қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет / БАҚ біз туралы
22.04.2021

Қайсар қазақ

 


 

Нұрболат Абайұлы
«Ana tili»

 

1991 жылы еліміз тәуелсіздігін жариялаған соң, әлемнің отыздан аса елінде тарыдай шашылып жүрген қандастарымыз біртіндеп туған жерге орала бас­тады. Отанға оралған көштің басында Моңғолиядан оралған қандастарымыз тұрғанын бүгінде біреу білсе, біреу білмес. Польшада қызмет етіп жүрген жерінен атамекенге ат басын бұрғандардың бірі - Досан Баймолдаұлы. Моңғолияда өмірге келіп, 17 жасынан Польшаға білім іздеп кеткен ғалымның өмір жолы бүгінгі ұрпаққа қай жағынан да үлгі. Ол Абай атындағы Ұлттық педагогикалық университеттің профессоры, физика ғылымының докторы, ҚР Ұлттық жаратылыстану ғылымдар академиясының кореспондент-мүшесі...

 

БАЯН-ӨЛГЕЙДЕН -

ЕУРОПАҒА

 

Кейіпкеріміздің әкесі - ­Баймолда ақсақал заманында, 18 жасында өзі сұранып Моңғолия мен Жапония арасындағы соғысқа қатысып, моңғолиялық әскер қатарындағы санаулы қазақтың бірі болған екен. Алғаш атты әскер қатарында соғысқа қатысып, кейін байланысшы қызметін атқарған. 1940 жылы соғыс бітіп, еліне оралған соң ауыл, ауданда байланысшы болып жұмыс істеген. Кейін Ұлан-Баторға партия мектебіне оқуға барған Моңғолиядағы алғашқы зиялы қауымның бірі. Осындай әкенің белінен жаралған Досан да кішкентайынан алғыр болған деседі. Өлгей қалалық 8 жылдық және №1-ші 10 жылдық орта мектептерін жақсы оқып бітіреді. Ол мектеп бітірерде Ұлан-Батырдан, Білім министрлігінен комиссия барып, олардың бірінші сыныптан бастап оқу үлгерімімен танысып, өздері сынақ қабылдайды. Солардың арасынан Досан Баймолдаұлын Еуропаға оқуға жіберетіндері жөнінде ұсыныс жасалады. Бір айдан соң Ұлан-Баторға өзге аймақтардан жиналған моңғол жастарымен бірге 17 жасар қазақ баласы да Польшаға оқуға аттанады. Польшаның Варшавадан кейінгі үлкен қаласы Лодьздағы университеттің дайындық факультетінде 8 ай оқып, поляк тілін үйренеді. Математика, физика, химия пәндерін де поляк тілінде оқиды. Содан соң, сондағы ұстаздарының кеңесімен Варшава университетіне оқуға жолдама алады. Варшава университетінде 3 жыл оқып, физикадан бакалавр деңгейін алады. Сондағы ұстаздарының кеңесі бойынша магистратураны Польшадағы Мария Склодовская-Кюри атындағы Люблин университетінің физика-математика факультетінде оқуға шешім қабылдайды. 1976-80 жылдары Люблин қаласында аталмыш университетте оқып, физика ғылымының магистрі атанады. 1982-92 жылдар аралығында ғылыми экспедицияларға қатысып, өзге де елдерде болып, ғылыми тағылымдамадан өтеді. 1986 жылы Чехословакия ғылым академиясының геология және геотехника институтында 2 ай, 1988 жылы Польшаның Атом энергиясы жөніндегі ұлттық комиссияға қарасты ядролық физика институтында 2 ай, 1992 жылы МАГАТЭ-нің Австриядағы орталық зертханасында 6 ай ғылыми тағылымдамадан өтіп, химиялық, физикалық, ядролық зерттеу әдістерін меңгереді. Ғылыми ізденістерін тереңдетіп, тәжірибесін толықтырады. Соның нәтижесінде 1993-96 жылдары Чех техника университетінің ядролық физика және физикалық ­инженерия факультетінде докторантурада оқып, «Рентген флуоресценция зерттеу әдісін көмір өндірісінде қолдану» тақырыбында докторлық диссертациясын ағылшын тілінде сәтті қорғап, техника ғылымының докторы дәрежесін иеленеді. Ғалымның осы еңбектері ес­ке­ріліп, оған «Моңғолияның білім, ­ғы­лы­мына еңбек сіңірген қайраткер» атағы беріледі. Осы жылдары оның еңбектері халық­ара­лық ғылыми журналдарда жария­ланды.

