қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет / БАҚ біз туралы
24.02.2020

Арнайы педагогика бойынша кадрлар даярлаудың мазмұнды аспектілері

 


 

Жуырда Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде Республикалық оқу-әдістемелік Кеңесі «Педагогикалық ғылымдар» білім беру саласындағы Оқу-әдістемелік бірлестігінің (Жобаларды басқару топтары) «Арнайы педагогика бойынша кадрлар даярлаудың мазмұнды аспектілері» тақырыбында кезектен тыс мәжілісі өтті.

 

Мәжіліс жұмысына ректор Такир Балықбаев, ҚР БҒМ, ЖОО, үкіметтік емес және арнайы (түзету) білім беру ұйымдарының өкілдері қатысты. Іс-шара барысында университет профессор-оқытушылар құрамының «Арнайы педагогика» мамандарын даярлау бағыты және инклюзивті білім беру бойынша оқу-әдістемелік және ғылыми еңбектерінің көрмесі ұйымдастырылды.

 

Мәжілісті ашқан Абай атындағы ҚазҰПУ ректоры Такир Балықбаев шараның маңыздылығын атап өтті.

 

«Бүгінгі таңда білім беру және педагогикалық кадрларды, соның ішінде арнайы педагогтарды даярлауда өзекті мәселелер көп. Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған «Сындарлы қоғамдық диалог - Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» Жолдауында мүмкіндігі шектеулі балаларды қолдау, инклюзивті қоғам құру біздің жұмысымыздың басым бағыттарының бірі болуы тиістігін мәлімдеді. Бүгінгі таңда жоғары дефектологиялық білім берудің тиімділігін жоғарылатудың өзектілігі арнайы және білім беру мекемелеріндегі мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс жасаудағы мұғалімдердің аймақтық қажеттіліктерін ескере отырып, оны икемді және жылдам қайта құру үшін реформалау мәселесін шешеді. Бұл жағдайда жоғары білім жүйесінің дефектологиямен және арнайы біліммен өзара әрекеттесу механизмін жасау қажет», - деді ректор.

 

Ректор сонымен қатар инклюзивті білім беру жүйесі тек елімізде ғана емес, бүкіл әлемде де өзекті екенін атап өтті.

 

«Білім беруді ізгілендіру оқыту мен тәрбиелеу үдерісінде баланың дамуына, танымдық қызығушылығы мен жеке басының дамуына ықпал ететін оқыту әдістері мен формаларын қолдануды талап етеді. Қоғамдастықты дамытудың негізгі принципі - әрбір адамның өздерінің білім алу қажеттіліктерін қанағаттандыру және сапалы базалық білім алу құқықтарын қамтамасыз ету. Бұл мәселені іске асыру барысында объективті кедергілер бар, мысалы, дефектологтардың, логопедтердің, тәрбиешілердің және көп деңгейлі бағдарламалардың жетіспеушілігі, ерекше күтімді қажет ететін балалармен қарым-қатынас жасаудағы мұғалімнің кәсіби біліктілігінің төмендігі, материалдық базасы әлсіз, инклюзивті білім беру жағдайында педагогикалық процесті жоспарлау, ұйымдастыру, жобалау және дамыту және т.б. субъективті себептердің күшеюіне байланысты әдістемелік дайындықтың жеткіліксіздігі. Жалпы, елдегі инклюзивті білімнің қажеттіліктерін ескере отырып, осы білім беру үдерісіне қатысушылардың кәсіби құзіреттілігін дамытуға бағытталған оқыту жүйесі жетілдіруді қажет етеді», - деді Такир Балықбаев.

 

Мәжіліс барысында «Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде арнайы педагогика мамандарын даярлау бағыты бойынша білім беру бағдарламаларын жүзеге асыру тәжірибесі мен перспективалары», «Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде арнайы педагогика мамандарын даярлау мәселелері мен перспективалары», «Эмоциялық-ерік сферасы бұзылған балалармен жұмыста қолданбалы мінез-құлықты талдаудың рөлі», «Дефектолог мамандардың кәсіптік білім берудегі өзекті мәселелері», «Мүмкіндігі шектеулі тұлғалар үшін жоғары оқу орындарында білім беру ортасының қолжетімділігін талдау» тақырыптарында баяндамалар жасалды.

 

Мәжілісте Абай атындағы ҚазҰПУ-да арнайы педагогика мамандарын даярлаудың білім беру бағдарламаларын жүзеге асырудың тәжірибесі мен болашағы талқыланып, мүмкіндігі шектеулі жандар үшін университеттердегі білім беру ортасының қолжетімділігіне талдау жасалды.

 

Абай атындағы ҚазҰПУ-да мұғалімдерді даярлаудың өзекті мәселелерін шешуде 2019 жылы «XXI ғасыр мұғалімінің портреті» жасалғанын атап өту керек. Жаңа буын педагогтарын дайындау мақсатында университетте 129 білім беру бағдарламасы енгізілген. Инклюзивті білім беруге ерекше көңіл бөлініп, Түзеу педагогикасының Ұлттық ғылыми-практикалық орталығымен және Ақыл-есінің және бой-бітімінің жетілуінде кемістігі бар балалар мен жасөспірімдерді әлеуметтік бейімдеу және кәсіби еңбекпен оңалту орталығымен тығыз байланыста педагогикалық кадрларды даярлауға арналған «Инклюзивті білім беру» пәні бойынша оқу бағдарламасы әзірленді. Абай атындағы ҚазҰПУ базасындағы Қазақстан Республикасы оқу орындарында инклюзивті білім беру бойынша ресурстық кеңес беру орталығы инклюзивті білім беру саласында мұғалімдердің біліктілігін арттыру жобасын жүзеге асыруда. Университет мектептермен тығыз байланыста жұмыс істеудің жаңа әдістерін меңгеруде. Биылғы оқу жылынан бастап университеттің әр оқытушысы орта білім беру ұйымдарында 30 сағат жұмыс істейді.

 

Авторы: Римма Жанбаева

24.02.2020 ж.

Ақпарат көзі: qazaq1913.com