қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет / БАҚ біз туралы
03.07.2020

Такир Балықбаев: Елбасының ерен ерлігі

 


1989 жылғы маусым айында Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Бірінші хатшысы болып сайланған, бұған дейін бес жылдай Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы болып қызмет істеген жап-жас болашақ Ел басшысы Нұрсұлтан Назарбаев осы пленумда сөйлеген сөзінде көп нәрсеге халқымыздың көзін ашты. Арыға бармағанның өзінде, Кеңес Одағының құрамында болған жетпіс жылдан сәл астам уақыттың ішінде Қазақстанда өндірілген қазба байлықтың 93 пайызы Ресейге кетіп, оның бар болғаны 7 пайызының құны ғана өз елімізде қалады екен.

 

Қазақтың ұлан байтақ даласында Менделеевтің периодтық кестесінде көрсетілген 104 элементтің бәрі бар. Алтын, күміс, полиметалл, мыс, қорғасын, мырыш, титан, магний сияқты түсті метелдардан бастап қара металдардың түр-түрі кездеседі. Фосфор, мұнай, көмір, газдан бастап отын-энергетика шикізатының бәрі бізде өндіріледі. Алайда, Қазақстанда осы жерасты қазба байлығын өңдейтін бірде бір зауыт немесе өңдеуші кәсіпорын салынбағандықтан, оның бәрі Ресейдің өңдеуші зауыттарына жөнелтіліп жататын. Бұл экономикалық тәуелділіктің бір көрінісі болса, ал әлеуметтік, идеологиялық-саяси және рухани бодандығымыздың шынжыры бұдан да берік болатын.

 

Сырттай өз қолымыз өз ауызымызға жететін, ойдағымыз орындалатын тәуелсіз елміз деп мардымсысақ та, ішкі дүниеміз қоңылтақсып тұратыны жасырын емес еді. Сонау патшалы Ресейдің басқыншылығына, зорлық-зомбылығына қарсы көтерілген қазақ халқының ұлт азаттық көтерілістері мен қозғалыстары бостандық аңсаған халықтың арман-мұңының, іштей бұлқынуы мен шамырқауының айқын көрінісі болатын. 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі Кеңестік тоталитарлық жүйеге қарсы халық бұлқынуының шырқау шегіне жеткен кезі еді. Жалпы, қазақ тарихында Ресейдің бодандығына қарсы әр аймағымызда 300-ден астам бас көтерулер болыпты.

 

1991 жылы Кеңес Одағы тарап, оның құрамындағы 15 республика сияқты Қазақстан да өз тәуелсіздігін жариялаған кезде, оның жеке дара мемлекет болып, аяғынан тұрып кетуіне сенімсіздік басым еді. Өйткені екі жыл бұрын ғана Қазақстан Компартиясы Орталы Комитетінің Бірінші хатшысы болып, ел тізгінін ұстаған Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіз мемлекеттің Президенті болып сайланған кезде ел экономикасы құлдырау шегінде тұрған. Осыған орай «Қазақстан өз бетінше күн көре алмайды» деп ұшқары пікір айтқан саясаткерлер де аз болмады. Алайда Президент Н.Назарбаевтың сарабдал саясаты мен қажырлы еңбегінің арқасында аз ғана жылдар бедерінде сол күмән-күдіктің бәрін жеңіп, болашағы жарқын мемлекеттердің біріне айналдық. Орталық Азиядағы көшбасшы ел ретінде танылдық. Әлем елдері Қазақстанмен дипломатиялық қарым-қатынастар жасай бастады. Қазақстан тыныштық пен тұрақтылық берік ұялаған жерұйық мекенге айналды.

 

Елбасы ең алдымен жас мемлекетіміздің шекарасын шегендеп, айналасын қымтап берді. Ресей, Қытай секілді алпауыт елдермен шекара бөлісу оңай болмағанын әркім-ақ іштей сезеді деп ойлаймын. Дегенмен Тұңғыш Президентіміз бұл мәселені у-шусыз әдемі шешіп берді. Өзіміздің ежелгі көршілеріміз ­- Орталық Азия мемлекеттерімен де жылы рәуішті келісіммен шекара сызығын белгілескен жайымыз бар. Әрине, мұның бәрі Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың дарынды дипломаттық қабілеті мен ерекше еңбегінің жемісі деп білемін. Н.Ә.Назарбаев бастаған жас мемлекетіміз әлемде бірінші болып ядролық арсеналдан бастартып, дүниені дүр сілкіндірді. «Ең жақсы патша ­- өз халқына мылтықтың дауысын естіртпеген патша», - деген халық даналығы осындайда айтылса керек.

