Главная /
СМИ о нас
25.10.2018 Биікке бастар бастамалар
Такир Балықбаев, Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор:
Қазақстан Республикасы Конституциясының 44-бабының 1-тармағына сәйкес ел Президенті Қазақстан халқына елдегі жағдай мен республиканың ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттары туралы жыл сайын Жолдау арнайтыны белгілі. 1997 жылдан бастап Елбасының халыққа арнаған Жолдауын бүкіл халық болып күту игі дәстүрге айналды. Жолдау ғаламдық саясат айдынында жүзген Қазақстанның бағыт-бағдарын айқындайтын, ішкі саяси, әлеуметтік-экономикалық мәселелерге бүкіл қоғамды жұмылдыратын,билік органдарына іс-әрекет етудің басым бағыттарын нұсқайтын әмбебаб саяси құжат дәрежесіне жетті. Әлемдік экономикалық коньюнктурада жайлы климат қалыптасып, қазба байлықтарына сұраныс артып, олардың бағасы артқан кезеңде еліміздің шикізат экспортына негізделген экономикасы өрлеп, макроэкономикалық көрсеткіштеріміз шарықтап дамыды.
Сәйкесінше, мұндай игілікті жылдары Елбасының жолдаулары қарқынды даму, әлеуметтік саланы жақсарту рухында болды. Ал, биылғы Жолдау ел тарихына жаңа белес алып келді деуге болады.
Тәуелсіздік жылдары Қазақстан халқы Елбасының көшбасшылығымен теңдесі жоқ серпінді реформалар жүргізді, елді жаңғыртты, мемлекетімізді жаңа биіктерге көтерді. Осындай сындарлы саясаттың арқасында Қазақстан қазір ОРталық Азиядағы көшбасшы мемлекетке айналып шыға келді. Қазақ елі өзгелерді де өз өнегесімен өрге бастайтын дамудың дара жолымен үздік үлгіге, ұлағатты ұстазға, жасампаз елге айналды. Біз осы уақыт аралығында саясат пен экономикада үлкен жетістіктерге жеттік. Қазақ жерінде әртүрлі халықаралық форумдар мен жиындарды жоғары деңгейде өткізіп, әлемдік қоғамдастықтың сенімін абыроймен ақтадық. Сол арқылы әлемде бейбітшілік пен келісімнің, сенім мен тұрақтылықтың алтын бесігі ретінде танылдық.
Еліміз үнемі көш басында жүру үшін ұдайы ілгері басуы қажет. Алдағы келешекте бізді көптеген салаларды кешенді реформалар мен құрылымдық өзгерістер күтеді. Бұлар Президентіміздің жаңа Жоддауы қойып отырған міндеттерден өрбімек.
Биылғы Жолдау бұған дейінгі халыққа арналған Жолдаулардың заңды жалғасы деп білемін. Онда халықтың тұрмысын одан әрі жақсартуға, еліміздің одан әрі өсіп-өркендеуіне қатысты айтылған маңызды мәселелер қамтылды. Ол бүкіл халықтың, әрбір шаңырақтың, әрбір азаматтың жағдайын жақсартуға бағытталған. Сондықтан да бұл Жолдаудың ең басты ерекшелігі - халықтың әл-ауқатын арттырып, тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталғаны болып отыр. Сол себепті де оны елдің игілігіне бағытталған тарихи құжат деп қабылдауымыз керек.
Қазақстан Республикасы Президентінің биылғы дәстүрлі Жолдауы елімізді одан әрі дамытудың алдағы бағыттарын айқындай түседі.
Еліміз жасампаз 27 жылда дәулетіне сәулеті сай, әлем таныған қуатты мемлекетке айналды. Қазір Қазақстан - өзіндік бет-бейнесі бар, өзіндік ерекшеліктері мен өзіндік ұстанымдары бар табысты мемлекет. Әлемдегі алмағайып дағдарыстар мен қиындықтарға қарамастан, экономиканы қарқынды дамытудың инновация мен индустрияландыру жолына түсті.
Бүгінгі күні алға қойған мақсаттарға дәйекті де табанды түрде қадам басып келе жатқан мемлекеттің жаһандық дағдарыс жағдайында да дамуын жалғастыра білгенін бүкіл әлем көрді. Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде де, ішкі саяси тұрақтылық пен ұлттық бірлікті сақтауда да, шетел инвестицияларының жоғары деңгейіне, дамыған нарықтық экономикаға негізделген экономикалық өсімде де, энергетика ресурстарын тиімді пайдалануда да, инфрақұрылымды, көлік және байланысты дамытуда да, кәсіби мемлекетті қалыптастыруда да, қысқасы, ұзақ мерзімді жеті басымықтың барлығында да Қазақстан өз алдына қойған мақсатына жетті деуге болады. Кейбір мақсаттар толық орындала қоймаса да батыл қолға алынып, жүзеге асырылып жатыр.
