қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет  Жаңалықтар
10.02.2016

Онкүндік өз жұмысын бастады...

Соңғы жылдары дін мәселесінің мемлекетімізде күрделене түскені баршаға аян. Қазақстан аумағында деструктивті ағымдардың астыртын үгіт-насихат жұмысы қарқын алып, діни экстремистік идеялардың қоғамымызда тарай бастағаны жасырын емес. Сондықтан қазіргі таңда жастардың діни сауаттылығын арттыру, оларды радикалды ағымдардың ықпалынан аластату өзекті мәселелердің бірі болып табылады.
Радикалды ағымдардың жұмысына тыйым салу, ақпараттық-идеологиялық жұмыстарды күшейту, жастардың діни сауаттылығын арттыру мақсатында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде ауқымды жұмыс атқарылуда. Университеттегі Тәрбие басқармасы Алматы қаласы Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Орталық мешіт қызметкерлері, Алматы қаласы Дін істер басқармасы өкілдерінің қатысуымен кездесулер, дөңгелек үстелдер мен дәрістер өткізіп, студент жастардың теріс пиғылды діни идеологияны қабылдамауын қалыптастыруға бағытталған фильмдер топтамасының көрсетілімі үздіксіз ұйымдастырып келеді.
2015-2016 оқу жылының басынан бұл бағыттағы жұмыстар қарқындай түсті. Атап айтсақ, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Дін істері комитетінің төрағасы Ғалым Нұрмағанбетұлы Шойкин бастаған Республикалық ақпараттық-насихат топ мүшелерімен кездесу, барлық жатақханалар мен институттарда Алматы қаласының Дін істері басқармасы қызметкерлерінің қатысуымен «Дәстүрлі емес діни ағымдар және жастар. Экстремизм мен терроризм» тақырыбы аясында дәрістер циклы өткізілді. Осындай мазмұнды шаралардың жалғасы ретінде 2016 жылдың 9 ақпаны күні қарақ шаңырақта «Экстремизм мен лаңкестіктің алдын алу және діни сауаттылықты жетілдіру онкүндігі» аясында дөңгелек үстел өткізілді. Дөңгелек үстел жұмысының басты мақсаты 9-18 ақпан күндері аралығында өтетін Онкүндіктің мазмұнын ашып, бағдарын түсіндіру. Аталмыш шараны университетіміздің Тәрбие ісі жөніндегі проректор Жанатбек Ішпекбаев ашып, келген қонақтарды білім шаңырағында атқарылып жатқан жұмыстар кешенімен таныстырды. Ол өз кезегінде бес жылданы бері университет ректорының бұйрығына сәйкес дінтанушы, педагог, психолог ғалымдар құрамынан лекторлық топ құрылып, аталмыш топпен жыл бойы дәрістер циклы оқытылатындығын, барлық 1 курс студенттеріне «Дінтану» элективті пәні жүргізілетіндігін тілге тиек етті.
Дөңгелек үстел жұмысына Алматы қаласы Дін істері басқармасы басшысының кеңесшісі Шалданбаев Алмас Несіпбайұлы, Алматы қаласы діндерді зерттеу және сараптама орталығының ақпараттық-насихаттау бөлімінің басшысы Құдайқұлов Тұрсын Таңатарұлы, Алматы қаласы Медеу аудандық Жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары Құрмашев Қуаныш Жәнібекұлы, Медеу ауданының бас имамы Жакиев Тілепберген Алламжарұлы, Алматы қаласы Ұлттық қауіпсіздік қызметі басқармасының ақпараттық жүйе орталығының аға ғылыми қызметкері Шоманов Болат Шаймолданұлы қатысты. Шара аясына «Дін мен дәстүр - егіз ұғым», «Қазақстандағы ислам: мәселелер және оны шешу жолдары» тақырыбында мазмұнды баяндамалар жасалды.
Ж.Е. Ішпекбаев дөңгелек үстел жұмысын қорытындылай келе, мемлекетіміздің тұрақты дамуы мен өркендеуінің басты кепілі қауіпсіздік екендігін негізге ала отырып, алдағы уақытта лаңкестікке қарсы бағытталған жұмыстарды бір жұдырықтай жұмылып атқаруға шақырды.


Абай атындағы ҚазҰПУ
Тәрбие жұмысы, жастар саясаты
және мемлекеттік тілді дамыту
басқармасы бастығының
орынбасары
Қазына Бекбенбетова