 

Қазақстан басшысының Біріккен Ұлттар Ұйымының бас мінберінен ядролық қарусыз дүние орнатуға шақырған Үндеуі де еліміздің бейбітсүйгіш саясатының айқын дәлелі ретінде төрткүл дүниенің көкейінен шықты. Осыған байланысты АҚШ-тың 2009-2017 жылдардағы Президенті Барак Обама: «Н.Назарбаев ядролық қаруларды таратпау мәселесінде әлемдегі үлгілі көшбасшылардың бірі болып табылады. Қазақстан ядролық қарудан бас тартып, қауіпсіздік пен экономикалық өркендеуге қол жеткізуде үлгі бола алады», - деді. Ал Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Пан Ги Мун біздің Президентіміз Н.Ә.Назарбаевқа арналған жүрекжарды лебізінде: «Сіз тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін ядролық қарудан өз еркімен бас тарту туралы өте дұрыс әрі көрегенді шешім қабылдадыңыз, сондай-ақ Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құру бастамасын ілгерлетуге ықпал еттіңіз», - депті.

 

Тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың жас мемлекетіміздің қалыптасуына, нығаюына, дамуына сіңірген еңбегі, бұл жолда жасаған ерлік істері өлшеусіз десек, соның бірі оның Арқа төсінде жаңа Елордамыз ­­- Нұр-Сұлтан қаласын салуы болатын. Аз уақытта әлемдік сәулет өнерінің ең озық үлгілері бойынша «тотыдайын таранып, сұңқардайын сыланған» ғажайып шаһардың дүниеге келуі, шынында да, Елбасының нағыз ерлігі деуге болады. Бұл туралы белгілі мемлекет және қоғам қайраткері М.Жолдасбеков Ақорданың ашылу салтанатында былай деген еді: «Біз еліміздің жаңа бас ордасының табалдырығын «бісіміллә» деп аттап, таңғажайып оқиғаның куәсі болып отырмыз. Тәуба дейміз бұған. Кеше ғана өңіміз түгіл түсімізге кірмеген Ақордамыздың төрінде еңсе тіктедік. Ғажайыптар ертегілеріндегі қиялдардың өзі жете алмайтын шындықты бастан кешіріп тұрмыз. Астана шаһарымыз бүгінде құлашын көкке сермеп, қанатын кең жайып, кешегі ғұндар мен сақтардың, байырғы түріктердің қара шаңырағы - Дешті Қыпшақты, байтақ қазақ жерін күн өтіп, күн асқан сайын, ай өтіп, ай асқан сайын, жыл өтіп, жыл асқан сайын нұрландырып, туған еліміздің асқақ келбетін айқындап, айбарына айналып келеді».

 

«Қаншама қиындықты бастан кешіріп отырғанына қарамастан, жер бетінде Қазақстаннан басқа екі мың жылдықтың тоғысында астанасын көшірген бірде-бір ел болған жоқ. Бұл нағыз батырлық еді. Ешбір елдің басшысы осындай ұлы көшке аласапыран, қиын-қыстау, қысылтаяң кезеңде жүрегі дауламас еді. Бас қала дүниеге өзі ғана келген жоқ, елін алға сүйреді, сөйтіп елдіктің, тәуелсіздіктің символына айналды», - деп жазды Елбасының сенімді серіктерінің бірі, көрнекті мемлекет қайраткері М.Қасымбеков. Н.Ә. Назарбаев мемлекеттігімізді қалыптастырып, экономикасын реформалау арқылы өзін де, елін де әлемге мойындатқан заманның аса дарынды тұлғасы.

 

Елбасының аз ғана жылдарда адам айтса нанғысыз атқарған қыруар істері болашақ ұрпаққа аңыз болып жететіні сөзсіз. Ол әлемдік деңгейдегі Қазақстанның паспортына, символына айналған тұлға. Қазақ халқы сан мың жылдар іздеген мұратына да, арманына да Нұсұлтан Әбішұлының тұсында жетті. Оның биік болмысы мен кемел дарынын, ел басшысы ретіндегі көсем қасиеттерін жастарға жеткізіп отыру зиялы қауым, аға ұрпақтың міндеті болмақ. Оның саяси феноменін айқындай түсетін қыры - ана тілін жанындай сүйетіндігін. Оған көптеген мысалдар келтіруге болады.Жаһан көшбасшылары бас қосқан БҰҰ жиналысының жалпы пікірталасында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаев Отанды сүюдің озық үлгісін тағы да бір мәрте көрсетті.

