Негізгі бет /
БАҚ біз туралы
28.05.2020 Жаңа форматтағы жыр кеші
Жуырда Ш.Есенов атындағы КМТИУ және Абай атындағы ҚазҰПУ ұйымдастыруымен ақын Төлеген Айбергеновтің шығармашылығына арналған «О, адамдар, біргемін мен сендермен!» атты әдеби танымдық кеш өтті. Кешке ақынның қызы ф.ғ.к., доцент Салтанат Айбергенова қатысып, естеліктерімен бөлісті. Белгілі актер Б.Есенәлиев ақын өлеңдерін оқыды, танымал әншілер С.Жанпейісова, Г.Сарина, Ә.Бекарыстанов, Ә.Өміров, А.Көшеров ақын өлеңдеріне жазылған әндерді орындады, Абай атындағы ҚазҰПУ профессоры Алпысбай Тамаев, Нөкіс университетінің оқытушысы Ә.Найзабаев Төлеген шығармашылығына ғылыми талдау жасады. Ш.Есенов атындағы КМТИУ докторанты Б.Жайлау арнау өлең оқыды. Кеш соңында студент-жастар Т.Айбергенов өлеңдерінен көркем сөз оқыды. Тікелей эфирде Қырғызстаннан, Өзбекстаннан, Қазақстанның түкпір-түкпірінен ғылым мен мәдениет саласы өкілдері қатысып, әсерлерімен бөлісіп отырды.
Қазақта: «Әр патшаның тұсында бір сұрқылтай» деген сөз бар. Академик Рәбиға Сыздықтың түсіндіруінше, сұрқылтай, дұрысы сұрғалтай «білімді, оқымысты адам» дегенді білдіреді екен, әр патшаның өзіне лайық ақыл-кеңес беріп, жол сілтейтін сұрқылтайы болады деген сөз. Біздің заманымыздың «сұрқылтайы» бүгінгі күні өміріміздің бір бөлшегі болып бара жатырған интернет-технология десек, қателесе қоймаспыз.
Статистердің көрсетуінше, фейсбукті пайдаланатындар саны Қазақстанда 2 млн-нан асып түссе, инстаграм жанкүйерлері 1,5 млн-ға жетіп жығылатын көрінеді. Бұдан 2-3 жыл бұрын «ақпараттық технология», «цифрландыру», «виртуалды кеңістік» деген ұғымдар біз сияқты «гуманитарлар» үшін алыстағы, қолжетімсіз әлем болып көрінсе, қазір виртуалды әлемнің түрлі белгілері ой-санамызды жаулай бастағанын еріксіз мойындауға тура келеді.
Қазақтың тағы бір дана сөзі: «Жеті жамандықтың да бір қайыры бар» деген. Бүкіл адамзат болып аты жаман дертпен арпалысқанымызға екі айдың жүзі болыпты. Үйқамақтың (Маңғыстауда «мырзақамақ» деген нұсқасы бар) еріксіз тұтқыны болған екі айда адамдар қайта түлеген Феникс сияқты, өмірге әлдеқайда басқаша көзбен қарай бастағандай сезіледі.
Адамдар бір-бірін, қызу тіршілікті, табиғатты сағынып оянғандай. Қазақ поэзиясына өзгеше өріс, тың тыныс, рухани төңкеріс ала келген айтулы ақын Төлеген Айбергеновтің шығармашылығына арнап, Ақтаудағы Ш.Есенов университеті мен Алматыдағы Абай атындағы ҚазҰПУ бірігіп ұйымдастырған «О, адамдар, біргемін мен сендермен!» атты әдеби танымдық кеш сондай ұлы сағынудың бір көрінісі болды. Себебі Төлегеннің өзі: «Сағыныш жайлы қайтадан толғау болар да бәлкім қолайсыз, Дегенмен, жаным, көгілдір дүние сағынбағасын арайсыз. Өмірде мынау сағынбағандар бақытсыз, бақсыз, талайсыз, Қазақтың жыры Абайсыз...» деп күллі дүниеге сағынышын тауыса алмай, сағыныштың қуатынан жанып кеткен, ерте үзілген ерекше ақын ғой.
Әрине, «заманына қарай амалы» дегендей, кешіміз ZOOM жүйесінде және фейсбук желісінде тікелей эфирде өтті.
Кештің бас қонағы, ақын: «Үйлендім. Балалықтан із қалмады, Жаңа өмір қол бұлғады бізге алдағы. Өмірге сен келдің де, гүлін жарды, Менің жас семьямның қызғалдағы», - деп, алғашқы әкелік жырын арнаған тұлабойы тұңғышы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Салтанат Айбергенова болды.
