саясаткер. Баку қаласында өткен ең соңғы Түркі халықтарының кеңесінде Н.Назарбаев мырза өзінің қандай азамат, қандай кемеңгер басшы, көсем екенін тағы бір мәрте дәлелдеп көрсетті. Біздің президентіміз Р.Ердоған мырза да үнемі Нұрсұлтан Әбішұлын зор құрметпен сыйлап, сүйіспеншілік танытып, бүкіл түрік азаматтарына үлгі етті. Қазақстан Тәуелсіздігін алғаннан бері Түркия мемлекетін басқарған әр Президент Қазақстан елін және Елбасы Н.Назарбаевты ерекше ықыласпен сүйіп, құрмет тұтты. Менің көзқарасымша Нұрсұлтан Әбішұлының орны мен беделі қашанда биікте, төрде бола береді. - Қазақстанның Тәуелсіздік алғанына ширек ғасырдан асты. Қазақта «Сырт көз - сыншы» деген сөз бар. Біздің еліміз Тәуелсіздік алған жылдардан бері қандай бағытта қандай жұмыстар тындыра алды деп ойлайсыз?
- Қарапайым бір сөйлеммен айтатын болсам, 1991 жылдан кейін Тәуелсіздігін алып, жеке республика болған Орталық Азиядағы мемлекеттердің ішінде әлеуеті жоғарысы және қарқынды дамып, экономикасы нығайған Қазақстан елі. Бұл жерде Нұрсұлтан Назарбаевтың үлесі де, еңбегі де зор. Н.Назарбаев қысқа ғана мерзімнің ішінде халықаралық қатынастарда экономика мен саясаттағы тамаша жетістіктері бар жас Нұр-Сұлтан қаласын «Бейбітшілік астанасына» айналдырды. Ширек ғасырға жуық уақытта Қазақстанды қуатты, дамыған мемлекет ретінде танытты. Халықаралық саяси аренадағы Қазақстанның беделі артты. Қысқаша айтқанда, Нұрсұлтан ақсақал тарихта өз орнын алған дана көшбасшы ретінде құрметке лайықты деп білемін. Оның қызметін жоғары бағалаймын.
Түркия тәуелсіз Қазақстанды таныған алғашқы ел болған. Тәуелсіздік алғаннан бері Қазақстан үлкен, керемет қашықтықтарды жүріп өтті және Азияның шынымен де жарық жұлдызына айналды. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін біріншіден, өзінің ұлттық тұтастығын қамтамасыз етіп және мемлекеттік территориясын бекітті. Демографиялық өсуін арттырды, халықты шоғырландырды. Екіншіден, экономикалық әл-әуқатын жақсартты, дамыды. Мұның бәрі Елбасы Н.Назарбаевтың арқасында жеткен жетістіктер дер едім.
- Қазақ елі үшін желтоқсан айы қасиетті, қастерлі екенін білесіз. 1 желтоқсан - Тұңғыш Президент күні, 16 желтоқсан - Тәуелсіздік күні болса, 1917 жылғы 5-13 желтоқсан күндерінде Алаш автономиялық республикасы құрылған болатын. Түрік ғалымы ретінде Алаш қайраткерлері, Алаш үкіметі мен қозғалысын қалай бағалайсыз?
- Желтоқсан айының қазақ елі үшін қасиетті, қадірлі екенін білемін. Әлихан Бөкейхан және Алаш партиясы туралы бірқатар мақала жаздым. Сол мақала жазу ізденісімен жүргенде Алаш зиялыларының қандай керемет адам болғандарын біліп алдым. Алашшылдардың орны бөлек, жөні басқа екен. Олар қазіргі Қазақстан халқының жайлы өмірі үшін азап шеккендер. Баса айтар жайт, бүгінгі Түркияның пайдаланып отырған байрағы Алаштың туы екенін мақтанышпен айта аламыз.
- Қазақ еліне деген мерекелік құттықтауыңыз.
- Біріншіден, барлық Қазақстан жұртын Тұңғыш Президент күнімен құттықтаймын! Бүкіл түркі әлемінің ақсақалы, жарық жұлдызы Нұрсұлтан Назарбаев көп жасасын. Ол кісіге зор денсаулық тілей отырып, ойы мен бойы, өмірі мен еңбегі бәрімізге жұғысты болсын деп тілеймін. Екіншіден, ең ұлық мереке - Тәуелсіздік күнімен де құттықтаймын! Қазақстан мемлекетінің жетістігі көп, азаттығы берекелі болсын! Алға, Қазақстан! Алға, бауырлас ел, атажұртым!
Әңгімелескен Елдос Нүсіпұлы
28.11.2019 ж. Ақпарат көзі: turkystan.kz |