Негізгі бет /
БАҚ біз туралы
17.02.2021 Жақсы іс жалғасын табады
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Парламент Палаталарының бірлескен отырысында «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты екінші Жолдауында: «Біз азаматтарымыздың лайықты өмір сүруіне жағдай жасауға, олардың құқықтарын қорғауға, заң үстемдігін қамтамасыз етуге, жемқорлыққа қарсы күресті күшейтуге міндеттіміз», - дей келе, алдымызда ауқымды әрі күрделі міндеттердің тұрғанын, оларды табысты жүзеге асыру үшін тың тәсіл, жаңаша ойлау, жалпыұлттық ынтымақ және өзара қолдау қажет екенін, баршамыз өз-өзімізді дамытуға күш салуымыз керек екенін баса айтқан болатын. Өйткені, замана сынағы бізден үздіксіз қозғалысты, мықты күш-жігерді және табанды еңбекті талап етіп отыр. Сондықтан еліміздің бақытты әрі жарқын келешегі әр азаматтың қажырлы қызметіне байланысты болмақ.
Қазіргі пандемия жағдайында қиындықты, дағдарысты бірге жеңу мақсатында барлық шамасы келген мемлекеттік мекемелер де, жеке азаматтар да бір-бірлеріне көмек қолын созып келеді. Осы бағытта елімізде түрлі іс-шаралар мен қайырымдылық акциялар ұйымдастырылып жатыр. Осы орайда Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Тарих және құқық институты, «Құқықтану» кафедрасы 2020-2021 оқу жылының басынан ҚР Конституциясының 25 жылдығына орай «Азаматтардың әлеуметтік осал санаттарына және мүмкіндігі шектеулі жандарға тегін заңгерлік кеңес беру» қайырымдылық акциясын қолға алған. Аталмыш акцияның негізгі мақсаты - әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға құқықтық көмек көрсету, азаматтарды құқықтық жағынан қолдау, сонымен қатар, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру, әрбір қоғамдағы мұқтаж жандардың жағдайын өз саласы бойынша жақсартуды жүзеге асыру. Сондықтан, қазіргі жағдайда «Құқықтану» кафедрасында алдымен өзгелердің құқықтық көмегіне зәру әрбір адаммен барынша жылы байланыс жасау жолға қойылып, әр жұма сайын кафедраның алдыңғы қатарлы заңгерлері онлайн конференция, басқа да байланыс құралдары арқылы пандемия кезінде туындаған құқықтық мәселелер бойынша әлеуметтік көмек, өтемақы алу, тұрғын үй, пәтер жалдау, азаматтық-құқықтық келісімшарт бойынша міндеттемелерді орындау, әкімшілік, жауапкершілікке тарту мәселелері бойынша азаматтар арасында түсінбеушіліктер туындаған түрлі сұрақтарға тегін заң көмегін көрсетуді әлі жалғастырып келеді.
Осы алты ай оқу жылының қорытынды есебінде бес жүзден астам адамға құқықтық кеңес беріліпті. Оның басым көпшілігі әлеуметтік мәселелерді қамтитын кеңестер. Оның ішінде жасы, мүгедектігі үшін зейнетке шығуға қандай құжаттар керек екені, оны жинау мен тапсыру мерзімі және қайда өткізу, зейнетақы қорынан қаражат алу мәселесі жайлы - 105, көпбалалы және жалғызбасты аналарға берілетін әлеуметтік көмек, кәмелетке толмаған және асыраушысынан айырылған балалар үшін төленетін жәрдемақы жағдайлары, мөлшері туралы - 73, жұмысқа қайта алу, бос тұрған күндеріне айлық жалақы төлеу, жұмыссыздық жөнінде берілетін жәрдемақы, өтемақы жайлы - 89, жер алу және салығын төлеу, есептеу туралы сұрақтар - 6, жеке кәсіпкерлік қызметті тіркеу, дүкен ашу үшін қандай жеңілдіктер бар екені туралы - 11, мүліктік жалдау шартын өзгерту және бұзу туралы - 10, некені бұзу, алимент өндіріп алу, дүние мүлікті бөлісу - 102, үй алу кезегіне тұру, жеңілдікпен үй алу бағдарламалары жайлы - 67, салық жеңілдігі туралы - 3, жеке іс бастау, балабақша ашу жайлы - 5, медициналық тегін көмек алу, порталға тіркелу жайлы, эко мәселелері - 7, тұтынушылардың құқығын қорғау туралы - 17, мұраны қабылдап алу жайлы - 8, банктік несие қатынастары бойынша - 34, әкімшілік жауаптылық бойынша - 28 азаматқа тегін заң көмегі көрсетіліп, құқықтық кеңестер берілді.
Заң көмегін алған азаматтардың 30 пайызы зейнеткерлер, 50 пайызы орта жастағы азаматтар, 20 пайызы жастар болды. Сонымен бірге, ер адамдарға қарағанда әйел адамдардың кеңес алуда басымдығы байқалды.
Азаматтарды жылы қабылдап, жан-жақты түсінікті, екі тілде, тегін заң көмегін көрсетуде кафедрамыздың меңгерушісі, заң ғылымдарының докторы, профессор Е.А.Бөрібаевтың басшылығымен заң ғылымдарының докторы, профессор Хамзина Ж.А., заң ғылымдарының докторы, қауымдастырылған профессор Бижанова А.Р., заң ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Көшпенбетов Б.М., заң ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Қалқаева Н.Б., қауымдастырылған профессор Меирбекова Г.Б., аға оқытушылар Молдахметова Ж.Е., Белхожаева Д.Ж., Байсымақова Д.С. және хатшылықта жас маман Тұрлыханқызы Құралай белсенділік көрсетті.
Қайырымдылық, жақсылық жасау - алдымен имандылықтың, тәрбиеліліктің, парасаттылықтың айқын көрінісі.
Зейнетақы жасына жеткен қарттарға, жалғызбасты, мүгедек жандарға, әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың тұлғаларына біз әрдайым көмек колын созуға дайынбыз. Сондықтан, бүгінге дейін жұмыс жасап келген «Құқықтану» кафедрасының «Әлеуметтік осал санаттағы азаматтар мен мүгедектерге тегін құқықтық кеңес беру» акциясы ары қарай өз жалғасын табады. Бұл іс-шараға қатыса алмаған жандарға айтарымыз - сұрақтарыңыз, құқықтық кеңес қажет болса, бізге хабарлассаңыздар болады. Байланыс телефондары: 87013932123, 87477727432
Авторы:Мейірбекова Г.Б., Абай атындағы ҚазҰПУ-дың қауымдастырылған профессоры 17.02.2021 ж. Ақпарат көзі: qazaq1913.com
|