Қазақстанның, Қырғызстанның, Өзбекстанның мәдениет және өнер қайраткерлері, айбергеновтанушы ғалымдар, ақындар, ұлық поэзияның жанкүйерлері «виртуалды әлемнің» өлең атты мәртөбесінде мәртебелі жиын өткіздік. Рас, «заманның түзу кезі» болғанда, Төлеген ақынның жыр кеші Мұнаралы Маңғыстаудың төрінде, «Көшелерінде бояулар шіркін мол қандай, Құдай да болсаң, қарай алмайсың толғанбай. Жан-жағы толқын, Терезесінен теңізге, Секіріп кетсе болғандай», - деп Төлеген жырлаған ақшағалалы Ақтаудың салтанатты сарайларының бірінде дүбірлеп өтіп жатар еді.
Сәуле Жанпейісоваға «Аққайыңдарды» айтқызып, Гүлмира Саринаға «Сағынышты» салғызып, Байғали Есенәлиевтің орындауында «Ақындық», «Бір жетсе менің ажалым жетедіні» тыңдап, Асанәлі Көшеровтің «Ақерке Ақжайықты» айтқан әсем үніне елтіп отырмас па едік. Сол кезде Әбдірайым Өміров ақын ағаға арналған «Төлегенмен сырласу» әнін сызылтса, жас ақын Бақтыбай Жайлау: «Қауышты Каспийіне сағынышпен, Жүректегі жанартау-жарылыспен.
Теңіз де тебіреніп, қарсы алды ұлын,
Көретін Сағыныштың заңын үстем...» - деп өлең оқыр еді. Төлеген Айбергеновтің күйеу баласы, ақын Бауыржан Жақыповтың арнау өлеңін тыңдаудың да сәті түсер еді. Ақынның сағынышты жырына сусаған Маңғыстау бір серпіліп қалар еді... Бірақ үстіміздегі жылдың 15 мамыры күні ақын өлеңдері бір Маңғыстауды емес, екі миллион көрермені бар фейсбукті сілкінтті. 820 адам фейсбук парақшасында кешіміздің куәсі болып, ZOOM жүйесінде 30 адам тікелей қатысып, пікір білдіріп, сұрақ қойып отырды.
Кеште ақынның перзенті әрі ақын шығармашылығын зерттеуші ретінде Салтанат Айбергенова әкесі туралы тың естеліктермен бөлісті:
- Талантты ақын - ұлттың болмысы. Бірақ бұл бақыт кез келгеннің қолына түсе бермейтіні баршамызға аян. Көбіне таланттар өнермен ғана өмір сүріп, ғұмырын соған қияды, оның да нәтижесі аян: шеккен шынайы азап, жан құлшынысы бекерге кетпейді - мұраң мәңгілік сөресіне қойылады. Менің әкем Төлеген Айбергенов те - сондай мұрасы келер ұрпаққа аманат болып қалған ақындардың бірі. Ақын өмірі уақытпен, замана екпінімен өлшенбейді. Олар әр ұрпақпен бірге жасайды. Мен мұны әкем болғандықтан емес, артында қалдырған шағын болса да салмағы зор шығармашылығы арқылы айтып отырмын, - дейді Салтанат Төлегенқызы.
Ақынның өмірі де, өлеңі де жұмбақ әлем, сол әлемнің үзік сырларын басқа емес, ақынның перзентінің аузынан тыңдаудың өзі бір ғанибет. Ақын өлеңдерінің шығу тарихы әрқайсысы бір ғажап ертегідей. Салтанат айтқан үзік сырлардың ішінен «Сыр» өлеңінің туу тарихы кәдімгі «Мың бір түнге» бергісіз, анау-мынау көркем әңгімеге сұранып тұрғандай.
- Мамам мен әкем бір курста оқиды, кейде сабаққа бірге дайындалады. Ол кезде кітаптың да тапшы кезі. Екеуінің де бір-біріне деген көңілдері таза, араларында үлкен сыйластық, достық бар. Неге екені белгісіз, жазғы демалыстан әкем көңілсіз оралады. Ештеңеге онша зауқы жоқ. Мамам не болғанын сұрауға бата алмайды, бірақ бір сыр бар екені анық. Бір күні әкем өзінен-өзі: «Үрниса, мен саған айта алмай жүрген бір сырым бар еді», - дей бергенде, мамамның жүрегі зу етіп, «тыңдау керек пе, жоқ па?» деген ой сап ете қалады. Не де болса, білейін деп, «Иә, айт!» - дейді. Әкем бірден баяндауға көшеді: «Менің әкем кезінде туған жерінде сегіз құлыпты ұстаған абыройлы кісі болған. Сол бастық болып тұрғанда, нағашы жұртым Әлімбетовтермен жақсы араласқан.
