қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет / БАҚ біз туралы
25.08.2020

Жоғары оқу орындары қашықтан оқуға дайын ба

 

   

 

Биылғы оқу жылы бұрынғыдан өзгерек. Себебі, 1 қыркүйекте есігін ашатын жаңа оқу жылы қашықтан оқу режимінде басталады. Ал, халық ішінде қашықтан оқуға біршама күмәнмен қарайтындар көп. Ендеше, оқушылармен кері байланыс орнамаған білім сапасы қандай болмақ? Еліміздегі жоғары оқу орындары қашықтан оқуға дайын ба?


Мақсат ЖАҚАУОВ, Абай атындағы ҚазҰПУ ректорының Жастар ісі жөніндегі кеңесшісі:


- Білім саласының дайындығы мемлекеттік тұрғыда кешенді саясатпен басталды. Бұл былтырғы Педагог мәртебесі туралы заңнаманың жасалуы, оның биыл үлкен қолдау тауып бекітілуі, еліміздің білім саласының тарихында жыл жаңалығы ретінде танылды. Пандемиялық үдерістердің кері әсері мектеп, университеттің білім қызметкерлері мен оқу процесі, ғылыми негіздегі жылжуларына еш кедергі келтіре қоймады. Бұл жерде жаңа сандық технологияның, әлемтордың кеңістігі, білім ордаларының IT жабдықталуы, оқушы мен студенттің, оқытушы мен профессордың мүмкіндіктері тек білімнің ғана дайындығына байланысты еместігін көрсетті. Оның экономика, ғылымның, әлеуметтік саланың, нарықтың тұтас дайындығына, деңгейіне байланыстылығын, ол жердегі басымдықтары мен кемшіліктерін айқындап берді. Сол себепті, білім саласының соңғы екі жылдағы бастамалары «Әліппенің» оралуынан бастап, магистрлік дипломға мектепте қосымша ақы қосылатындығына дейін өзгергені, біраз реформалық жағынан дайындығы сенімді қадамдарымен басталып келе жатыр деп баға беруге болады. Практик оқытушы ретінде айтарым, қашықтан оқытуда берер біліміңде, ынта-жігерің мен түсіндіру әдістеріңде 10-15 пайыз кемшін тұсы болады. Өйткені, оффлайн оқыту - білім алушының тамырын басып отырып білім беру.

 

Жаңа технологиямен оқытуға көшудің өзі осы уақытқа дейінгі сонау Макаренколардың әдістерімен ғана шектелмеуіне, жаңа әдістемелік бағдарламалардың, әлемнің озық білімдерінің постиндустриалдық дүмпулермен жаңғыруына әкелді. Мысалы, қазір әлемдік білім критерийіне ақпаратты жатқызуға болады. Ол ақпаратты тек кітаптан емес, ютубтан, әлеуметтік желіден, семинардан, тимбилдингтен, коучтық әдістерден, курстардан, вебинарлардан, тағы басқа орталардан алуға болатындығын көрсетті. Ал, сол ақпарат мида қорытылып, өндіріліп, өнім болып шығуын білім деп атайды. Мәселе мүмкіндік жасауда, әдістердің тиімділігінде және оқуға деген ниеттің төмендемеуінде. Дегенмен шалғай елді мекендер интернетпен толық қамтылды деп ауыз толтырып айтуға әлі ерте.

 

Гүлмира СҰЛТАНБАЕВА, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз және электронды БАҚ кафедрасының меңгерушісі, саяси ғылымдарының докторы, профессор:


- Елімізде қашықтан оқудың өзі тұтастай метадологиялық негізделген білім беру бағдарламаларымен қатар, білім беру процесінде болу керек. Одан бөлек жылдам әрі жақсы интернетпен қамтылған болуы қажет. Ал, бізде аталған екінші фактордан көптеген қиындықтар туындағанын білеміз. «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасында нәтижелер болғанмен, алыс ауыл-аймақтарда интернет әлі де қолжетімсіз. Дәл қазіргі уақытта білім министрлігі білім беру үдерісінің әр деталін қолға алып, жұмыс істеуде. Жалпы, бүгінде қоғам екіге бөлініп жатыр ғой. Бірінші топтағы қоғам балаларының онлайн оқуын қолдаса, екіншісі, балаларының мектеп қабырғасында оқуын талап етіп жатыр. Қай жағдайды алып қарасақ та, ата-аналардың уәждерін түсінуге болады. Білім министрлігінің мәлімдемесі бойынша, лабораториялық топтардың университет қабырғасында, жаратылыстану мамандықтарының лабораторияға келіп жұмыс істеуіне, ал дәрістерді онлайн оқуына мүмкіндік берді.

 

Ал, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да «Цифрлық кампус» орталығы бар. Біз кезең-кезеңімен қашықтан білім беруге дайын отырған университеттердің біріміз. Сонымен қатар, университетімізде екінші білім беру толықтай қашықтан оқыту арқылы жүзеге асып жүр. Мәселен, кафедраның тарапынан журналистика бойынша цифрлы форматқа көшірілген кітаптарды алу үшін кітапханаға сұраныс жібердік. Олардың сілтемесін алдық. Егер ол тізімнің ішінде қажет кітаптың цифрлық форматы болмаса, кітапхана қызметкерлері кітапты бірден цифрлы форматқа салып, бізге жіберіп отырды. Бұл алыста, интернет жылдамдығы нашар студенттерімізге қолайлы.

 

Сауалнаманы дайындаған Ақбота ЕРБОЛҚЫЗЫ

25.08.2020 ж.

Ақпарат көзі: zanmedia.kz