 

АТАМЕКЕНГЕ ОРАЛУ

 

Жалпы Қазақстанға шетелдердегі қазақтардың көшін Моңғолия қазақтары бастады. Еліміз тәуелсіздігін алысымен, 1992 жылдың басынан 90 адам еңбек шартымен елге келіп жұмыс істеуге құжат­тарын дайындап, көктемде туған жерге табандарын алғаш тірейді. Бұл кезде немістер мен орыстардың алды өз Отан­дарына кете бастаған. Жұмысқа орна­ласқан моңғолиялық қазақтардың көпшілігі қайтып барып отбасыларын да көшіріп әкеледі. Ол кезде моңғолиялық қазақтардың атамекенге оралуға құлшы­нысы жоғары болатын. Сондықтан да алғашқы көштің артынан лек-легімен елге оралушылар қатары көбейе береді. Сол көптің басында Досан Баймолдаұлы да 1992 жылы Венаға докторантураға оқуға кетерінің алдында отбасын елге көшіріп келеді. Бала-шағасын Алматыға орна­лас­тырып, өзі Австрияға ғылыми жұмысына кетеді. 1996 жылы елге оралады. Қолында докторлық дипломы бар оны бір керек етсе осылар қабылдар деп, Алатаудағы Ядролық физика институтына барады. ­Директоры құжаттарын көріп, ­«Ай­­налайын, нағыз бізге керек маман екенсің, бірақ институттың жағдайымен та­­нысып шық» деп, қасына бір маманын қосып береді. Институтты аралап, зерт­хана­ларын көріп, өте жұпыны екенін байқайды.

 

Досан Баймолдаұлы өз елімізде қызметтің реті табылмаған соң, Чехияға барып бұрынғы өзі қызмет еткен техника институтында жұмысын қайта жалғастырады. Кейіпкеріміз бірден «НАТО-Семипалатинск» деген жобаға қатысады. Семейдегі полигонда кезінде 427 рет жерасты және үсті жарылыстары жасалған. Міне, соның қоршаған ортаға, жерге, суға, адамдарға, жан-жануарға тигізген зиянын тексеруге Еуропа көңіл бөлген. Оған Бельгия, Голландия, Чехия ғалымдары қатысады. Топ-топқа бөлініп, Семейге барып топырақтан, судан, жан-жануардан, бәрінен сынама алады. Ол сынамаларды үш елдің зертханаларында зерттеп, ол туралы Еуропаның ғылыми журналдарында бірлескен есепті мақалаларын жариялайды. Одан кейін солтүстік Чехияның экологиясына қатысты Еуроодақтың тағы бір ғылыми жобасына қатысады. Кейіпкеріміздің айтуынша, Чехиияның солтүстігі өнеркәсібі өте дамыған аймақ. Онда көмір көп. Ал кәсіпорындары көмірді көп пайдаланады. Сол көмірден шығып, ауаға тараған улы газдардан ­ормандарында ағаштардың жапырақтары қурап, жалпы орман бүліне бастаған. Соның себебі мен салдарын зерттейді.

 

«ШЕТЕЛ ҚАЗАҚТАРЫ» ХАБАРЫ

 

