қазақша · русский · english
   

2017 жылдың 22 ақпанында халықаралық білім беру кластерінің аясында Абай атындағы ҚазҰПУ-дың информатика және білімді ақпараттандыру кафедрасының профессор-оқытушылар құрамы, докторанттары мен магистранттарының, В.П. Астафьев атындағы КМПУ-дың профессор-оқытушылар құрамының, сонымен қатар Ачинск қаласының №1 лицейі, Ш.Уалиханов атындағы мамандандырылған №12 гимназия, С.А. Ходжиков атындағы №39 лицей, Тұран мектеп-лицейі, «Жаңа ғасыр» №175 гимназия және химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің қатысуымен кіріспе мегасабақ өтті.

 

Мегасабақтың тақырыбы: «Әл-Фарабидің математикалық мұрасы GeoGebra ортасында». Мегасабақтың мақсаты ұлы ғалым, ойшыл, энциклопедист және әлемдік деңгейдегі ірі тұлға әл-Фарабидің математикалық мұрасын насихаттау болды.

Мегасабақтың басында әл-Фарабидің математикалық мұраларын белсенді зерттеушілердің бірі, ИжБА кафедрасының меңгерушісі, п.ғ.д., профессор Бидайбеков Е.Ы. алғы сөз сөйледі. Оқушылардың өздері дайындаған визиткалары (видео роликтері) көмегімен мектептер білім беру кластерінің басқа қатысушыларымен танысу мүмкіндігіне ие болды. Мегасабақ барысында әл-Фарабидің өмірі мен қызметі туралы баяндайтын фильм мен «GeoGebra ортасында геометриялық салулар» тақырыбында шеберлік сыныбы ұсынылды. Сонымен қатар, оқушылар шаршыларды бөлу және құрастыруға арналған қызықты тапсырмалар орындаумен айналысты. Мегасабақ соңында оқушылар өздерінің мегасабақтан алған әсерлерін анықтауға бағытталған рефлексиядан өтті және де Linoit онлайн тақтасында басқа мектептердің визиткаларына дауыс берді. 

 

Мегасабақ модераторы 6D011100-информатика мамандығының 3 курс PhD докторанты Аккасынова Ж.К. болды. Тьюторлардың рөлін 6М011100-информатика мамандығының 1 және 2 курс магистранттары  Төребекова Р., Шолпанкулова Т., Макашев Қ., Нурмухан Г., Турашова Ш. атқарды.

 

2016 жылдың 22 желтоқсанында халықаралық инженерлік-техникалық кластер негізінде Қазақстан мен Ресейдің білім беру мекемелерінің қатысуымен «Қолданбалы бағдарламалық қамтама» тақырыбында кезекті мегасабақ өтті.

Оқушыларға әртүрлі бағыттағы қолданбалы бағдарламалық қамтамалармен жұмыс істеу мүмкіндігі берілді: 2D және 3D графика, сайт, презентация жасау, оқу элементтерін әзірлеу, видео файлдармен жұмыс, схемалар мен диаграммалар жасау, дыбыспен жұмыс, ғимараттың ішкі көрінісінің дизайны мен жоспарлауы, программалау.
Мегасабаққа оқушыларға берілген бағыттар бойынша өздері таңдаған бағдарламалық қамтаманы пайдалану бойынша толық нұсқаулық дайындау тапсырмасы берілді. Бағдарламалық қамтаманы пайдалану бойынша нұсқаулық дайындау мұғалімдер мен тьюторлардың тікелей бақылауымен жүзеге асырылды. Ал, мегасабақта оқушылар басқа мектеп оқушылары дайындаған нұсқаулықтармен жұмыс істеді. Осылайша, олар CompoZER, Synfig Studio, Prezi, SketchUp, PaintTool SAI, Inkscape, Gimp, Blender, LearningApps, Audacity, Planner5d сияқты қызықты әрі танымды бағдарламалық қамтамалармен танысып, олармен жұмыс істеу мүмкіндігіне ие болды.

Оқушылардың әртүрлі қолданбалы бағдарламалық қамтамалармен жұмыс істеу кезінде үлкен қызығушылық пен жоғары мотивация танытқандығын атап өткен жөн. Сонымен қатар, сабақты осындай өзгеше формада, яғни Ресей мектептерімен қашықтан қосылу арқылы мегасынып форматында өткізу де, өз кезегінде, ерекше серпіліс бергені анық.

 

 

 

16.11.2016ж. мен 14.12.2016ж. аралығында информатика және білімді ақпараттандыру кафедрасының студенттері, магистранттары мен PhD доктаранттары, сонымен қатар оқытушылары «Суперкомпьютерные технологии и параллельное программирование» (150 сағ.) атты оқу курсын тыңдады. Курсты В.П. Астафьев атындағы Красноярск мемлекеттік педагогикалық университетінің доценті, п.ғ.к. Сокольская Мария Александровна жүргізді.
Аталған курс білім алушыларды қазіргі таңда қарқынды түрде дамып келе жатқан суперкомпьютерлік технологиялар саласымен тереңірек таныстыру мақсатында, сонымен қатар олардың параллельді программалау дағдыларын қалыптастыру мен дамыту үшін ұйымдастырылды.
Практикалық бөлімде есептеулерді жүргізу үшін В.П. Астафьев атындағы КМПУ мен Қ.И. Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ-дың кластерлері пайдаланылды.
Курстың соңында барлық курс тыңдаушыларына сертификаттар берілді. Олар өз кезегінде өздерінің алған әсерлерімен бөлісіп, осындай курстардың болашақта тағы да ұйымдастырылғандығын қалайтындарын айтып, Мария Александровнаға мазмұнды дәрістері мен қызықты лабораториялық жұмыстары үшін алғыстарын білдірді.