Негізгі бет /
БАҚ біз туралы
18.04.2020 Такир Балықбаев онлайн-кездесу өткізді
2020 жылдың 16 сәуірінде Абай атындағы ҚазҰПУ ректоры Такир Балықбаев студенттермен, ата-аналармен және оқытушылармен онлайн-кездесу өткізді. Кездесу @abai_university Instagram парақшасында тікелей эфирде өтті.
«Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті ағымдағы жылдың 16 наурызынан бастап толығымен қашықтан оқытуға көшті. Қазіргі уақытта жатақханада тұратын студенттер үйлеріне оралды, жатақханада тек 47 шетелдік студент тұрып жатыр. Қашықтан білім беру үдерісінде «Univer», «Moodle» жүйелері және басқа да ақпараттық-коммуникациялық технологиялар қолданылады. Оқу кезінде оқытушылар мен студенттерде бірқатар қиындықтар туындады. Біріншіден, оқытушылар үшін қашықтан оқыту тәжірибесінің жетіспеушілігі. Мәселені шешу үшін университетімізде қашықтан оқытуға көшу бойынша дайындық жұмыстары жүргізілді, қашықтан оқыту платформалары бойынша онлайн-вебинарлар ұйымдастырылып, онлайн-оқыту бойынша кезең-кезеңімен нұсқаулықтар берілді, түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Қазіргі уақытта оқытушылар жұмыстың оңтайлы және алуан түрлерін (видео сабақ, өзіндік жұмыс, онлайн курстар) қол жетімді ақпараттық-коммуникациялық технологияларды (WhatsApp және Telegram, Zoom, Moodle, скайп, электронды пошта және т.б.) қолдану арқылы дағдыларын қалыптастыруда. Сонымен қатар біз оқытушыларды қағазбастылық пен есептік жүктемелерден босаттық. Екіншіден, ауылдық жерлерде тұратын студенттерімізді интернет және техникалық құралдармен қамтамасыз ету мәселелері жеке қарастырылып, университет барлық жағдай жасауда».
«Біз оқу жеңілдіктері туралы өтініштерді (белгіленген талаптарға сәйкес тиісті құжаттар негізінде) қарастырамыз. Бірақ мұнда мен университет өз кезегінде барлық оқытушылар мен қызметкерлердің жұмысын толық көлемде және тиісінше шығындарды төлеп жатқандығын атап өткім келеді. Университет төтенше жағдайға байланысты қызметкерлерді демалысқа жібермей, толық жалақы төлеуде. Сондықтан университетке толық табыс алу қажет. Екінші жағынан, оқу жылының басынан бастап 1500 студентке жеңілдіктер (350 миллион теңгеден астам) жасалды. Сондықтан да сіздер де бізді түсінулеріңіз керек», - деді ректор.
Авторы: Римма Жанбаева 18.04.2020 ж. Ақпарат көзі: bilim.expert
|