 

Елбасы өзінің баяндамасы мен ұсыныстарын БҰҰ Бас Ассамблеясында тұңғыш рет қазақ тілінде жасады. Негізінде Біріккен Ұлттар Ұйымының ресми түрде алты тілі бар. Бірақ, қазақ тілі оған кірмейді. Осыған қарамастан ұйымның ережесінде сөйлейтін тіл ресми алты тілдің біреуіне аударылатын болса, онда кез келген мемлекет басшысы өз тілінде сөйлеуіне болады. Осындай мүмкіндікті Қазақстан Республикасының Президенті жүзеге асырды. Сол арқылы біздің халқымыздың үні ана тіліміз арқылы жер-жаһанға естілді. Ол туралы әлемге тарайтын ақпарат құралдары, саясаткерлер жарыса жазып жатты да.

 

Біріккен Ұлттар Ұйымының 70 жылдық мерейтойында Қазақ елінің әлемдік үрдістен бөлініп көрмегендігін, айтар асыл ойынан бөгелмегенін Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев халқымыздың жүйрік тілімен, терең ойымен, салиқалы сұлу сөзімен жеткізе білді. «Мәңгілік Ел» болуға бағытталған асыл мұраттарын айтып берді. Қазақ елін әлемге тағы да бір қырынан танытты. Ал Елбасының өзі «Менен кейінгі басшылар да солай сөйлейді деп сенемін!» - деп өзгелерге ой тастап өтті.

 

Елбасының саяси портретін айшықтайтын тағы бір мәселе, ол 2017 жылғы билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу жөніндегі Үндеуі мен «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауы, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» - атты платформалық мақаласы болып табылады. Онда Н.Назарбаев саяси тұрақтылықты сақтай отырып Үкімет пен Парламенттің қоғам алдындағы рөлін күшейту арқылы заманауи қатерлерге жауап берудің тиімді механизмдерін жасап, мемлекеттік басқарудың Қазақстандық жолын айқындап берді.

 

Елбасының қолдауымен қазақ елінің үшінші жаңғыруы балабақшадан басталды. Үш тұғырлы тіл мен сандық технологиялардың, нанотехнология мен робототехниканың біздің өмірімізде тәжірибелік жағынан еніп отырғанын ескеріп, оны тездетіп жүзеге асыруымыз керек. Олар бастауыш және орта мектептен жоғары оқу орындарына дейінгі деңгейлерге арналған оқулықтар мен білім бағдарламаларын қайта жасақтаудан бастау алуы тиіс. Сонымен қатар осы білім мен ғылым саласы қызметкерлерінің білімін заман талабына сай қайта жетілдіру кезек күттірмейтін мәселе екені талас тудырмайды. Рухани жаңғыруда айтылатын бәсекелестік қабілетті арттыруға тікелей ықпал ететін «Цифрлы Қазақстан», «Үш тілде білім беру», «Мәдени және конфессияаралық келісім» атты бағдарламалар бүгінгі таңда елімізде жемісті жұмыс жасауда.

 

Бәсекеге қабілетті болу үшін қазақстандықтарға білім шыңын бағындыру ең басты алғышарт болып табылады. Ғаламдану жағдайының заңдылығына сүйенсек, сананың ашықтығы адамзат баласын үлкен жетістіктерге жеткізеді. Ұлы даладағы қалыптасқан сананың ашықтығы мен ой еркіндігі нәтижелі түрде дала демократиясына әкеледі. ХХ ғасырда егемендікке қол жеткізсек, рухани жаңғыру арқылы ХХI ғасырда «Мәңгілік Ел» бағытында көшімізді түзедік. Бұл жаңғыру - қазіргі болып жатқан жаһандық сын-қатерлермен күрес жоспары ғана емес, болашаққа, «Қазақстан-2050» стратегиясы мақсаттарына бастайтын сенімді көпір, әрі ол Ұлт жоспары - «100 нақты қадам» базасында өткізілуде. Ендеше, ғаламданудағы бәсекелестікте ұлттық кодымызды сақтай отырып жаңғыру біздің ең басты құндылығымыз екенін ол әрқашан еске салып отыр.

 

Бүгінгі таңда еліміздің білім жүйесі жаңа заманға лайық әрі халықаралық стандартқа сәйкес дамып, жетіліп келеді және оның отандық үлгісі қалыптасуда десек, мұнда Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың инновациялық ой-тұжырымдары мен тікелей қамқорлығының маңызы зор болғанын атап өтуіміз қажет. «ХХІ ғасырда білімін дамыта алмаған елдің тығырыққа тірелері анық. Біз болашақтың жоғары технологиялық және ғылыми қамтымды өндірістері үшін қадрлар қорын жасақтауымыз қажет. Осы заманғы білім беру жүйесінсіз әрі алысты барлап, кең ауқымда ойлай білетін осы заманғы басқарушыларсыз біз инновациялық экономика құра алмаймыз. Демек, барлық деңгейдегі техникалық және кәсіптік білім беруді дамытуға бағытталған тиісті шаралар қолдануымыз шарт».

