Негізгі бет /
БАҚ біз туралы
26.03.2020 Онлайн оқыту - мәжбүрлі шара
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша COVID-19 вирусының алдын алу мақсатында бірқатар шұғыл шаралар қолға алынды. Осы орайда Қазақстанның жоғары оқу орындары мен колледждері 16 наурыздан бастап қашықтықтан оқыту түріне көшкені белгілі.
Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов еліміздегі жоғары оқу орындары мен колледждер қашықтықтан оқытуға дайын екенін айтқан болатын. «Қашықтықтан оқытуға Қазақстандағы жоғары оқу орындарының қауқары жетеді. Біздің университеттердің көпшілігі үлкен қалаларда орналасқан. Сол себепті студенттерді қашықтықтан оқытуға техникалық мүмкіндік бар және интернеттің жылдамдығы да жеткілікті. Біз 1,5-2 ай бұрын жұмыс тобын құрып, осы мәселені қолға алдық. Жоғары оқу орындары мен колледждерде тестілеу жұмыстары жүрді», - деді министр.
Елімізде алғаш рет жаппай қашықтықтан оқытуға көшкен ЖОО мен колледждердің аудиториялары қаңырап бос қалды. Оқытушылар да қашықтықтан жұмыс істеу режиміне ауысып, ендігі жерде студенттердің сабақ үлгерімін тек үйде отырып компьютер мен смартфон арқылы тексере алады.
Жалпы еліміз бойынша 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап сырттай оқыту тоқтатылып, қашықтықтан оқытатын технологиялар пайдаланыла бастаған болатын. Бүгінде әлемді алаңдатқан COVID-19 вирусына қарсы күресте Қазақстанның сырттай оқу түрін қашықтықтан оқытуға алмастыруы ұтымды шешім болғанын көріп отырмыз. Себебі қашықтықтан оқыту жүйесіне жаппай көшкен ЖОО бүгінде студенттерді онлайн нұсқада білім берумен қамтамасыз етіп отыр.
Вирусқа байланысты карантин жағдайы жалғасатын болса, мектеп оқушылары да 6 сәуірден бастап қашықтықтан оқытуға көшеді. Бұл туралы Білім және ғылым министрі: «Телеарналар арқылы сабақ өткізуге дайындалудамыз. Онда бейне-сабақтар сабақ кестесіне сай көрсетілетін болады. Бұл тетік, әсіресе интернет қуаты әлсіз және қажетті құрал-жабдықтарға қатысты қиындықтары бар ауылдық білім беру ұйымдары үшін өзекті», - деп түсіндірген болатын.
Халықаралық Túrkistan газеті оқырмандарға еліміздегі ЖОО-ның қашықтықтан оқыту процесінің қалай жүріп жатқаны және оның білім сапасына әсері туралы оқытушылар мен студенттердің пікірін тыңдап көрген еді.
Гүлмира САУДАБАЕВА, педагогика ғылымдарының докторы, профессор:
Білімге құштар бала жағдай талғамайды
- Қашықтықтан оқыту мен үшін таңсық емес. Өйткені оқу процесінің бұл түрін еліміздегі көптеген жоғары оқу орындары бұрыннан жүзеге асырып келеді. Қашықтықтан білім беру технологиялары жұмыс істейтін, отбасын құрған студенттерге қолайлы. Тапсырманы тәуліктің кез келген уақытында орындай алады. Әсіресе, колледж бітіріп, жоғары оқу орнына түскен студенттер қашықтықтан оқыту жүйесін тез меңгереді. Жалпы, оқимын деген бала қандай жағдайда да білім алуға ұмтылады. Бұл тәсіл арқылы білімді әділ бағалау қиын шығар, мүмкін ізденуші тапсырма жауабын біреуден көшіріп алатын шығар. Біз мұны көре алмаймыз, бірақ заман талабына сай пайда болған бұл оқыту тәсілі тиімді болып отыр.
Ал COVID-19 вирусының елімізде тарауына байланысты студенттердің жаппай қашықтықтан оқытуға көшуі студенттерден бөлек, оқытушылардың өзін біраз әбіргерге салғанын жасырмаймын. Оқытушылар пәнге қатысты барлық материалдарды студенттерге ыңғайлы болуы үшін алдын ала жүйеге салып қойды. Әдетте біз әр семинарда ең көп дегенде 10 студентті тыңдап үлгереміз. Ал қашықтықтан оқытуға көшкелі бері бізден бір топтағы 30 студентті бағалап үлгеруімізді талап етіп жатыр. Бірақ бір оқытушы 30 студенттен тұратын бірнеше топқа сабақ береді. Мысалы, мен жалпы алғанда 200-ден астам студентке сабақ беремін. Барлық студенттің жұмысын тексеру, бағалау, сонымен қатар қанша студенттің сабаққа қатысқаны немесе қатыспағаны, тапсырманы орындаған-орындамағаны жайында есеп жасауға да біраз уақытымызды жұмсап жатырмыз. Мысалы, мен жер үйде тұрамын, өзімнің жеке жұмыс кабинетім бар. Ал жатақханада немесе пәтер жалдап тұратын оқытушылар студенттердің тапсырмасын қалай тексеріп жатқанын өзіңіз саралай беріңіз. Жақында ауылға барып келген бір танысым «Студенттердің тапсырмасын тексеру үшін далаға жүгірумен болдым. Өйткені ауылды жерде барлық жерде интернет жақсы істемейді екен» деп келді.
Ал жалпылай алғанда, оқытушылар қашықтықтан оқытуға дайын. Жоғарыда айтқанымдай, оқимын деген бала жағдай таңдамайды, технологияны тез игеріп, түсінбеген жерін видеоқоңырау жасап, сұрап алады. Студенттерім «аудиторияда отырып лекция тыңдап, бетпе-бет жүздескенге жетпейді екен, қашықтықтан оқытудан жалықтық» деп жатыр.
Гүлира ХАЛЫҚОВА, Абай атындағы ҚазҰПУ профессоры:
26.03.2020 ж. Ақпарат көзі: turkystan.kz |