қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет / БАҚ біз туралы
15.10.2020

Алматыда "Абай Құнанбайұлы. Ғақлия кітабы" таныстырылды

 

 


Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде "Абай шығармаларының түркі әлемінде зерттелуі мен насихатталуы" ғылыми конференция аясында Немат Келімбетов атындағы Түркітану орталығы Абайдың 175 жылдық мерейтойына орай "Абай Құнанбайұлы. Ғақлия кітабы" кітабын таныстырды, деп хабарлайды Egemen.kz

 

Түркітану ғылымы саласында ғылыми жобалар жасап, түркі әлемінің тілі, әдебиеті, тарихы және мәдениетіне қатысты конференциялар мен семинарлар ұйымдастыру, ғылыми еңбектерді жарыққа шығаруды мақсат ететін Немат Келімбетов атындағы Түркітану орталығы 2013 жылы ашылған болатын.

 

Университеттің "Ұлағат" баспасынан жарыққа шыққан кітапта 1907 жылы Мүрсейіт Бікеұлы хатқа түсірген Абай қара сөздерінің қолжазбасы, транскрипциясы және грамматикалық индексі берілген. Еңбекте бұдан бөлек XX ғасыр басындағы қолжазбалардың тілдік ерекшеліктеріне сипаттама жасалып, Абай қара сөздерінің тілі талданған. Бұл жұмыс қазіргі қазақ тіліне сәйкес бірнеше рет өңделіп өзгертілген қара сөздердің түпнұсқасымен бірге ұсынылып, жаңаша оқылуы және грамматикалық индексінің берілуімен ерекшеленеді. Кітап авторы түркиялық ғалым PhD доктор Ержан Петек. Кітапты түрік тілінен аударып, ғылыми редакциясын жасаған Немат Келімбетов атындағы Түркітану орталығының бас ғылыми қызметкерлері филология ғылымының докторы, профессор Шерубай Құрманбайұлы және PhD доктор Марлен Әділов.

 

Профессор Шерубай Құрманбайұлы Абай тіліндегі ескі қазақ жазба және ауызекі тіліне қатысты нұсқалар мен кірме элементтердің дыбыстық өзгерісінің тарихы талданып ұсынылған жинақта морфологиялық ерекшеліктер, кірме сөздердің қазақы формасы түсіндірілгендігі жайында айтып өтсе, Түркістанда төрт жылдай ғылыми зерттеумен айналысқан түркиялық ғалым, PhD доктор Ержан Петек осы уақыт ішінде қазақ тілі және әдебиетімен қатар жыраулар поэзиясымен терең таныстығы жайында айта келе Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына өз үлесін қосу мақсатында ақын жайындағы еңбекті жазғандығы туралы баяндады.

 

 

15.10.2020 ж.

Ақпарат көзі: Egemen.kz