 

Елбасының осы тапсырмасын ұстанған еліміздің білім саясаты әлемдік аренадан өз орнын нақтылауда. Себебі, білімді де білікті маман-кадрлар экономиканы қарқынды дамытуда маңызды ресурс болып табылады. Қазіргі кезде адам ресурсы жоғары дамыған мемлекеттердің инновациялық дамуы соған негізделген. Сол себепті әлемдік білім кеңістігі парадигмасында, соның ішінде жоғары және одан кейінгі білім беру жүйесінде идеялардың бәсекелестігі барған сайын күшейе түскені анық. Кеңес өкіметі күйреп, Қазақстан өз тәуелсіздігін алған кезеңнің алғашқы қиын жылдарындағы бұзылған, толықтай күйреуге ұшыраған инфрақұрылымдар, соның ішінде бала бақшалар жүйесi қайтадан қалпына келтірілді. Қазір ірі елді мекендердің барлығында мемлекет қамқорлығындағы балалар бақшасы бар. Қазақстан көлемінде бұрын, негізінен, ауылдық жерлерде ғана болып келген қазақ мектептерінің саны қалаларда да артып қоймай, олардың көпшілігі жаңа заманның білім-ғылымымен қаруланған жас педагог-мамандармен қамтамасыз етіліп, материалдық-техникалық базасы нығайтылды.

 

Мектептер ұлттық таным-түсінікке, ұлттық ой-санаға, ұлттық тәлім-тәрбиеге, салт-дәстүрге, тұрмыс-салтқа, әдет-ғұрыпқа негізделетін жаңа буын оқулықтарымен қамтамасыз етіле бастады. Барлық мектептер компьютермен жабдықталып, көпшілігі интернет желісіне қосылды. Орта мектепті бітірушілердің алған білімдерін бақылау «Ұлттық бірыңғай тестілеу» жүйесіне көшірілді және бұл жүйе өзіне дейінгі барлық бақылау түрлерінен бірталай артықшылығы бар екенін көрсетті. Оқу орындарының барлығының мемлекеттік және мемлекеттік емес аккредитациядан, аттестациядан өтуі қажет екені айқындалып, талап күшейтілді. Қазақстандық білім жүйесін әлемдік стандарт деңгейіне сәйкестендіріп қалыптастыратын және оның одан әрі дамуына ықпал жасайтын еліміздің көшбасшы оқу орындарын анықтау да іске асырылды.

 

Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың тікелей қолдауымен 1993 жылы «Болашақ» бағдарламасы қолға алынып, еліміздің талантты жастарын шетелдік озық университеттерде оқытуға мүмкіндік алдық. Арадан өткен осы жылдарда бұл бағдарлама бойынша 15 мыңнан астам қазақстандық жастар әлемдік деңгейде білім алып, бүгінде экономикамыздың барлық салаларында табысты еңбек етуде. Сондай-ақ Елбасымыздың бастамасымен Астанада шетелдік беделді оқу орындарымен бәсекелесе алатын «Назарбаев Университеті» ашылды және елімізде «Назарбаев зияткерлік мектептері» жүйесі құрылды, жүздеген жаңа мектептер мен бала бақшалар салынды.

 

Елбасының инновациялық ой-пікірлері мен қағида-ұстанымдары басшылыққа алынып, еліміздің білім беру жүйесін жаңаша құрып, жаңа бағытта дамытып, жетілдіруде жасалған алғашқы қадамдар, өзгерістер мен жаңалықтар, білім беруге қатысты реформалар, жаңа технологияларды енгізудің нәтижелері бүгін өз жемісін беруде. Сөйтіп, осы инновациялар қазақстандық қауымның тәуелсіз даму кезеңінің тарихи шындығына айналуда. Сондықтан да қазіргі Қазақстанның әлемдік қауымдастыққа ену үдерісін зерделеуде білім жүйесіне енгізілген заманауи өзгерістер мен жаңаша бетбұрыстардың маңыздылығын ескермеуге болмайды. Олар Қазақстанның жаңа заманға барынша бейімделіп, өз саясаты мен өз экономикасын түзеп, сөз бостандығы мен ой еркіндігіне негізделген демократияны жетілдіріп, халықтың әл-ауқатын жақсартуда жасалған маңызды қадам, іргелі іс-шаралардың бірі болып қала беретіні даусыз.

