қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет  Жаңалықтар
26.04.2021

«Сыбайлас жемқорлық-балалар көзімен» үздік балалар суреті конкурсы

 

2021 жылғы 23 сәуірде Тәрбие, әлеуметтік жұмыстар және жастар саясаты жөніндегі департамент, «Парасат» орталығы, Абай атындағы ҚазҰПУ қызметкерлер кәсіподағы ұйымының бірлесіп ұйымдастыруымен «Сыбайлас жемқорлық-балалар көзімен» үздік балалар суреті конкурсы қатысушыларының суреттер көрмесі өтті.


Шығармашылық көрмені Басқарма Төрағасы-Ректор Такир Балықбаев ашып, балаларды және олардың ата-аналарына алғыс білдіріп, жеңімпаз болған балаларды жеңістерімен құттықтады.


Балалар жұмысын бағалау үшін арнай құрылған комиссияның мүшесі, ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері, «Дарын» мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесі, Өнер, мәдениет және спорт институтының директоры Тоққожа Қожағұлов конкурсқа қатысқан жұмыстардың мазмұндық ерекшелігімен оларды орындау шеберлігіне аса мән берілгендігін атап өтті.


Одан әрі шара конкурс жеңімпаздарын марапаттау рәсіміне жалғасты.


Барлық жеңімпаздарды университет ректоры Такир Балықбаев марапаттады.


Комиссия шешімі негізінде «Адал бол!» сайысының бас жүлде иегері Ақберген Дөңес 40 000 теңге ақшалай сертификатпен марапатталды. 1-ші орынды Заманбек Амира жеңіп алып, 30 000 теңгелік сертификатқа ие болды.


«Әдептілік әлемі» сайысының 1-ші орын иегері Нұрғиса Нұранбек және «Жемқорлықсыз болашақ» сайысының 1-ші орын иегері Абдрахман Рамазан 35 000 теңгелік ақшалай сертификатпен марапатталды. Барлық жеңімпаздарға университет ректорының дипломы табысталды.


Қазылар алқасының шешімі негізінде «Сыбайлас жемқорлық - балалар көзімен» үздік балалар суреті конкурсының нәтижесі бойынша 11 жүлделі орын және 11 ынталандыру сыйлықтарының иегерлері анықталды.


Пандемиялық жағдайға байланысты 2,3 орын жеңімпаздары мен ынталандыру сыйлықтарының иегерлері 26 сәуір күні онлайн-марапатталатын болады.


Айта кететін жайт, конкурс 2021 жылдың 29 наурыз - 19 сәуір күндері аралығында онлайн форматында «Адал бол!», «Әдептілік әлемі», «Жемқорлықсыз болашақ!» сайыстары бағытында жүргізілді. Суреттер @kazupu_zhastar_tarbie Instagram парақшасында жарияланған болатын.

 

   

 

   

 

   

 

   

 

   

 

   

 

Тәрбие, әлеуметтік жұмыстар және
жастар саясаты жөніндегі департаменті