Негізгі бет /
БАҚ біз туралы
12.06.2020 «Келешекте қашықтан оқытудың мәртебесі артады» - Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры Такир Балықбаев
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде қашықтан оқуға көшу жеңіл болды. Себебі бізде көп жылдан бері Univer және Moodle ақпараттық жүйелері жұмыс істейді және білім беруді ұйымдастыруды қамтамасыз етеді.
- Такир Оспанұлы, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің кезекті отырысында білім беру, ғылым және денсаулық сақтау мәселесіне үлкен назар аударды. Бұл осы салалардағы түйткілді мәселелердің шешімін табуға серпін бере ала ма?
- Ел Президентінің Ұлттық кеңес отырысын арнайы осы мәселелерге арнағаны олардың өте өзекті екенін көрсетті. Қазіргі таңда адами капитал жай бір ұғым болып қалған жоқ, бұл экономика дамуының басты факторына айналды. Ал адами капиталдың негізінде жатқан білім беру, ғылым және денсаулық сақтау саласындағы көптен бері қордаланып қалған мәселелер талқыланып, біраз шешімдер айтылды. Бұл біз үшін жаңа серпіліс беретін, болашаққа сеніммен қарайтын кездесу болды.
Еліміздің білім саласына келетін болсақ, ол тәуелсіздік жылдары үздіксіз дамып келеді, көптеген жетістіктерге жетті. Бұл саланың жұмысы нашар дегендермен келіспеймін. Біріншіден, жастарымыздың бәрі толыққанды орта білім алып жатыр. Сосын олар еліміздің және әлемнің жоғары оқу орындарына оқуға түсіп, үздік көрсеткіштер көрсетіп, білімдерін дәлелдеп жүр. Білім беру жүйесінің негізгі мақсаты - сапалы білім беру.
Техникалық-кәсіптік білім беру жастарды еңбек нарығына дайындау мәселесін шешуде. Елбасының тапсырмасымен мектеп бітірген балаларға бірінші мамандықты ақысыз беру соңғы жылдары олардың еңбек нарығына белгілі бір мамандық алып, толыққанды еңбек етіп кетуіне мүмкіндік беруде.
ЖОО-ға келер болсақ, біздің 10 университетіміз QS рейтингі бойынша әлемнің үздік 1 000 университетінің қатарында. Президент сол университеттер 500 үздіктің қатарына кірсін деген тапсырма беріп отыр. Менің ойымша, біздің университеттер бұл мәселені де шеше алады. Білім саласы туралы басқа да көптеген мысалдар келтіруге болады.
Бұл саладағы ең үлкен мәселенің бірі - педагогтердің статусы. Өкінішке қарай, тәуелсіздік алған жылдары біздің мұғалімдеріміздің жалақысы мен әлеуметтік жағдайы, басқа мәселелер жағынан қоғам алдында орындары төмендеп қалды. Білім беру жүйесін көтереміз десек, білім беру мекемелерін құру, сапалы білімге мүмкіндік беру, педагогтердің статусын көтеру жағынан әлі де істейтін жұмыстарымыздың көп екені анық.
- Алдағы уақытта педагогика мамандығында оқитын студенттер шәкіртақысының өсетіні, жылдан-жылға мектеп мұғалімдерінің жалақысы өсіп келе жатқаны жастарды мехнаты көп, жалақысы аз салаға барғысы келмейтін жағдайдан арылтып, білікті, өз кәсібін сүйетін мектеп мұғалімдері қатарының көбеюіне мұрындық бола ала ма?
