қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет / БАҚ біз туралы
06.05.2020

Жаңа бағдарлама - жаңашылдық бастауы

 


 

Ғылым мен білімнің дамуы - мемлекет өркендеуінің басты көрсеткіші. ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов «Отандық ғылымда жаңа серпіліс болады» деп жақсы жаңалығымен бөлісті. Расында да, ғылым мен білім саласына жаңа серпіліс қажет. Ғылымдағы жетістіктер, тың ғылыми зерттеулер, ғылыми жаңалықтар әрқашан білім беру жүйесіне еніп, білім беру мазмұны да жаңарып отыруы тиіс. Осы тұрғыдан Қазақстандағы педагогтер даярлайтын белді білім ордасы - Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің бағыттарының бірі де ғылым мен білім сабақтастығын үзбеу. Мемлекеттік тілді дамытуға қатысты ғылыми, саяси, әлеуметтік, ұлтаралық, мәдениаралық, әдістемелік мәселелердің зерттелуі мен оның нәтижелері қазақ тілін оқыту әдіснамасын дайындауда басты назарға алынып отырады.

 

Министр Асхат Қанатұлы ғылым саласының бәсекеге қабілетті болуына бағытталған 2020-2025 жылдарға арналған жаңа мемлекеттік бағдарлама әзірленгені туралы айтты. Осы хабарды естіп біз де қуанып қалдық. Жаңартылған білім мазмұны бойынша дайындалып жатқан білім беру бағдарламалары мен оқулықтар болашақ ұрпақтың жан-жақты білімді әрі зияткер тұлға болуға бейімдейтіні рас. Осы міндетке қол жеткізу үшін тиімді әрі сапалы әдістемелік кешен қажет. Ол үшін ғалымдар мен әдіскерлер етене тығыз байланыста жұмыс істеуге жағдай жасалуы тиіс және мүмкіндік берілуі керек. 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламада ғылым мен білім беру ісінің етене байланысы, яғни теория мен тәжірибенің тығыз сабақтастығы тұрғысынан ғалымдар мен мұғалімдердің ғылыми жобаны жүзеге асыруда, оқулық құрастыруда, зертханалық жұмыстарда бірлесе жұмыс жасауға тартылады деп сенеміз. Ғылыми зерттеулерге араласатын мұғалімдер де мектеп оқушыларына ғылыми жоба дайындауға, зерттеудің әдіс-тәсілдерін үйретуге мүмкіндігі туа бастайды.

 

Отандық ғылымға жаңа серпіліс жасауға мүмкіндік жасап отырған бас ұстазға сәттілік тілейміз!

 

 

Авторы: Қалбике Есенова,

филология ғ.д., профессор

06.05.2020 ж.

Ақпарат көзі: qazaq1913.com