қазақша · русский · english
 
Біз туралы
 
   Главная / Нуриев Марат Алмасаевич

Нуриев Марат Алмасаевич

Нұриев Марат Алмасайұлы - еліміздегі жоғары білім мен ғылымның белгілі ұйымдастырушысы, Қазақстанның Жоғары мектебінің еңбек сіңірген қызметкері, техника ғылымдарының кандидаты, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті жанындағы Ғылыми-инновациялық паркінің Интеллектуалды ұлт қалыптастыру ғылыми орталығының директоры, профессор.

1938 жылдың сәуір айының 29-шы жұлдызында Алматы облысы, Қаскелең ауданы, Шамалған ауылында дүниеге келді.

1957 жылы Алматы облысы, Жамбыл ауданының Ұзынағаш ауылында орта мектепті бітірген.

1962 жылы Москва қаласының жеңіл өнеркәсіп технологиясы институтына түсіп, оны бітіріп шықты. Институт қабырғасында оқумен бірге ғылыми жұмыспен шұғылданып, ғылыми мақалалар жариялады және кейінірек сол институттың аспирантурасын екі жылда кандидаттық диссертация қорғап тамамдады.

1962-1978 жылдары Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиясы институтында ғылыми-педагогикалық кадрлар даярлауға, осы саладан ғылыми жұмыстардың Қазақстанда алғаш қалыптасуына ықпал етті. Қазіргі күнде Марат Алмасайұлының өзі оқытып шығарған жүздеген мамандары Қазақстанда жеңіл өнеркәсіптің ірі ұйымдастырушылары болып жүр.        

1978-1984 жылдары Қазақ политехникалық институтында кешкі және сырттай оқытатын бөлім жөніндегі проректор қызметін атқара жүріп, институт базасында Қаратау, Өскемен, Лениногорск, Зырян, Гурьев және Шевченко қалаларындағы аталмыш институттың филиалдары мен жалпытехникалық факультеттерінде жұмысшы жастарды өндірістен қол үзбей оқытудың тиімді тәсілдерін ойлап тауып, сапасын жетілдіруге көп үлес қосты.

1984 жылы көп жылдар бойы жоғары мектепте істеген сан-салалы зор қызметі лайықты бағаланып, оған «Қазақ ССР-інің жоғары мектебінің еңбек сіңірген қызметкері» деген құрметті атақ берілді.

1984 жылдан Қазақстанның Жоғары және орта арнаулы білім министрлігінде коллегия мүшесі, оқу-әдістемелік басқармасының бастығы қызметін атқара жүріп, республиканың жоғары мектептерінің дамуына және оларда оқу-әдістемелік кешендерді енгізу арқылы оқу-тәрбие жұмысын ұйымдастыруды неғұрлым биік дәрежеге көтеріп жетілдіруге тікелей ықпал етті.

1987 жылдан Алматы халық шаруашылығы институтында оқу ісі жөніндегі проректорлық қызмет атқарып, білім, біліктілік пен іскерлікті осы замандық және келешек талаптарына сай келетін озық оқу-педагогикалық үдерісті ұйымдастыру қағидаларын, әдістері мен үлгілерін енгізуге мүмкіндік тудырады және республиканың экономикалық кадрларын даярлау сапасын арттыруға бағытталған іс-шараларды жүзеге асыруға септігін тигізді.

1989 жылы жаңадан ашылған Қазақ КСР Министрлер Кеңесі жанындағы Басқарушы қызметкерлер мен мамандардың біліктілігін арттыру институтына ректор болып тағайындалды. Оның басшылығымен қысқа мерзім ішінде заманауи оқу-материалдық базасы құрылып, кәсіби деңгейі жоғары профессорлық-оқытушылық құрам жасақталды, жаңа оқу жоспарлары мен бағдарламалары енгізіліп, мамандарды қайта даярлаудағы оқыту үдерісінің құрылымы мен мазмұны қайта ойластырылды. Осы институттың қалыптасуына және оның республикадағы ірі оқу орнына айналуына тікелей басшылық жасады. Әсіресе, Қазақстанда экономиканы қайта құру кезеңінде басты қызметкерлерді және мамандарды нарықтық экономикаға көшуге бейімдеуде институттың қосқан үлесі өте зор. Осынау институт Қазақстан Республикасында нарықтық қатынастарды қалыптастыру кезінде (1991-1996 ж.ж.) шын мәнісінде кадрлар біліктілігін көтерудің аса ірі орталығына айналып, кәсіпорындар мен ұйымдардың қатардағы мамандарынан бастап экономика және қаржы, мемлекет және құқық, әлеуметтік саясат проблемалары бойынша жоғарғы буынның басшы қызметкерлеріне дейін тыңғылықты қайта дайындықтан өткізді. Оқу жүйесін шетелдердің тәжірибесін пайдалана отырып қайта құрды.

1996 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің аппаратында қызмет атқарды. Президент аппаратында Қауіпсіздік кеңесі хатшылығының меңгерушісі болып қызмет істеді, сөйтіп егеменді еліміздің қауіпсіздік саласының қалыптасуы мен нығаюына үлес қосты. Тікелей қатысуымен Қазақстан Республикасының сытқы қауіпсіздігінің жобалары әзірленді, республиканың құқық қорғау органдарының түбегейлі реформалауы жүзеге асырылды, заңнамалық актілерге қосымшалар мен түзетулер енгізілді.

1998-2009 ж.ж. аралығында Алматы экономика және статистика академиясында проректорлық, ректорлық қызметтер атқарды. Оқу процесін жетілдіруге, оқу-әдістемелік құралдарын жасауға еңбек сіңірді. Дәрістің жаттанды мәтінімен студенттерді жалқаулыққа үйретпей, өзіндік ізденіске түрткі болатын «Студенттің жұмыс дәптері» деген жаңалықты академияның оқу үдерісіне енгізді.

2009 жылдан бері Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті жанынан жаңадан ашылған Жаңартпа технологиялар және білім беру мазмұнын ғылыми-зерттеу институтының директоры болып келеді.

2012 жылы Жаңартпа технологиялар және білім беру мазмұнын ғылыми-зерттеу институтының аты өзгеріп, «Интеллектуалды ұлт қалыптастыру ҒЗИ» болып қайта құрылды.

2016 жылдың қыркүйек айынан бастап, университеттегі ғылыми-зерттеу институттарының құрылымдық өзгерістеріне байланысты, Интеллектуалды ұлт қалыптастыру ҒЗИ «Интеллектуалды ұлт қалыптастыру ғылыми орталығы» болып қайта құрылды.

2015 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Ұлттық тәрбие» номинациясы бойынша Ы.Алтынсарин атындағы Мемлекеттік сыйлығының иегері атанды.

Бұл күндері өзі басқарып отырған ғылыми орталықта ұлттық тәрбие мен интеллектуалды ұлт қалыптастыру мәселелерінің ғылыми негіздерін, қазақ халқының ұлттық салт-дәстүр, менталитетін дәстүрге сай замануи тұрғыда ұлттық болмыс, ұлттық құндылықтар сияқты рухани қасиеттерді жас ұрпақ бойына дарыту және оларды ұлтын сүюге, отансүйгіштікке, ұлтжандылыққа шақыру жолында еңбек етуде.


← Кері оралу