Әрине, бұл бүкіл қазақстандықтардың бірлігінің, табанды да қажырлы еңбегінің нәтижесі, ұмтылыстарымыз бен үміттеріміздің жанды көрінісі екені айдан анық. «Біз жаңа міндеттерді атқаруға дайынбыз», деп атап көрсетті Елбасы.
Қазіргі уақытта адамзат жаңа жаһандық сын-тегеуріндермен бетпе-бет келуде. Тарихи уақыттың жеделдеуі, жаһандық демографиялық теңгерімсіздік, жаһанды азық-түлік қауіпсіздігіне төнетін қатер, судың тым тапшылығы, жаһандық энергетикалық қауіпсіздік, табиғи ресурстардың сарқылуы, Төртінші индустриялық революция, үдей түскен әлеуметтік тұрақсыздықтың қаупі сияқты сын-қатерлер Қазақстанның алдында бұрын кездеспеген проблемалар туындатуы әбден мүмкін. «Мұндай жағдайда сын-қатерлерге төтеп берудің және мемлекеттің табысқа жетуінің кепілі, елдің басты байлығы - адамның даму мәселесі болып отыр ... Қазақстандықтардың әл -ауқатының өсуі басты басымдыққа айналуға тиіс» деп атап көрсетті Елбасы. Сондықтан да үкімет, әрбір мемлекеттік органдардың, мемлекеттік компанияның басшысы жұмыс тәсілдерін өзгертуі қажет деп Президент ерекше атап өтті. Бұрынғы белгіленген «Нұрлы жол», «Нұрлы жер, «Рухани жаңғыру» сынды күрделі жобалардың әрі қарай жүйелі жалғасын тауып, сапалы орындалуына да министрлер мен облыс әкімдерін жұмыла жұмыс істеуге шақырды.
Әрине, әлеуметтік-саяси дағдарысқа ұласатын жаһандық экономикалық дағдарыс Қазақстанға сөзсіз қысым көрсетіп, біздің төзімімізді сынаққа алатын болады. Сондықтан күн тәртібіне әлеуметтік қауіпсіздік және әлеуметтік тұрақтылық мәселесі қойылады. Біз үшін маңызды міндет - қоғамымыздағы әлеуметтік тұрақтылықты нығайту», деп Елбасы ылғида айтып келеді.
Президент өз Жолдауында елдің шешілуге тиісті міндеттерінің сапалық тұрғыдан өзгергенін атап көрсетіп, кезекті дүниетанымдық серпіліс жасау керектігі ескертеді. Қазір мемлекет кемелдікке келді. Демек, бүгінгі күн тәртібі елдің қалыптасу кезеңіндегіден өзгеше болуға тиіс. Себебі, жаңа сын-қатерлерді лайықты қабылдау үшін Ел дамуының жаңа межесі ретінде 2050 жылдың алынуы жайдан -жай емес. Біріккен Ұлттар Ұйымында 2050 жылға дейінгі өркениеттер дамуының жаһандық болжамы әзірленген, ал Дүниежүзілік азық-түлік ұйымы 2050 жылға дейінгі болжамдық баяндаманы жариялаған.
Елбасымыз болашақты алыстан болжайтын стратег ретінде мемлекетімізді 2050 жылға дейінгі әлемдегі ең жоғары дамыған 30 мемлекет қатарына енгізуді ұлттық саяси даму стратегиясына негіз ете отырып, осы уақыт ішінде бағындырылуға тиісті жеті басымдықты белгілеп берген еді. Олар: жаңа бағыттың экономикалық саясаты, кәсіпкерлікті жан-жақты қолдау, әлеуметтік саясаттың жаңа принциптері, білім және кәсіби біліктілік, мемлекеттілікті, қазақстандық демократияны дамыту, салиқалы сыртқы саясат, жаңа қазақстандық патриотизм.
Елбасымыздың биылғы Жолдауында айтылған алты бағыт та халықты алаңдатқан ең өзекті және күрмеуі қиын мәселелерді оңтайлы шешуге жол ашып береді. Олардың ішінде елдің табысын өсіру, тұрмыс сапасын одан әрі жақсарту, өмір сүруге жайлы орта қалыптастыру, азаматтардың сұранысына сай мемлекеттік аппарат құру, сыртқы саясаттың тиімділігін арттыру және әрбір қазақстандықтың еліміздегі өзгерістерге атсалысуын қамтамасыз етуге бағытталған жаңа міндеттер халықтың көкейінде жүрген көптеген сауалдарға берілген нақты жауап болды деуге әбден лайық. Мысалы, келесі жылдан бастап, төменгі еңбекақы мөлшерінің 20 пайызға өсуі халықтың күтіп жүрген мәселесі. 1,3 миллион адамның еңбекақысы келесі жылдан бастап өседі. Үш жүз мыңға жуық бюджеттік мекеме қызметшілерінің жалқысы орта есеппен 35 пайызға көбейетін болады. Әсіресе, кәсіби өтілі аз, жаңадан қызметін бастаған мамандар үшін бұл өте үлкен қолдау балатыны анық. Мұндағы мақсат - адамдардың қолайлы өмір сүруіне тікелей жағдай жасау.