1995 жылы «Азаттық» ­радиосы Гер­мания­ның Мюнхен қаласынан Чехияның Прага қаласына көшіріледі. Ал Досан Баймолдаұлы бұл кезде Чехияның техника институтында ғылыми жұмысын жалғастырып жүрген еді. Бір күні көшеде сол кезде радионың қазақ редакциясын басқаратын Хасен Оралтай ағамыз бастаған қызметкерлермен кездесіп қалады. Осы кездейсоқ кездесуден кейін олар жиі жолығып, әңгімелесіп тұрады. Кейіпкеріміздің ағылшын тілін, компьютерді жетік білетініне, ең бастысы қоңыр даусына қызығып, радиоға қызметке шақырады. Алайда өзі жақсы көретін ғылым саласын тастап кетуді қимаған Досан Баймолдаұлы бірден келісімін бермейді. Сөйтіп жүргенде келісім-шарт уақыты бітіп, Хасен ағамыз елге кетеді де орнына америкалық маман Чарльз Карисон келеді. Хасен ағамыз кетерінде өз орнына келген басшыға Досан Баймолдаұлы туралы айтып, ­маманнан қиналса шақырып көруін өтінеді. Америкалық басшы кейіпкерімізді шақырып, өз жұмысынан қол үзбей жүріп үш ай жұмыс істеп көруді ұсынады. Доскең бұл жолы келіседі. Журналистік жолын осылай бастап кетеді. Ағылшын тілі мен ақпарат алу көздерін жақсы білетін кейіпкеріміз жаңа жұмысын тез меңгереді. Ұтымды ұсыныстарды қабыл алған кейіпкеріміз радиода жүріп Стамбулда Оспан батырға арналған ғылыми конференцияда ­баяндама жасау мүмкіндігіне ие болады. Одан кейін Американың Нью-Йорк қаласында өткен халықаралық семинарға қатысады. Онда БҰҰ-ның ғимаратында өтіп жатқан шараларды тікелей таспалап, монтаждап «Азаттыққа» жіберіп отырады. Одан кейін Вашингтонға барып ол жерде монтаж жасайтын жаңа бағдарламаларды үйренеді. Сөйтіп, АҚШ іссапарынан да мол тәжірибе жинап қайтады. Соңғы екі жылда отбасын да Прагаға алдырып алады. Осылайша, 1996-2002 жылдары «Азаттық» радиосында жемісті еңбек етеді. Әке-шешесі қартая бастаған соң, отбасылық жағдайын басшыларына айтып, жұмысын елге ­ауыстырады. «Азаттықтың» Қазақстан бойынша аға тілшісі болады. 2002-2008 жылдар аралығында эфирден «Шетел қазақтары», «Өзгерген дүниедегі Орталық Азия», «Экономика жаңалықтары» секілді 3500-ден аса радиохабарлар мен сараптамалық мақалалары эфирден өтеді. Еліміздегі Президент, Парламент сайлаулары секілді саяси додалардың ортасында жүріп, халықаралық бақылаушы және ­радиожурналист ретінде қатысып, ­шынайы нақты хабарлар таратады.

 

ҰСТАЗДЫҚ ЕТКЕН ЖАЛЫҚПАЙ

 

2008 жылы Абай атындағы Ұлттық педагогикалық университеті ұстаздары мен студенттері Хасен Оралтай ағамызды кездесуге шақырады. Ол кісі Доскеңе хабарласып, «менімен бірге жүр» деп ертіп алады. Кейіпкеріміз ол уақытта әлі «Азаттық» радиосында қызмет ететін. Бұл кездесу туралы кейіпкердің өзі айтсын:

 

- Кездесу барысында Хасен аға бір сауалға өзі жауап берсе, екіншісін маған бұрады. «Мен қазір шығармашылық демалыстамын, қазіргі ақпарат, саясатты білмеймін, Досан жауап берсін» дейді. Өзімізде не болып жатыр, әлемде қандай жаңалық бар, сұрақтарға толық ­жауап беріп отырдым. Кездесу бітіп, мұғалімдермен бірге сондағы халықаралық журналистика кафедрасына бардық. Онда меңгерушісі Татьяна Щевякова маған жатып келіп жабысты. «Біздің студенттерге сабақ беріңіз, халықаралық журналистикадан дәріс оқыңыз» деп. Аяқ астынан не дейін, ойланайын дедім. Сөйтіп жүргенде бір күні әлгі меңгеруші хабарласып, «Ректорымыз шақыртып жатыр, келіңіз» деді. Барсам ол кісі де «Сіздің Еуропадан жинаған тәжірибеңіз біздің студенттерге керек, жұмысыңыздың арасында бос уақытқа дәрісіңізді қойып берейік, жұмысыңызды да істей беріңіз, сабағыңызды да жүргізіңіз» дейді. Ойлана келе келісімімді бердім. Сөйтіп, елуден асқанда оқытушылық қызметімді бастап кеттім.