Дариғаның күйеуі бір салмақты адам екен. Әкемдер көп ұзамай, Алматыға да көшіп келеді. Көшіп келді деген аты болмаса, әлі үй де ала қоймаған. Сол үй іздеу қамында жүргенде, Дариға да анасымен, інісімен Алматыға қонаққа келгенін естиді. Ол кезде үй де табыла қоя ма, әрең дегенде Алатау деген жерден (қазіргі Байсейітов пен Абай көшесінің оң жақ беті) үй табылып, соны сатып алып, кірген күні Дариғаларды қонаққа шақырса, олар ауылдарына қайтып кетіп қалған екен. Бұған әкем қатты қиналып қалады да, содан бірер күнде «Сыр» деген өлеңін жазады.
Құм басқан меңіреу шөлдерде,
Атылып қалған армандай,
Сен жақтан тоғыз толғанда ай,
Тоқтады хаттар ормандай.
Тоқтады хаттар мертігіп,
Қанаты сынған кептердей,
Бұрауы түспей шертіліп,
Үзіліп кеткен шектердей...
Жаныма қап ең жақын боп,
Жүректе бүгін сыздау көп.
Мен болсам, кеттім ақын боп,
Азырақ бақытсыздау боп, -
деп, ақынды аһ ұрғызған арманды арудың «Сыры» осындай екен!Төлеген шығармашылығында Маңғыстау тақырыбы айрықша. Ақынның Шәмшіге арнауында: «Қойнына сұқсыр жасырған шалғай көл жағасындағы жекендей, Бұл өзі бізді ынтызар қылған мекен ғой. Табанын мынау мұнайға басқан мұнараларға қарашы, Аспан дегенің қашық та емес екен ғой..» - деп жырлаған, «Кезім менің! Жатырсың жырақты ашып, Қызыл гүлді барады қыр ап қашып.
Жиырмасыншы ғасыр жүр Маңғыстауда, Мұнаралар басына шырақ тасып!» - деп толғанған, «Мен қара төспін, қайғыдан бақыт жасаған, Шатырлап жатқан найзағайлы аспан босағам, Мен жарық Жермін Жаңғырықтарға үн қосқан, Төбемді көрсе түн қашқан!» - деп шамырқанған, «Қателессең тартып отырған күйіңнен, Керілдесіп қалады екен Адайлар. Шақыртып алып ару қыздарын сонан соң, Бармағынан от ойнар, Күй сұрайды екен атойлар», - деп тамсанған жырлар ақынның осынау қастерлі мекенге деген шексіз махаббатын танытса керек. Бұл жырлар қазіргі Маңғыстау жастарының әнұранына айналған.
Ақынның Шәмшімен бірге Маңғыстауға келуі өз алдына бір қызықты хикая. 55 жыл өтсе де Маңғыстаудың ойы менен қырында аңызы әлі өшкен жоқ.
«Көкірегі толы күмбір жырлары қоңыраулатқан» (Фариза) Төлеген ақын мен ән патшасы Шәмші келгенде, Маңғыстау елі төбелеріне көтерген, Өтежан Алшынбаев, Танаш Меңдібаев, Шүкірбай Асанов, Лазарь Елмұханбетов, Ізбасар Шыртанов, Жетібай Жылқышиев т.б. жаны жайсаң жігіттер ақын мен әншінің жанында жүрген. Шевченко (Ақтау), Өзен, Жетібай, Таушықта болып, Маңғыстаудың ойы мен қырын жаңғыртып өлең оқыған, ән салған. Төлегеннің:
Таушықтың сансыз тауында
Тұлпарлар қалды ақтабан.
Жайықтың жағалауында
Қарағай қалды қаптаған.
Қарадым көкке кезелген
Мұнараларға міз бақпай,
Жетібай менен Өзеннен
Шатырлап өттім түзгі оттай,
- деген ерте көктемнің найзағайындай жарқ-жұрқ еткен жасын жырлары сонда туған. Маңғыстаудың ойындағы Шынжыр төрткүлдің басында да гулеген жиын болған, «түзгі оттай» шатырлаған өлеңдер оқылған. Сол оттардың жаңғырығы «ұрған» осы өңірдің перзенті, айтулы Айт-Ман (Светқали) ақын: «Көгілдір қырдың қанатын керегем керіп, Тыраулап тырна бастаған төбеден жорық. Мұнаралы қырдың жұпары бұрқ етті бір күн, Алматы жақтан Шәмші мен Төлеген келіп...» деп жыр төккен. «Ән қалды түнгі аққудың сұңқылында аққан, Жыр қалды талдың бүрінде кірпігін қаққан. Төлеген-жыр мен Шәмші-әнге елітіп сонда, Сәби ек біздер бесікте бұлқынып жатқан» дей келіп: «Ән мен Жыр болып біз енді толғанамыз да, Қараймыз толқып мұнарлы сар даламызға. Бастаймыз сосын сапарды - жалғанамыз да, Төлеген менен Шәмшіден қалған Аңызға» деп өзі түйіндегендей, ол Төлеген-жырдың рухы қалған Шынжырда 4 том поэзиялық жинақ дүниеге келтіріп, оның ішінде бірнеше жырын Төлегенге арнаған.