 

Елбасының тікелей бастамасымен және нұсқауымен елімізде «Білім туралы», «Ғылым туралы» Заңдар,білім беруді дамытудың кезең-кезеңдерге арналған мемлекеттік бағдарламалары өмірге келді. Мемлекет басшысы өзінің жыл сайынғы Жолдауларында бұл салаға арнайы тоқталып, білім мен ғылымның көкжиегін кеңейтуге бастамашы болып келеді. Мен өзім 2018 жылғы қарашада Елбасының қабылдауында болып, ол кісінің білім саласына деген қамқорлығын шын жүрегіммен сезінген едім. Жарты сағатқа созылған бұл кездесуде көптеген маңызды мәселелер көтерілді. Педагог мәртебесі туралы қабылданатын заңға байланысты қандай жұмыстар атқарып жатқанымызды, университеттің бәсекеге қабілеттігін арттыру үшін не істеу керегін сұрады.

 

Мен университеттің стратегиялық жоспары бойынша 2025 жылға қарай Еуразиялық одаққа мүше елдердің 45 жоғары педагогикалық оқу орындары арасында көшбасшылыққа талпынып отырғанымызды, QS World University Rankings әлемдік рейтингінде 2018 жылдың қорытындысы бойынша 481 орынды иеленіп отырсақ, 2025 жылға қарай 450 орынға тұрақтауды мақсат етіп отырғанымызды айттым. Сонымен қатар, Президент университеттің қазіргі заманғы ғылыми-техникалық прогресс талаптарына сай болуы керек екенін қадап айтты. «Әлемнің алдыңғы қатарлы оқу орындарымен ынтымақтасып, байланыс орнатқан жөн. Тәжірибе алмасып, бірлесе жұмыс істеу қажет. Сондай-ақ, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің мәртебесін арттыру жөніндегі жұмыстарды жалғастырудың маңызы зор. Сіз басқаратын университет педагогикалық білім беретін басты оқу орны болуға тиіс, - деген Н.Ә.Назарбаев психолог мамандарын көптеп дайындауды, мұғалім дайындаудың сапасын арттыруды, оқу бағдарламасын жаңартуды, педагогикалық ғылымды дамытуды, жастар саясатын жан-жақты жүргізуді тапсырды.

 

Сонымен бірге университет түлектерін жұмысқа орналастыру мәселесімен тиянақты айналысуды, латын графикасын енгізуге байланысты оқу-әдістемелік құралдар даярлауды жеделдетуді ұсынды. Нұрсұлтан Әбішұлының бәсекеге қабілетті заманауи педагог кадрларын даярлау және мектеп мұғалімдерін қолдау жөніндегі қамқорлығы өз жемісін беруде. Жаңа жылдың алдында ғана елімізде «Педагог мәртебесі туралы» Заң қабылданып, бүкіл ұстаздар қауымымызды зор қуанышқа кенелтті. Бұл заңда педагогтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, олардың кәсіптік шеберліктерін жетілдіру, мұғалімдерді әлеуметтік жағынан қолдау жөнінде көптеген нақтылы тұжырымдар бар.

 

Бүгінде біз Елбасының сол тапсырмаларын басшылыққа алып, қажырлылықпен еңбек етіп келеміз. Университетіміздің бүгінгі жеткен жетістіктері мен табыстары сол еңбектің жемісі десек, мұның бәрі өз елін жарқын болашаққа сүйреген Елбасының әкелік қамқорлығының арқасында мүмкін болып отырғаны сөзсіз. Ресей Президенті Владимир Путин: «Нұрсұлтан Әбішұлы саясатқа ерте келген. Ол сонау кеңестік кезеңдегі биліктің өкілі. Менің таң қалдыратыны - ерте уақыттан бері саясатта жүргенімен - ол өте жаңашыл адам. Мен күні бүгінге дейін оның осы жаңашылдығына қайран қаламын. Мен жақында Нұрсұлтан Әбішұлының жаңа қасиетін таныдым. Ол даулы, шешімі қиын жағдайларда - сентименталды адам бола алады. Ол ұқыпты әрі әділ басшы. Қазақстан үшін Назарбаев - тарихи тұлға. Ол қазақ халқы үшін тұңғыш Президент қана емес, ол қазақ мемлекетінің негізін қалаушы», деп жоғары бағалаған Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаев қазақ тарихында өзіндік ерекше орны бар айшықты тұлға.

 

 

Авторы: Такир Оспанұлы Балықбаев,
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық
университетінің ректоры, профессор

03.07.2020 ж.

Ақпарат көзі: bilimdinews.kz