қазақша · русский · english
   
  Главная  Новости
14.01.2020

ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың мақаласы талқыланды

 

   

 

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» тақырыбындағы мақаласын талқылауға арналған жиын болып өтті. Үлкен қоғамдық серпіліс туғызған бұл еңбектің биылғы жылы хакім Абайдың 175 жылдық мерейтойын өткізгелі отырған бүкіл еліміз үшін маңызы зор. Жиынды ашқан университет ректоры, профессор Такир Балықбаев мақала туралы өз ой-толғамдарын ортаға салды.

 

-Төрімізге жаңа енген 2020 жылы халқымыздың данышпан перзенті, хакім Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы халықаралық деңгейде, оның ішінде ЮНЕСКО аясында атап өтілетіні белгілі, - деді Такир Балықбаев. Бұл исі қазақ жұрты үшін зор мақтаныш. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Абай жырларын оқу челленджін өзі бастап берсе, бұл бастамаға біздің еліміздің азаматтары ғана емес, алыс-жақын шетел адамдары да кең қолдау көрсетіп, әр тілде Абай жырларын оқып, еліміздің мерейін өсірді. Енді, міне, жаңа 2020 жыл есік ашар-ашпаста Президентіміз Қ.Тоқаев «Егемен Қазақстан» газетінде (9 қаңтар 2020 жыл) «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» тақырыбында терең мағыналы мақала жариялап, ұлы тұлғаға деген жүрекжарды ойларымен елді елең еткізді. Мемлекет басшысы Абай мұраларына терең үңілу, оны ой-санадан өткізу Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасындағы ой-тұжырымдарға сәйкес келетінін айтты.

 

«Жаңғыру - өткеннен қол үзіп, тек жаңа құндылықтарға жол ашу деген сөз емес. Шын мәнінде, бұл - ұлттық мұраларымызды бүгінгі оң үдерістермен үйлестіре дамытуды көздейтін құбылыс. Бұл ретте біз Абайды айналып өте алмаймыз. Себебі ұлы ойшыл осыдан бір ғасырдан астам уақыт бұрын ұлтты жаңғыруға, жаңаруға, жаңа өмірге бейім болуға шақырған». Осылай деп жазған Президент Қ.Тоқаев Абайдың үнемі елдің алға жылжуына, өсіп-өркендеуіне шын ниетімен тілеулес болғаны, осы идеяны барынша дәріптегені оның шығармаларынан анық байқалатынын айтады. Ал ілгерлеудің негізі білім мен ғылымда. Сондықтан Абай қазақтың дамылсыз оқып-үйренгенін жан-тәнімен қалады.

 

Президент Қ.Тоқаевтың аталған мақаласы «Ұлттық болмыстың үлгісі», «Мемлекет ісінің мүдделесі», «Жаңа қоғамның жанашыры», «Әлемдік мәдениеттің тұлғасы», «Торқалы тойдың тағылымы» сияқты бөлімдерден тұрады. Алғашқы тақырыпшада хакім Абайдың білім-ғылым туралы ой-толғамдарынан туындайтын қазіргі заманғы білім және ғылым жүйесін дамыту мәселелері қарастырылады. Ал «Мемлекет ісінің мүдделесі» тақырыпшасында Абай мұраларының бүгінгі мемлекетті дамытудағы рөлі сөз болады. Келесі бөлімде Абай айтқан жаңа қоғамды орнықтыру мәселесі көтеріліп отыр. Сонымен бірге «Әлемдік мәдениеттің тұлғасы» бөлімінде Абайдың жаһандық ой-сананы дамытуға қосқан үлесі туралы айтылады. Олай болса, Президент еңбегінің «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» деп аталуы бекер емес. Өйткені үстіміздегі ғасырда біз қазақ мемлекетін ең озық елдер қатарына енгіземіз десек Хакім Абайдың ақыл-парасаты мен ғибратты сөздеріне иек артуымыз керек.

 

Ректор Т.Балықбаев одан әрі 85 жылдан бері Абай есімін иеленіп келе жатқан еліміздегі тұңғыш жоғары оқу орнында мерейтойға байланысты биыл атқарылатын іс-шаралар туралы айтып берді.

 

«Хакім Абай» орталығының директоры, доцент Жабал Шойынбет, Саясаттану және әлеуметтік-философиялық пәндер кафедрасының меңгерушісі, саяси ғылымдар докторы, профессор Жомарт Симтиков, «Рухан жаңғыру» жобалық кеңесесінің директоры, профессор Борасын Иманбердиев баяндама жасады.

 

Педагогика және психология институтының директоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Берікжан Әлмұхамбетов Президент мақаласындағы ұсыныстар мен тұжырымдарды толық қолдайтынын айтты.

 

Бұл жиында университеттің бүкіл ұжымы Президент мақаласына бірауыздан қолдау білдірумен бірге хакім Абайдың тағылымдарына құрмет көрсетті.

 

   

 

   

 

   

 

   

 

Қоғаммен байланыс жөніндегі бөлім