Төлеген-жыр тәрізді туысқан Қарақалпақстан елінен атамекен Маңғыстауына шалдығып жеткен, Төлеген жырларына оранып, сабылып жеткен филология ғылымдарының кандидаты марқұм Рахмет Аяпбергенов Төлегеннің тұтас поэзиясын жатқа оқып, тұма бұлақтың тұнығына бойлап, кейін Төлеген Айбергенов шығармашылығына арналған зерттеу еңбек жазған.
Әлқисса, жыр кешімізге қайта оралайық...
Әлеуметтік желіні жаңғыртып Төлеген өлеңдеріне жазылған әндер орындалды. Ақын жырлары оқылды. Естеліктер айтылды. Педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Алпысбай Тамаев Төлеген өлеңдерінің текстологиясы, Тараздан ғалым Әлімбай Найзабай төлегентанудағы өзекті мәселелері туралы ғылыми ойларын ортаға салды.
Кештің соңында Абай атындағы Алматы ұлттық педагогикалық университетінің кафедра меңгерушісі, ф.ғ.д., профессор, академик Р.Сыздықтың шәкірті Қалбике Есенованың сөзі талайлардың жүрегін қозғағаны сөзсіз.
Маңғыстаудың өте талантты перзенті Қаныгүл Жаманбаева деген ғалым болды. Өмірден ерте озды. Оның қазақ тіл біліміне жаңа бағыт ала келген зерттеу еңбектеріне екінің бірінің тісі бата бермейтін. Ғылым соңына түскен талай ізденушілерге қайырымы тиген, Адай қыздарына тән өжеттік пен биязылық, ғалымға тән сарабдал сырбаздық бір бойынан табылатын ерекше жан еді. Өмірінің соңында инсульт алып, тілі күрмеліп қалды, сонда да жұмыстан қалғысы келмеді, елге алып кетеміз деген туыстарына көнбеді. Тілі күрмеліп, дұрыс сөйлей алмай қалғанына намыстанып, кей күндері автобусқа отырмай, Абай - Правдадағы жатахқанадан А.Байтұрсынұлы атында Тіл білімі институтына жаяу келген кездерін де көріп жүрдік.
Қалбике Өмірқызы айтады: «Институтта бір жиын болып, дастархан басында отырдық. Ән салынып, өлең оқылып дегендей... Ортамызда Қаныгүл бар, көп сөйлей алмайды. Кенет Қаныгүл орнынан атып тұрып, Төлегеннің «Сағынышын» оқи жөнелді. Тілі еш мүдірген жоқ. Бәріміздің үніміз шықпай, тілсіз қалдық. Тамағымызға өксік тығылып, көз жасымызды әзер іркіп отырмыз. Өңі бал-бұл жанып, көзі ұшқындап, Қаныгүліміз өлең оқып тұрды... Кейіннен Қаныгүлден: «Неге басқа емес, Төлегеннің жыры?» деп сұрағанымда, Қаныгүл: «Төлеген менің тағдырым ғой», - деді. Қаныгүл Маңғыстаудың қызы еді, содан ба екен, әлде өмірі Төлеген сияқты ерте қиылатынына көрінді ме, Төлеген жырларын ерекше жақсы көрді. Тіпті күрмелген тілі де Төлегенді оқығанда бір сәтке шешіліп кетті...»
Міне, құрметті оқырман! Дертті жүректі сауықтырып, күрмелген тілді де сайрататын қазақ өлеңінің, Төлеген-жырдың құдіретіне бас иіп, кеш туралы мөлтек сырымызды біз де аяқтаймыз.
О, адамдар, біргемін мен сендермен,
Ықыласыңа ешнәрсені теңгермен.
Сендер менің бақытымның бұлағы,
Сендер менің дарыныма жол берген...
Гүлстанға айналдырған тақырды,
Болат қолдар, алғыр милар ақылды.
Сүйемін мен, сүйемін мен сендерді,
Алар демім қалғанынша ақырғы...,
- деп соққан Төлеген-жүректің дүрсілі сембесін, Төлеген-жырдың жарқылы сөнбесін деп тілейік.
Авторы: Бибайша Нұрдәулетова, Филология ғылымдарының докторы, Профессор 28.05.2020 ж. Ақпарат көзі: egemen.kz
|