қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет  Жаңалықтар
18.02.2020

«Менің Пірім - сүйінбай» ІV республикалық жас ақындар айтысы


Хәкім Абайдың 175 жылдығы аясында 2020 жылдың 14-15 ақпан күндері «Менің пірім - Сүйінбай» ІV республикалық жас ақындар айтысы ұйымдастырылып, дүбірлі додаға еліміздің 25 жоғары оқу орынан 60 жас айтыскер ақын қатысты. 14 ақпан күні өткен іріктеу кезеңінің қорытындысы бойынша 18 ұшқыр ақын ақтық кезеңге жолдама алып, өзара бақ сынасты.


Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясында 15 ақпан күні өткен ақтық кезеңді университет ректоры Такир Балықбаев ашып, барша қатысушыларға сәттілік тіледі.


Шараның арнайы қонақтары М. Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының директоры, «Nur Otan» партиясы Алматы қалалық филиалы Саяси кеңесінің мүшесі, Алматы қаласы мәслихатының депутаты Кенжехан Матыжанов және Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры Ақан Абдуалиев қазақ халқының төл өнерін дәріптейтін аламан бәйгенің маңыздылығын атап өтті.


Өнер додасына түскен жас ақындардың айтысын Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» және «Құрмет» ордендерінің иегері, «Айтыс ақындары мен жыршы-термешілер халықаралық одағы» басқармасының төрағасы Жүрсін Ерман бастаған айтыс өнерінің саңлақтары қазылық етті. Қазылар құрамында Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, халықаралық, республикалық айтыстардың жүлдегері, ақын Серік Қалиев, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, Абай атындағы ҚазҰПУ-дың «Ұлағат» баспасының директоры Манарбек Ізбасар, «Қазақ радиолары» ЖШС Алматы студиясының жетекшісі, айтыскер ақын Бақыт Жағыпарұлы, Қазақ ұлттық өнер университеті «Айтыс» кафедрасының меңгерушісі, айтыскер ақын Еркебұлан Қайназаров болды.


Айтыс қорытындысы бойынша ІІІ орынды Қайнар академиясы атынан қатыскан жас ақын Сауытбек Расул жеңіп алып, 100 000 теңге көлеміндегі сертификат пен арнайы дипломға ие болды. ІІ жүлделі орынды университетіміздің студенті Айбын Жәмәли жеңіп алып, 150 000 теңге көлеміндегі сертификат пен арнайы дипломға ие болды. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенті Нұрбол Жауынбай І орын жеңімпазы атанып, оған 200 000 теңге көлеміндегі сертификат пен арнайы диплом табысталды.


Бас жүлдені Қазақ ұлттық өнер университетінің студенті Ниязбеков Аян жеңіп алып, 350 000 теңгелік сертификат пен арнайы дипломға ие болды.


Сонымен қатар, 12 ақынға университет тарапынан арнайы жүлде тағайындалып, 50 000 теңге көлеміндегі сертификаттар табысталды.

 

Карағанды мемлекеттік техникалық университетінің студенті Совет Төреханға «Nur Otan» партиясы Алматы қалалық филиалы атынан арнайы сыйлық табысталса, К.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің студенті Көшкінбай Айболатқа «Ерік Асқаров атындағы жас ақындар мектебі» атынан «Сәбит Мұқанов» атындағы арнайы сыйлық табысталды.


Аламан доданың ақтық кезеңіне қатысқан 18 ақынның барлығы дерлік олжалы қайтты.


Айтысқа қатысқан барша жас ақындар университет басшылығы мен ұйымдастырушыларға үлкен ризашылығын білдірді.

 

   

 

   

 

   

 

   

 

   

 

   

 

   

 

   

 

   

 

   

 

   

 

Тәрбие, әлеуметтік жұмыстар және
жастар саясаты жөніндегі департаменті