- Әрине. Бүгінгі әңгімеде ауылдық жерге көбірек мән бергім келіп отыр. Ауылдарда нақты жұмыс істеп тұрған бірнеше ғана бағыт бар, ол - ауыл шаруашылығы, шағын бизнес пен кейбір мекемелер. Соның бірі - мектеп. Тоқырау жылдары мектепке келген көптеген мұғалімдердің арнайы дайындығы жоқ, біліктілігі төмен болды. Қалада да талантты мұғалімдердің көбі мектептің жалақы және кәсіби өсу жағынан мүмкіндіктері төмен болғандықтан басқа салаға кетіп жатты. Қазір біліктілікті арттыру туралы арнайы жүйелер жұмыс істеп жатыр. Егер жалақыны көтеретін болсақ, жастардың көбі өзі таңдаған кәсібімен түпкілікті айналысып қалар еді. Бұдан мектептегі мұғалімдер тек жалақыға, қаржылық-әлеумет-тік жағдайына байланысты жүр деп ойламау керек. Олардың арасында өз ісіне берілген, өз кәсібін нақты сүйетін кісілер өте көп. Оларға біліктілігін арттыруға, жалақы және әлеуметтік жағынан ерекше жағдай жасасақ, білікті мұғалімдердің қатары көбейеді. Қазір педагогика мамандығын бітірген көптеген жастарымыз мектепке баруға ұмтылып жатыр. Бұл ұстаз болуға қызығушылықтың артып келе жатқанын білдіреді.
Ұстаздардың мәртебесі туралы айтылғанда қазіргі пандемия жағдайы мұғалімдердің еңбегін қалай бағалау керегін көрсетіп берді. Өйткені ата-аналар бала-ларға білім беруде мұғалімдердің еңбегі орасан екенін сезінді. Алдағы уақытта ұстаздар мен ата-аналар бірін-бірі түсініп, бірігіп жұмыс істейді деген үмітім бар.
- Төтеннен келген пандемия жағдайында қашықтан оқыту жүйесіне көшуге мәжбүр болдық. Қалыпты оқыту жүйесінен бірден қашықтан оқу әдісіне көшу қанша-лықты қиынға соқты? Амалсыз көшкен бұл жүйе студенттердің сапалы білім алуына салқынын тигізіп үлгерді ме? Әлде, әлем электронды үкіметке қарай ойысып жатқан шақта қашықтан оқыту жүйесінің де оңтайлы тұстары бар ма?
- Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде қашықтан оқуға көшу жеңіл болды. Себебі бізде көп жылдан бері Univer және Moodle ақпараттық жүйелері жұмыс істейді және білім беруді ұйымдастыруды қамтамасыз етеді. Сонымен бірге заманауи коммуникациялық Sкype, Zoom жүйелерін пайдаланып, көптеген онлайн сабақтар өткіздік. Дегенмен жасы егделеу, компьютерді терең меңгермеген ұстаздарымызға қиындықтар туғызды. Біз оларға арнайы сабақтар өткіздік. Университет студенттерінің 70 пайыздан астамы ауылдық жерлерде тұрады. Олар біздің жүйеге кіру кезінде қиындықтар туды, кейбір ауылдарда интернет өте нашар болды. Студенттер отбасылары компьютермен не ноутбукпен толық қамтамасыз етілмеген. Дегенмен біздің жүйелерге гаджеттермен мобильді байланыс арқылы кіру үшін арнайы бағдарлама жасағанымыздың арқасында бұл жерде де тығырықтан шығып кеттік. Бұл кездегі біздің ең негізгі мақсатымыз - студенттерді толыққанды білім беру жүйесімен қамтамасыз ету және білімнің сапасын төмендетіп алмау. Бірден қашықтан оқу жүйесіне көшу білім сапасына кері әсер етпеді деу қиын. Өйткені аяқастынан болған жағдайда бетпе-бет білім беруді жалғастыру қиын болды. Ұстаздарымыз тіпті уақытпен санаспай күні-түні жұмыс істеді. Өйткені студенттердің сұрақтары кез келген уақытта пайда болып, тапсырма орындауда қиындықтар туындап жатты. Дегенмен біз студенттердің өздеріне қойылған талаптардың бәрін орындауын қамтамасыз еттік.
Қашықтан оқытудың да өзіндік оңтайлы тұстары бар. Студенттерді аудиторияда сабақтармен отырғызбай, көптеген нәрселерді қашықтан беруге, сөйтіп жаңа идея ретінде айтылып жүрген blended learning - аралас оқытуды енгізуге мүмкіндік туып жатыр.