Бұлармен қоса, Президентіміздің білім беру, денсаулық сақтау, шағын және орта бизнесті дамыту, қолжетімді баспана, құқық қорғау орындарының жұмысын жетілдіру, сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейту, мемлекеттік қызметтің тиімділігін арттыру сияқты салаларға ерекше мән беруі ел азаматтарының тұрмыс сапасын жаңа деңгейге көтеретін бастамалар екені айдан анық. Әрине, бұл басымдықтарды халықтың бірауыздан қолдауы олардың қарқынды жүзеге асырылуына белсенді қатысуына күмән жоқ.
Әрине, «Қазақстан - 2050» Стратегиялық бағдарламасына негіздеген бұл Жолдау қазақстандықтар үшін игілікті іс болды. Соның ішінде ауылдың, аграрлық сектордың дамуына серпін әкелетін тұстары да мол.
Жолдауда, міне, осындай нақты межелер белгіленді. Осы бағдарламаларды іске асыру арқылы халықтың әл-ауқаты,тұрмысы одан әрі жақсарып, өмір сүру деңгейі барынша көтеріліетіні, қол жеткен жетістіктер баянды етілетіні атап көрсетілді. Ол үшін ең алдымен еліміздің тыныштығы, халқымыздың бірлігі қажет, дей келіп, Елбасы бүкіл қазақстандықтарды қойылған міндеттерді іске асыру жолында жұдырықтай жұмылып еңбек етуге шақырды.
ХХІ ғасыр бейбітшіліктің, тұрақтылық пен гүлденудің ғасыры болатынына сенім білдірген Елбасы Қазақстан халқын жарқын болашаққа жол бастайтын адамзат баласының мәңгілік құндылықтары - ерік-жігер мен еңбексүйгіштік,мақсаткерлік қасиеттерді бойға сіңіруге шақырды.
Елбасы белгілеп берген «Қазақстан - 2050» жаңа саяси стратегиясының даму бағыты қазақстандықтарды жаңа белестерді бағындыруға жетелейтін және ортақ мақсатқа топтастыратын тарихи құжат болып табылады.
Елбасының жыл сайынғы Жолдауларының өн бойынан әлеуметтік салаға үлкен мән берілетінін білеміз. Ал, биылғы Жолдауда Елбасының сапалы білім беруді жақсарту, ғылыми-инновациялық жұмыстардың өндіріспен байланысын жандандыра түсу, жастардың жайлы баспанаға қолжетімділігін арттыру және тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілуі, білім беру ісіндегі тәрбиенің рөлі жайлы айтқандары бәріміздің көңілімізден шығады.
Білім жүйесін жаңғыртуда оқыту үдерісіне озық әдістеме мен технологияларды енгізу арқылы әлемдік білім кеңістігіне еркін енуге болатындығын өмірдің өзі көрсетіп отыр. Ендеше, Елбасымыз айтқандай, халықаралық стандарттарға сай, Назарбаев Университеті мен зияткерлік мектептердегі озық тәжірибелерді қазақстандық білім беру жүйесіне кеңінен таратып, барлық білім беру мекемелерін солардың деңгейіне жеткізу төңірегінде терең ойланғанымыз жөн.
«Іс тетігін кадрлар шешеді» деген қанатты сөз әлі де өзінің өзектілігін жоғалтқан жоқ. Жоғары оқу орындарында білім беру бар да, сондай-ақ өмірлік тәжірибемен ұштасқан сапалы маман бар. Міне, осы екі нәрсенің ара-жігін ажырату үшін біліктілік деген мәселе бой көрсетеді. Отандық оқу орнының сапасы оны бітірушілердің лайықты жұмысқа орналасуы көрсеткішімен өлшенсе, Елбасы айтқандай, бұл зор ынталандыру болмақ. Жоғары оқу орнының табыстылығын бағалаудың басты критерийі - оқу бітірген студенттердің жұмыспен қамтылуы, жалақысы жоғары жұмысқа орналасуы екенін еске сала отырып, жоғары оқу орындарын ірілендіру саясатын жүргізу қажеттігіне тоқталды. «Нарықта жоғары сапалы білім беруді қамтамасыз ететіндер ғана қалуы тиіс. Назарбаев Университетінің тәжірибесіне сүйеніп, үздік шетелдік топ-менеджерлерді жұмысқа тарту арқылы әлемнің жетекші университеттерімен әріптестік орнату маңызды, деді Елбасы.