 

Қандай жұмысқа болсын жауапкер­шілікпен қарап, тыңғылықты дайындалатын Досан Баймолдаұлы ұстаздықты да бірден меңгеріп кетеді. Баяғы ­Хасен ағасы мақтайтын қоңыр даусы мен мазмұнды сабақтары студенттерге ұнап, дәрісін студенттер іздеп жүріп қатысатын оқытушылардың біріне айналады. Оқу жылының соңында университеттің жалпы оқытушыларының рейтингі шығарылғанда алдыңғы бестікке енді. Мұны ҚазҰУ-дың журналистика факультетінің деканы естіп, «Екінші оқу жылында бізге де келіп дәріс оқыңыз» деп олар да шақырды. ҚазҰУ басшылығы оған халықаралық журналистика мамандығына лайықтап оқулық жазуға ұсыныс жасайды. Алғашқы оқу құралын 2009 жылы Сағымбай Қозыбаев екеуі бірлесіп жазады. Ол «Азаттық» радиосы: тарихы және тәжірибесі» деп аталады. Бұл оқулық кітап «Қазақ университеті» бас­пасынан шығады. Одан кейін Абай атындағы ұлттық педагогикалық университеті де өздерінің баспасынан оқулық кітап шығаруға ұсыныс жасайды. 2010 жылы «Қазақ публицистері» деген кітапты да жазып, ол осы оқу орны баспасынан жарық көреді. 2011 жылы «Шындық жаршысы», 2012 жылы «Телевидение РК» деген оқулық кітаптары жарық көреді. Екі оқу орнында қатар үш жыл қызмет еткен соң, Абай атындағы ұлттық педагогикалық университетінің басшылығы халықаралық журналистика кафедрасына меңгеруші етіп тағайындайды. Доскең мұнда ­«Таным» телестудиясын құрып, халықаралық кафедраның атына заты сай етіп жұмыс істейді. Студенттердің білім деңгейі де көтеріледі. Екі жыл қатарынан ғылыми жобаға қатысып, студенттермен бірлескен грант та ұтып алады. Досан Баймолдаұлы одан кейін «Болашақ» бағдарламасымен жастар ғана емес, оқытушылар да білімін тереңдетуге болады деген талабы бойынша Польшаның Познань қаласындағы Адам Мицкевич атындағы университінде саясаттану және журналистика мамандығы бойынша ғылыми тағылымдамадан өтетін грантты ұтып алады. Елуді еңсерген шағында жастық шағы өткен Еуропаға қайтадан жол тартады.

 

ҚАЗАҚТАРДЫ ТАНЫСТЫРҒАН ПОЛЯКТАР

 

Қазақтың ұлы ақыны Абай болса, поляктардың ұлы ақыны Адам Мицкевич. Поляк ғалымдары қазақ фольклорын көп зерттеген. Еуропаға қазақтардың салт-дәстүрін таныстырған да поляктар. Кейіпкеріміздің Еуропадағы алғашқы білімі де осы Польшадан басталған. Сондықтан ол поляктарға деген құрметін білдіріп, бір жыл сонда оқығанда екі кітап жазып шығады. Біреуі «Польша күнделігі» деп аталса, екіншісі «Еуропадағы ­қа­зақ­тар». Екеуі де ғылыми-танымдық зерттеу еңбек. Екінші кітап Мәдениет және спорт министрлігінің әлеуметтік бағ­дар­ламаларды қолдау аясында жарық көріп, еліміздің барлық кітапханаларына таратылған.

 

