қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет  Жаңалықтар
25.05.2021

Педагогикалық білім берудің өзекті мәселелері

 

2021 жылғы 21 мамырда Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде ҚР БҒМ Республикалық оқу-әдістемелік кеңесінің «Педагогикалық ғылымдар» білім беру саласындағы Оқу-әдістемелік бірлестігі-Жобаларды басқару топтарының мәжілісі өтті. Пленарлық мәжіліске Қазақстанның жоғары оқу орындары, Ақыл-есінің немесе бой-бітімінің жетілуінде кемістігі бар балалар мен жасөспірімдерді әлеуметтік бейімдеу және кәсіби еңбекпен оңалту орталығы, Арнайы және инклюзивті білім беруді дамытудың ұлттық ғылыми-практикалық орталығы, Алматы қаласы Білім басқармасы өкілдері онлайн режимде қатысты. Мәжілісте педагогикалық кадрларды даярлау бағыттары бойынша «Педагог» Кәсіби стандартына өзгерістер енгізу, жаңадан жасалған «Арнайы педагог» және «Педагог-психолог» кәсіби карточкасы, Абай атындағы ҚазҰПУ-да педагогикалық практиканы ұйымдастыру тәжірибесі, «Педагогика және психология» мамандарын кәсіби даярлаудағы мәселелер мен «Сурдоаударма және ым-ишара тілі» білім беру бағдарламаларын даярлау туралы өзекті мәселелер қарастырылды.

 

Мәжіліс модераторы ретінде Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің стратегиялық даму және интернационалдандыру жөніндегі проректор м.а. Ақтолқын Тұрлыханқызы сөз сөйледі.

 

Мәжілісте академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің мектепке дейінгі және психологиялық-педагогикалық даярлық кафедрасының меңгерушісі Наталья Мирза, Абай атындағы ҚазҰПУ базасындағы ҚР ЖОО инклюзивті білім беру бойынша ресурстық кеңес беру орталығының директоры Зульфия Мовкебаева, Абай атындағы ҚазҰПУ академиялық мәселелер жөніндегі департамент директоры Хайролла Жанбеков, Абай атындағы ҚазҰПУ «Педагогика және психология» жоба командасының жетекшісі Айгерім Нұрәліқызы, Абай атындағы ҚазҰПУ Педагогика және психология институтының директоры Ғалия Әскербекқызы баяндамалар жасады.

 

Мәжіліске қатысушылар педагогикалық білім берудің өзекті мәселелері туралы баяндамаларды тыңдап, талқылап, өз ойларын ортаға салды, пікірлер алмасты. Нәтижесінде Қазақстан Республикасында педагогикалық кадрлар даярлайтын жоғары оқу орындары үшін ұсыныстар қабылданды.

 

Сағат 14.00-де өткен «Педагогикалық ғылымдар» педагогикалық кадрлар даярлау бағыттары бойынша Оқу-әдістемелік бірлестігі-Жобаларды басқару топтарының 7 секциялық мәжілістерінде жалпы дамудың пәндік мамандандырылған мұғалімдерін (педагогтар) даярлау (музыкалық білім беру, көркем білім, графика және жобалау, құқық және экономика негіздері), жаратылыстану пәндері бойынша мұғалімдер (педагогтарды) даярлау (математика, физика, информатика, химия, биология, география), гуманитарлық пәндер бойынша мұғалімдер (педагогтарды) даярлау (тарих), педагогика және психология, арнайы педагогика мамандарын даярлаудағы жаңа міндеттер, жаңа әдістер, технологияларды іздеу туралы мәселелер қарастырылды.