қазақша · русский · english
   
Білімді ақпараттандыру мәселелері және білім технологиялары халықаралық ғылыми зертханасы

Білімді ақпараттандыру мәселелері және білім технологиялары халықаралық ғылыми зертханасы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті (Қазақстан Республикасы), В.П. Астафьев атындағы Красноярск мемлекеттік педагогикалық университеті (Ресей), Осиек қаласының университеті (Хорватия) арасында бірлескен бағдарламалар, ғылыми жобалар, зерттеулер, ғылыми зерттеулердің барлық кезеңдеріне халықаралық сараптамалар жүргізу мақсатында құрылды.
Зертхананың ғылыми қызметінің негізгі бағыттары:
- қоғамды ақпараттандыру жағдайында педагогикалық және инженерлік білім беруді жаһандандыру бойынша мега-жобалар;
- педагогикалық және техникалық білім беру мекемелерінің студенттері, магистранттары мен PhD докторанттарын дайындаудың жаратылыстану-ғылыми бағыттарын ақпараттандыру мәселелері;
- интеллектуалды білім беру жүйелері және менталды дидактика;
- электрондық оқыту теориясы мен практикасын дамыту;
- заманауи білім беру технологиялары.
Зертхана төмендегідей қызметтерді атқарады:
- педагогикалық ЖОО мен мектептер арасында тікелей байланыс орнату;
- ғылыми-практикалық конференциялар, бірлескен семинар/вебинарлар, халықаралық білім беру кластері аясында мегасабақтар ұйымдастыру және жүргізу;
- студенттер мен магистранттарға үздіксіз педагогикалық практика алаңын қамтамасыз ету мақсатында оларды мегасабақтарды ұйымдастыру мен жүргізуге жұмылдыру;
- зертхана шеңберінде жүргізіліп жатқан ғылыми зерттеулердің негізгі нәтижелерін баяндайтын ғылыми мақалалар жариялау.
Қазіргі таңда білім беру саласында бірлескен ынтымақтастық орнату мақсатында Қазақстан мен Ресейдің білім беру мекемелерін біріктіретін халықаралық инженерлік-техникалық кластер табысты жұмыс істеуде. Аталған кластердің қатысушылары: Абай атындағы ҚазҰПУ, В.П. Астафьев атындағы КМПУ, Тұран мектеп-лицейі (Алматы қ.), №9 гимназия, №28 лицей (Красноярск қ.), №1 лицей, №3 мектеп (Ачинск қ.). Осы аталған білім беру мекемелерінің қатысуымен информатиканың көп қызығушылық тудыратын тақырыптары бойынша айына бір рет халықаралық мегасабақтар өткізіліп тұрады.
Халықаралық ынтымақтастық шеңберінде әр сейсенбі күні сағат 14.40-та В.П. Астафьев атындағы КМПУ-мен «Информационные технологии и открытое образование» ғылыми-зерттеу семинар/вебинары өткізіледі.