Қазіргі таңда «Пандемиядан кейін қалай болады? Студенттер аудиторияға қайта келе ме? Әлде, қашықтан оқу жүйесінде қала ма?» деген басты сұрақ болып тұр. Әрине, алдағы уақытта қашықтан оқытудың орны да, мәртебесі де артады. Дегенмен университеттер мен мектептер білім ордасы ретінде сақталып қалады. Өйткені студенттердің негізгі білімді алатын, азамат ретінде қалыптасатын, әлеуметтік жағынан дамитын жері - осы оқу орындары. Университеттің мәдениеті, білім беру ортасының мәдени немесе психологиялық жағынан әсерін қашықтан оқыту бере алмайды. ТЖ кезінде студенттермен бірнеше рет онлайн кездесу өткіздім. Олардың ең басты сұрағы: «Ағай, университетке қашан қайтамыз?» болды. Олар ұстаздарымен тікелей жұмыс істегеннің қаншалықты маңызды екенін жақсы түсінді.
Қашықтан оқытудың да өзіндік оңтайлы тұстары бар. Студенттерді аудиторияда сабақтармен отырғызбай, көптеген нәрселерді қашықтан беруге, сөйтіп жаңа идея ретінде айтылып жүрген blended learning - аралас оқытуды енгізуге мүмкіндік туып жатыр. Бұл жағдайда практикалық оқытуды көбейтуімізге болады. Мысалы, университетте IV курс студенттерін жыл бойы төрт күн мектептерге практикаға жіберіп, екі күн университетте теориялық білім алатын жүйе енгізгенбіз. Енді студенттер практика кезінде университетке келмей-ақ, қашықтан тапсырмаларын орындайтын жүйеге көшпекпіз. Сонда студенттер университетке жыл басында, сосын ортасында бір аптадан келіп, сол уақытта тапсырмалар мен аралық бақылауларды орындайды және семестрдің соңында сессия тапсыруға келеді. Басқа уақытта тек практикада жүреді.
Алдағы уақытта білім беруде дәстүрлі әдіске қосымша қашықтан оқытуды да пайдаланғымыз келеді. Бұл әдіс студенттердің өзіндік жұмыстарының маңызын, жауапкершілігін арттырды. Бұрынғыдай топпен бірге жүріп тапсырмаларын орындайтын жағдай жоқ, әркім өзі үшін жауап береді. Студенттер өз бетінше білім алуға, өзін-өзі дамытуға бейімделді. Қашықтан оқытудың көп мүмкіндіктері бар. Бұл әлемдік үздік тәжірибелерді алудың жақсы жолы екен. Қазір 6-7 елдің ғалымдары бірігіп, конференция өткізіп жатырмыз. Олар өз ой-пікірлері мен ғылыми жетістіктерін ортаға салады. Бұрын мұндай конференцияларды өткізу үшін бір елде жиналып, бірі келіп, екіншісі жеке жағдайына байланысты қатыса алмай қалып жататын. Қазір белгілі бір тақырыпты белгілеп, бірер сағаттың ішінде әлемдік деңгейдегі кездесулер өткізіп жатырмыз. Бейнеконференциялардың мүмкіндігі зор екеніне көзіміз жетіп отыр, оны алдағы уақытта пайдаланатын боламыз.
- Қазір тағы да сын сағатта тұрмыз. Мектеп түлектері ҰБТ тапсырып, қалаған мамандықтарын игеруге бағын сынайды. Талапты, бірақ сынақтан сүрініп қалған жастарға қандай да бір жеңілдіктер бар ма? Бұдан бұрын «Алтын белгі» иегерлеріне жеңілдіктер қарастыруға бастамашы болғаныңыздан хабардармыз. Биылғы талапкерлерді қандай жаңалықтар күтіп тұр?
- Иә, биылғы талапкерлер ерекше жағдайда сынақ тапсырғалы отыр. ҰБТ санитарлық тәртіпті қатаң сақтау жағдайында өтеді. Ал грантқа конкурсқа және университетке түсуге өтініш беру онлайн түрде өтеді. Біз барлығын осылай ұйымдастырып, талапкерлерге толық жағдай жасауға дайынбыз.