- Еуропада жиырма жылдан артық жүргенде поляктарды көп зерттедім. Еуропадағы қазақтар туралы мәліметтерді де Қазақстанға жеткізуге тырыстым. 1992 жылы елімізде дүниежүзі қазақтарының алғашқы құрылтайын ұйымдастырғалы жатқанда сол комиссияның мүшесі Сұлтанәлі Балғабаевқа Еуропадағы қазақтар туралы мәліметтерді, ­мекенжай, телефон номерлерін бердім. Ол кезде қазіргідей ғаламтор жоқ, ол кісі қиналып жүр екен, қатты қуанды. Кейін осы зерттеуімді тереңдетіп, мұрағаттық құжаттармен толықтыра келе жазылған еңбек бұл. Адам Мицкевич университеті Еуропада тұңғыш рет қазақ тілі бөлімін ашқан жоғары оқу орны. Сонда оқып жүрген кейбір ­поляк студенттер қазақ тілінде өзімізден барған поляк диаспорасының балаларынан артық сөйлейді. Онда түркітанушы ғалым ­Хенрик Янковский деген профессор бар. Жұбайы қазақ қызы. Сол екеуі бірлесіп Абай атамыздың қара сөзін поляк тіліне аударып, оған Варшавадағы Қазақстанның елшілігі қаржы бөліп, кітап етіп шығарған. Польшада жүргенде осы университет пен өзіміздің елшілік арқылы Польшада Абай орталығын ашуды ресми орындарға ұсыныс жасадық. Кейін сол ұсынысымыз орындалып, бүгінде онда «Абай орталығы» жұмыс істеп тұр. Жалпы Еропадағы ­поляктар мен Орта Азиядағы қазақтардың арасында ұқсастықтар өте көп. Мен оны кітабымда егжей-тегжейлі зерттеп жаздым, - дейді кейіпкеріміз.

 

Досан Баймолдаұлы Еуропада зерттеу жүргізу барысында Мұстафа Шоқайдың Польшамен байланысы туралы деректерге кезіккен. Сол заманда Польшада «Прометей» деген ұйым болған. Ол Ресейдің қол астындағы отар елдерден қуғындалған саяси қайраткерлердің басын қосып, олардың еңбектерін жариялап, одан ары Ресейге қарсы күрестерін жалғастыруларына мүмкіндік жасаған, одан да үлкен жоспарлары болған. Ол ұйымның үлкен қайраткері маршал Юзеф Пилсудскийимен Мұстафа Шоқай дос болған. «Прометей» қозғалысы ­саяси қайраткерлерге қаржы беріп, қолдау көрсеткен деген деректер бар. Кейіпкеріміз Мұстафа Шоқай туралы тағы бір деректерді Германия мұрағаттарынан тапқан. 2015 жылы Абай атындағы Ұлттық педагогикалық университеттегі Абайтану ғылыми-зерттеу орталығында аға ғылыми қызметкер болып жұмыс істеп жүргенінде Германияның Гумбольдт университетіне арнайы бағдарламамен шақырылып, үш ай іссапарда болады. Сонда Берлин университетіндегі кітапханадан Мұстафа Шоқайдың «Яш Түркістан» журналын шығарып тұрған кездегі мақалаларын фотоға түсіріп алады. «Еуропадағы қазақтар» тақырыбына да тың деректер табады. Енді Мұстафаға қатысты деректер бар бәрін топтастырып, тағы бір кітапты дайындап отыр. Құзырлы органдар қолдау жасаса бұл құнды деректер де оқырман қолына кітап болып тиіп қалар.

 

P.S.

 

2016 жылы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университет басшылығы Досан Баймолдаұлын шақыртып, тағы да ұсыныс жасапты. «Бізде қазір сабақтарды қазақ, орыс, ағылшын тілінде жүргізуді міндеттеп ­жатыр. Соған жан-жақтан білікті мамандар іздестірудеміз. Сіз физика, математиканы ағылшын тілінде оқыған, докторлық диссертацияны ағылшын тілінде қорғаған мамансыз, бізге келіп сабақ беріңіз» дейді. Содан бері сонда физика, математика, информатика пәндерінен ағылшын тілінде сабақ береді. Басшылықтың ұсынысымен ағылшын тілінде оқу-әдістемелік кешендер дайындап шығарған. Қазіргі таңда осы ұлттық университеттегі 850 оқытушы профессорлардың арасында рейтингі бойынша алдыңғы қатарда. Үш докторантқа, елуге жуық магистрантқа жетекші болған. 16 кітаптың авторы. Оның ішінде екеуі ғылыми монография. Ғалымның бергенінен берері әлі мол. Тек соны біздің қазақ қоғамы бағамдай, бағалай білсе болғаны.

 

22.04.2021 ж.

Ақпарат көзі: anatili.kazgazeta.kz