Негізгі бет /
БАҚ біз туралы
20.07.2020 Абай университеті: Еріктілердің ерен еңбегі
Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған Волонтер жылы аясында аймақтарда түрлі бағытта толымды жұмыс бар. Егемен елдің еріктілері қазіргі коронавируспен күресте де халқымен бірге екенін дәлелдеп жүр. Соның бір дәлелі - Абай университетінің еріктілер тобы.
Алматыға Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымынан гуманитарлық жүк келді: маскалар, халаттар, респираторлар. Жүк Алматы қаласы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің қатысуымен сұрыпталып, адресаттарға жіберілді. Гуманитарлық жүктерді түсіру және қабылдау процесіне Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өкілдері, қаланың қоғам қайраткерлері және «Акселератор добра - Ізгілік Елшісі» еріктілер қозғалысының жетекшісі, Абай атындағы ҚазҰПУ Сорбонна-Қазақстан институтының директоры Айнұр Сәбитова қатысты. Абай атындағы ҚазҰПУ еріктілері жүктерге «Бесплатно - Тегiн» деген белгісі бар мөрлер қойды. Әрі қарай белсенділер гуманитарлық жүктің адресаттарға жеткізілуіне мониторинг жүргізетін болады.
Алматы қаласында карантин кезінде Абай университетінің еріктілері санитарлық-эпидемиологиялық нормалардың сақталуына мониторинг жүргізу бойынша іс-шараларға да қатысты. Мониторинг тобы - Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет және Алматы қаласы Ішкі істер департаментінің өкілдері, «Ізгілік елшісі» еріктілері, Арнайы бақылау топтарының қоғамдық белсенділері қоғамдық тамақтандыру кәсіпорындарына (кафелер, мейрамханалар және т.б.) рейд жүргізді. Осы рейд барысында кейбір мекемелерде тәртіп бұзушылық, карантин нормаларының сақталмауы, дәлірек айтқанда, сағат 23:00-ден кейін жұмыс істеуі анықталды. Осы фактілер бойынша актілер жасалып, учаскелік полиция қызметкерлері шақырылды. Қоғамдық белсенділер халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Бұл акция бір рет емес және барлық карантин кезеңінде құқық қорғау органдарымен жүргізілетін болады.
Барлық санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды, маскалық режимді сақтау, адамдардың жиналуын болдырмау - осының барлығы пандемиямен күресте маңызды фактор болып табылады.
20.07.2020 ж. Ақпарат көзі: qazaq1913.com |