Сайып келгенде, білім беру ісіндегі педагогикалық құрамның сапасын арттыру мәселесі өте көкейтесті екендігі Жолдауда анық көрсетілген. Ендеше, мектептер мен жоғары оқу орындары оқытушыларының біліктілігін көтеру, жауапкершілігін күшейту қажеттілігі күн тәртібіне қойылып отыр. Олай болса, өңірдегі педагогикалық институттардың атқарар міндеттері бұрынғыдан да артып, олардың білікті кадр дайындау жауапкершілігі тереңдей түспек. Жалпы, жаңа тұрпатты педагог дайындауға жаңа көзқарас қалыптастыруымыз керек.
Ал, мұғалім - қоғамда болып жатқан өзгерістер мен халықтың санасын жаңғыртушы тұлға екендігін ескерсек, «Педагог мәртебесі туралы» заңды әзірлеп, қабылдау тапсырмасы дер кезінде қолға алынған бастама деуге болады.
Біздің елімізде «Білім туралы» заңда белгіленгендей, жоғары оқу орындарының академиялық және өзін-өзі басқаруын кеңейту мүмкіндіктері қарастырылған. Жоғары оқу қызметіне қатысты бірқатар мәселелер олардың құзіреттіліктеріне берілген. Осыған байланысты енді жоғары оқу орындарының қызметіне де талап күшейтілітін болады.
Жолдауда Қазақстанның халықаралық деңгейдегі беделі туралы да өте жақсы айтылған. Біздің тәуелсіз елімізді 27 жылдың ішінде жаһан танып, әлем мойындады. Әлемдік аренада алпауыт мемлекеттермен тең дәрежеде иық тірестіріп тұрарлық беделді орынға ие болды.
Жолдаудағы аса бір айта кететін жайт - білім беру ісіндегі тәрбиенің орны. Білім беру ісі патриотизм, адамгершілік, ұлтаралық келісім, толеранттылық, рухани даму, заңға бағынушылық сияқты құндылықтармен астаса жүруі керек екендігі қоғам тарапынан қолдау тауып отырғанын айтуымыз керек. Айтылғандардың бәріне немқұрайды қарамай, тәрбие ісінде ұсақ-түйек болмайтындығын барлығымыз жете түсініп, ата-ана, қоғам мүшесі ретінде көзқарасымызды айқын танытып, жастарымыздың бойына адами құндылықтарды сіңіре білсек, нұр үстіне нұр!
Білімді ұрпақ тәрбиелеу арқылы талай-талай көкжиектерге құлаш сермейтінімізді жете түсінген Президент бұл салаға барынша қамқорлық көрсетіп отыр. Болашақта білімді ұрпақ экономикамыз бен мәдениетімізді, ішкі және сыртқы саясатымызды дамыған мемлекеттер қатарында танытады деп сенеді. Елбасына оқымыстылар ерекше ризашылығын білдіруде. Жолдаудағы жаңа технологиялар жасауға мүмкіндік туғызатын инновациялық-индустраиалдық кластер Назарбаев Университеті жанынан қалану керектігі және Астанада жоғары технологиялық кәсіпорындар құру қажеттілігі туралы айтылған міндеттер межесінен шығу үшін отандық ғалымдар дайын екендігін баса айтқымыз келеді. Отанымыздың күні ертең тұтқасын ұстап, алдыңғы толқынның игілікті ісін ілгері апаратын талантты жастарды тауып, оларды балапандай баулып, қатарға қосу біздер үшін үлкен парыз. Елбасы өз Жолдауында жастарға тек білім беріп қана қоймай, сонымен бірге, әлеуметтік бейімделу үдерісінде де пайдалана білу керектігін атап өтті. Ең бастысы, патриотизм, мораль мен парасаттылық нормалары туралы айтылған сөздер барлық ұстаздар қауымына жүктелген міндет екені анық.
2019 жылды «Жастар жылы» деп жариялауды ұсынған Президентіміздің биылғы Жолдауы - бұл елдің болашағы үшін тереңен толғанып шешілген өте маңызды құжат екені айдан анық.
Жалпы, Елбасымыздың биылғы Жолдауында Қазақстан халқының жанына, өміріне керек нәрселердің барлығы сөз болып отыр. Енді бүкіл халық болып, ел болып жұмылып, бұған дейін жасалып келген істерді одан әрі жалғастырып, көтерілген мәселелердің бәріне терең мән беру мен жүзеге асыру міндеті тұр. Бейбітшілікті, ынтымақ пен бірлікті, ұлттық, мемлекеттік саясатты өрістетіп, халықтың көкейіндегісін тауып, елді мұратына жеткізу үшін тың міндеттер белгілеген Елбасы бұл жолы да көрегендік танытты.
22.10.2018 ж. Ақпарат көзі: aikyn.kz
|