Ал ақылы бөлімге түсетін жастарға арналған көптеген жеңілдіктеріміз бар. Ең алдымен, үздік оқыған, ҰБТ-дан жоғары балл жинаған балаларға келесі жеңілдіктер қарастырылған. Мысалы, «Алтын белгімен» бітірген, бірақ грантқа ілінбей қалған балалар бізде бір жыл ақысыз оқиды. Әрі қарай өзінің білімін дәлелдеп, үздік оқып жатса, одан әрі ақысыз оқуды жалғастыра береді. Тек өткен жылдың өзінде осындай жеңілдіктердің арқасында 545 «Алтын белгі», «Үздік аттестат», «Үздік диплом» иегерлері оқуға түсті. Оның 400-ден астамы педагогикалық мамандықтарды игеруде. Бұл балалар білім, маман сапасын көтереді. Мұндай жеңілдіктерді биыл да жалғастырамыз. Сонымен қатар ҰБТ-дан 110 балдан жоғары жинаған балаларға да 50 пайызға дейін жеңілдік береміз. Әлеуметтік жағынан жеңілдіктер де қарастырылған. Өткен оқу жылында 1 600 балаға жеңілдік бердік. Университеттің әлеуметтік жағынан өзіндік осындай саясаты бар.
- Осыдан біраз бұрын бастамашы топпен бірге Алматы қаласындағы ЖОО жатақханаларының жайымен танысқанбыз. Сол кезде аядай бөлмеде бес-алты баладан тұратын, тіпті санитарлық нормаға сай келмейтін жатақханаларды да көзбен көрдік. ҰПУ өз студенттерін жатақханамен қаншалықты қамтамасыз етіп отыр?
- Университеттің бес жатақханасы бар. Оның үшеуі 60-жылдары салынған. Өкінішке қарай, жатақханада орын аз. Бүгінде студенттердің 30-40 пайызын ғана жатақханамен қамтамасыз ете аламыз. Негізгі ережеміз бойынша 1-курсқа қабылданған студенттердің бәрін міндетті түрде жатақханамен қамтамасыз етуіміз керек. Жатақханаларда студенттерге барынша жағдай жасауға тырысып жатырмыз. Елбасы Н.Назарбаевтың бес әлеуметтік бастамасының бірі - студенттерге жатақхана салу мәселесі біз үшін өте маңызды. Қазір бір жатақхана құрылысын бастадық. Алдағы уақытта тағы да жатақхана салып, бұл мәселені шешетін боламыз.
- Жоғары оқу орындарын тәмамдаған жас мамандардың өмірде өз орнын тауып кетуі - үлкен мәселе. Сіз басқаратын оқу орнындағы «Мансап орталығы» осы мәселенің түйінін шешкен сыңайлы.
- Иә, «Мансап орталығының» жұмысы жақсы жүріп келеді. Өткен жылғы түлектеріміздің 97 пайызы жұмысқа тұрды немесе магистратураға түсті. Бұл - өте үлкен көрсеткіш. Республика бойынша бұл көрсеткіш 80 пайыздың шамасында. Бұл нәтижеге жетуімізде «Мансап орталығының» рөлі үлкен. Орталық тек Алматы қаласының мектептерімен ғана емес, Нұр-Сұлтан қаласының және барлық облыстардың мектептерімен жұмыс істейді. Биыл университетті 2 мыңдай бала бітірсе, қазірдің өзінде оларға 4 300-ден астам сұраныс түсті. Сұраныс болған соң түлектердің таңдауы көп. «Мансап орталығы» басқа педагогикалық мамандық дайындайтын университеттердің жастарын да сол бағытқа жіберіп жатыр. Демек, бұл орталықтың ауқымы кеңейіп, аймақтық болып келеді. Осыдан екі жыл бұрын біздің университет, облыстардың білім беру басқармалары мен ЕDTEСH білім беру орталығымен бірлесіп «Білім беру» альянсын құрғанбыз. Альянс ауқымында кәсіби бағдар беру, мамандар дайындау және оларды бағыттау істерімен айналысамыз. Қазір облыстық білім беру басқармалары бізге тікелей байланысқа шығады. «Мансап» деген мобильдік қосымша бар. Жоғары курс студенттері сол қосымшадан қай жерде бос жұмыс орындары бар екенін біліп отырады. Бұл әдіс жас мамандардың кедергісіз жұмысқа орналасуына үлкен мүмкіндік тудырып отыр. - Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан 12.06.2020 ж.
|