қазақша · русский · english
   
  Главная  Новости
28.10.2010




2010 жылдың 26 қазанында Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінде көрнекті Абайтанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Мекемтас Мырзахметұлының 80 жасқа толуына орай бірқатар ғылыми - көпшілік іс-шаралары өткізілді.

Сағат 10:00-да университеттің Бас ғимаратындағы холлда М.Мырзахметұлы басқаратын «Абайтану» ғылыми-зерттеу орталығы дайындап, Жапонияның Токио қаласында осы заманғы ең үздік технологиямен басылып шыққан «Абайтану әліппесі» аудио оқу құралының тұсаукесері өткізілді. Оқулықтың авторлары: М.Мырзахметұлы, Н.Керімбаев және Ш. Әбуова. Аудиодискіге жазылған бұл оқулық жастардың ұлы Абай мұралары мен Абай әлемін терең түсінуіне жол ашатыны сөзсіз.

Осы холлда ғалым Мекемтас Мырзахметұлының 80 жылдығына арналған «80 жасқа - 80 кітаппен» деп аталатын кітап көрмесі болады. Осы көрме арқылы белгілі ғалымның жеке шығармашылығы, ғылыми-танымдық еңбектері таныстырылды.

«Абайтану әліппесі» аудио оқу құралы мен кітап көрмесін университеттегі «Абайтану» ғылыми-зерттеу орталығының атқарушы директоры Жабал Шойынбет таныстырады.

Ұлы Абайдың 165 жылдығына,  Қазақстан Республикасы мемлекеттік және «Түрік дүниесіне  қызмет» сыйлықтарының лауреаты, Әлеуметтік ғылымдар Академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Мекемтас Мырзахметұлының 80 жасқа толуына арналған «Абайтанудың жаңа кезеңі және М.Мырзахметұлы» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция өткізілді. Конференцияның мақсаты М.Әуезов негізін салған абайтану ғылымына жаңа дәуірде М.Мырзахметұлы қосқан жаңа сипатты, жаңа дәстүрлі ғылыми жаңалықтарда талдау және оны ғылыми ортаға өнеге ету еді.