қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет  Жаңалықтар
15.06.2020

Алматыда короновирус індеті жағдайында ЖОО
қызметін ұйымдастыру мәселесі талқыланды

 

2020 жылдың 12 маусымы күні Алматы аймақтық ЖОО ректорлары Кеңесінің бастамасымен Алматы қаласының бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшинмен онлайн-кездесу өтті. Іс-шара Алматы қаласы Қоғамдық даму департаментінің қолдауымен ұйымдастырылды. Күн тәртібінде карантин кезеңінде Алматы қаласының жоғары оқу орындарының қызметін ұйымдастыру болды.


Жиын жұмысын Алматы аймақтық Ректорлар кеңесінің төрағасы, Абай атындағы ҚазҰПУ ректоры Такир Балықбаев ашып, эпидемиологиялық жағдайда жоғары оқу орындарының қызметін ұйымдастыруға қатысты бірқатар өзекті мәселелерді атап өтті.


Алматы қаласының бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин Алматы қаласындағы эпидемиологиялық жағдайға толық түсінік беріп, коронавирустық инфекцияның таралуы туралы қысқаша болжам айтты.


Бас санитарлық дәрігердің айтуынша, Алматы қаласы бойынша жоғары қауіптілік сақталуда. Төтенше жағдайдың тоқтатылғанына қарамастан карантиндік шектеулер әлі де жалғасуда. Бірақ соңғы 10 күнде індетке шалдыққандардың саны 2% құрады.


Жандарбек Бекшин сөзін қорытындылай келе университет басшыларына санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды, маскалық режимді және әлеуметтік қашықтықты қатаң сақтауға шақырды. Халық көп жиналатын орындарға барудан және мәдени шараларды ұйымдастырудан барынша бас тарту қажеттігін атап өтіп, жоғары оқу орындарының қызметін ұйымдастыруда оқу ғимараттарын үнемі желдету және ауа баптау жүйесімен қамтамасыз етіп отыруды ескертті.


Кездесу барысында қатысушылар тарапынан Бас санитарлық дәрігерге студенттердің жазғы демалысын ұйымдастыру, талапкерлердің құжаттарын оқуға қабылдау бойынша Қабылдау комиссиясының жұмысын ұйымдастыру және түлектерге диплом табыстау рәсімін өткізу мәселелері төңірегінде сауалдар қойылды.


Өз кезегінде, Жандарбек Бекшин қойылған сұрақтарға жан-жақты жауап беріп, қаладағы эпидемияға қарсы жағдайда университеттердің алдағы жұмыс алгоритмін бірлесіп әзірлеуді ұсынды

 

   

 

   

 

   

 

Тәрбие, әлеуметтік жұмыстар және
жастар саясаты жөніндегі департамент