Негізгі бет /
БАҚ біз туралы
20.05.2021 Президент жастар мәселесіне ерекше қарайды
Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» деген мақаласында жастар саясатына қатысты да қордалы мәселелерді қозғады. Қоғамның қозғаушы механизмі, елдің келешегі кемел болуының кепілі жастар болғандықтан, бұл мәселеге атүсті қарауға әсте болмайды.
Қасым-Жомарт Кемелұлы мақаласында жастарымыздың шетелге көптеп кетіп, елге оралмай жатыр деген пікірге қатысты айтқан ойын құптаймын. Аймақтану магистрі ретінде зерттейтін салам болғандықтан, қадағалап жүремін, еңбек миграциясы мәселесі аса маңызды. Әлемде қазір «үлкен Қытай» деген түсінік бар. Халқының саны жөнінен алдыңғы қатардағы Қытай мемлекеті жұмысшы күшін шартарапқа жіберіп, осындай термин қалыптастырып отыр. Қоңсылас көршіміз Өзбекстанды алайық. Өзбек билігі сыртқа кеткен еңбек миграциясы мемлекетке орасан қаржылық кіріс кіргізетінін мақтанышпен айтады. Жұмысшы күші сырт елдерден қаржы тауып, өз еліне аудару арқылы салық төлейді, басқа да мемлекеттік төлемдерді өтеп, еліне пайдасын тигізіп келеді. Қоғамда шетелге кеткен жастарымыздың оралуы сиреді, талантты өрендер өзге елде ұлтан болып қалып қояды деген де пікір бар. Сыртқа шыққаны, көргені, таным көкжиегін кеңейткені дұрыс. Кезінде Бірінші дүниежүзілік соғыстың тыл жұмыстарына 19-45 жас аралығындағы азаматтарымызды жібермейміз деп халық өре түрегелгенде, Алаш қайраткерлері «қайта ел көріп, тәжірибе жинап, өзге елдің дамуы қандай екеніне көз жеткізіп, жастарымыздың алға ұмтылысы болмай ма?» деп шетелге көптеп шығудың маңыздылығын айтқан еді. Елбасымыздың өзі әлемдік тәжірибеден, әсіресе, Сингапур мысалдарында «ақ жағалылар» реформасына сілтей отырып, әуелі шетелге жастарды оқытуға ден қоюды бастап еді. Соның көрінісі 1993 жылы елең-алаң шақта Тұңғыш Президентіміз елдің экономикалық ахуалы енді-енді бас көтеріп келе жатқан шақта «Болашақ» бағдарламасын өмірге әкелді. Соның арқасында осы уақытқа дейін он мыңға жуық талантты жастар әлемнің таңдаулы оқу орындарында білім алып, білікті кадр атанып қайтты. Рас, шетелде қалып жұмыс істеп, қазақтай ұлттың да ұландары ұстын бола алатынын дәлелдеп жүр. Дегенмен де жастар жаппай кетіп, қалып қойып жатыр деген жаңсақ пікірдің жетегіне еруге болмайды. Президент өз мақаласында Елбасының жастық шағында Украинаға кетіп, үлкен тәжірибе жинап, елге қайтып, домна пешінің қойнауынан еңбек жолын бастағанын өте орынды өнегелі мысалын келтіре білді.
Жастар шетелге барса, тәжірибесі толысады, таным көкжиегі кеңейеді, біліктілігін шыңдайды. Сондықтан мұндайға үрке қарауға болмайды. Өмір - әлемдік жаһанданудың процесі. Мақалада қамтылған тағы бір бағыт - президенттік кадр резерві. Ел ішінде қаншама талантты жастар бар. Міне, солардың томағасын сыпырып, қанатын кеңге сермейтін тұғыр беруіміз керек. Ел басқару жолында алдыңғы буынның ізін басып, ісін жалғар жастардың шоғырын қалыптастыру мүддесімен құрылған кадрлық резерв те жемісін беретін жоба деп санаймын. Билік басына келген әрбір азамат Президентіміз айтқандай, «ең алдымен ұлттық мүддеге берік болуға тиіс». Тұңғыш Президентіміздің тұсында да әкімшілік реформалардың алды ретінде мемлекеттік қызметкерлерді іріктеп, сұрыптау бағытында «А» және «Б» корпусы сынды қызметтің жаңа моделі қалыптасты. Бүгінгі Президенттің кадрлық резерві осы жобаның жүлдесін үзбей жалғастырушы іспетті. Бұл жерде қабілетіне, еңбек тәжірибесіне, дайындығына қарай бәсекелестік ритмде сынақтан сұрыпталады. Бұл - мансаппен өсемін, елге қызмет етемін деген жасқа үлкен мүмкіндік. Жас ұрпақтың таланты мен талабын тиімді бағытта дамытып, ел мүддесіне бойлату мақсатында Президент жанындағы жастар кеңесінің қызметін жандандыру керектігін баса айтты. Рас, өскелең ұрпақтың бағыты айқындалғанда ғана көшіміз көшелі болады. Жастар кеңесі білегіне емес, біліміне сенетін, барлығын да біліктілікпен байыптайтын шоғырдың бас қосар алаңына айналуы тиіс. Әрине, жастың мәселесін тек жас біледі, сол себепті, жастармен кеңес құра, ақыл тербете, бірге шешімін іздеу форматы, бұл бүгінгі қоғамдық талап, осыны билік өте орынды қолға алып отыр. «Тәуелсіздік ұрпақтары» деген грант тағайындау ұсынысы да уақытылы шешім. Тәуелсіздігімізді жариялап, бодандықтың қылбұрауынан босаған елең-алаң шақта өмір есігін ашқан бала, бүгінде орда бұзар отыз жасқа шығады. Тәуелсіздік жылдарында өмірге келген талапты жастардың қанатын қатайту үшін мұндай гранттар молынан болғаны жақсы. Тек білім беру гранттары ғана емес, кәсіпкерлікті өрістеткісі келетін, ғылымның терең жаңалықтарын ашамын деген жастарға да қолдау көрсетіп, шығармашылығын шыңдауды қалайтын өнерлі шоғырға да мемлекеттік гранттар тағайындалып, талапты буынның томағасын сыпыратын жобаға айналуы тиіс. Димаш Құдайберген, кешегі Иманбектердей жастардың әлі де көптеп шығатынын паш ету керек. Президент мақаласында талантты жастар рухани елшілеріміз екенін баса айтты. «Адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Онан басқа нәрсеменен оздым ғой демектің бәрі де - ақымақтық» деген хәкім Абайдың даналығы қашанда құнды. Бүгінгі заманның батырлары білектің күшімен емес, білімді ісімен дараланады. Қ.Тоқаев ел дамуының басты қозғаушы күші білім мен технологияны игерген, еңбек өнімділігі жоғары жастар деп баға береді. Мағжан ақын арыстандай айбатына, жолбарыстай қайратына сенген жастардың жалыны қай кезде де қуатты. Елінің ертеңін ойлаған мемлекет алдымен жастарына жағдай жасайды.
Авторы: Мақсат Жақауов, Абай атындағы ҚазҰПУ аға оқытушысы, Рухани жаңғыру орталығының жетекшісі 20.05.2021 ж. Ақпарат көзі: halyqline.kz, PDF
|