қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет  Жаңалықтар
24.10.2016

«Өнегелі өмір» сериясы бойынша

ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, тарих ғылымының докторы, профессор Тоқмұхамед Сәлменұлы Садықов пен ҚР Гуманитарлық ғылымдар академиясының академигі, 

түрколог-ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Немат Келімбетов туралы тарихи-деректі басылымдардың тұсаукесер рәсімі

 

Ағымдағы жылдың 21 қазанында Алматы қаласының «Ғылым ордасы» республикалық мемлекеттік кәсіпорнында тарих ғылымдарының докторы, танымал қоғам қайраткері, ҚР ҰҒА академигі  Садықов Тоқмұхамед Сәлменұлы мен түрколог-ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Гуманитарлық ғылымдар академиясының академигі  Немат Келімбетовтың шығармашылығы мен өмір жолдарына арналған «Өнегелі өнер» сериясы кітабының тұсаукесері өтті.

Іс-шара Ғылым ордасымен Абай атындағы ҚазҰПУ-нің  бірігіп ұйымдастыруымен өткізілді. Кешке Тоқмұхамед Сәлменұлының жұбайы Шолпан Абылқадырқызы, туғандары мен жақындары, шәкірттері, көзін көрген замандастары және Ұлттық ғылым академиясының ғалымдары мен академиктері қатысты. Арнайы қонақтар қатарында профессор Немат Келімбетовтың ұлы ҚР қоғам қайраткері, «Астана» халықаралық қаржы орталығының басшысы Қайрат Келімбетов, әнші, композитор, ҚР Халық әртісі Ескендір Хасанғалиев, қазақ әдебиеті ғылымының көшбасшысы, сыншы әрі әдебиеттанушы, академик Серік Қирабаев, ҚР ҰҒА академигі Әлия Сәрсенқызы Бейсенова, абайтанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Мекемтас Мырзахметұлы, Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім беру академиясының президенті Абылқасымова Алма Есімбекқызы, ғалым, қоғам қайраткері, қазақ тілінің жанашыры Асылы Әлиқызы Осман ханым сынды азулы тұлғалар қатысты. Жиналғандар қос ғалымның өмір жолы мен қызметі жайлы әңгіме шертіп, оның  адами қасиеттерін еске алды.

Еліміздің білім-ғылым саласын дамытуға зор үлес қосқан халқымыздың біртуар азаматтары - Тоқмұхамед Садықов пен Немат Келімбетовтардың өмірлік жолдары, ғылыми мұралары өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге. Сондықтан да, «Ғылым ордасындағы» бұл маңызды шараға Абай атындағы ҚазҰПУ-нің жас мамандары мен студенттері де қатысып, тәрбиелік мәні зор, тамаша әсер алды.

Ұлы тұлғаларға арналған басқосудың алғы сөзін әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің ректоры Ғалымқайыр Мутанұлы Мутанов мырза бастады. Ректор өз сөзінде, аталмыш тұлғалардың қазақ ғылымының дамуына қосқан үлесі жайлы, ұлттық педагогикалық университетіміздің мемлекеттік ауқымдағы дәрежесінің артуына ат салысқан еңбектері жайлы және болашақ ұрпаққа мұра болып қалған шығармашылық туындылары аясында баяндама жасады. Бір ретте жүргізуші болған Ғалымқайыр Мутанұлы бағдарламаға байланысты сөз кезегін белді тұлғаларға ұсынып отырды. Осы орайда келесі сөз, ҚР ҰҒА академигі, химия ғылымдарының докторы Жүринов Мұрат Жүринұлына берілді. Мұрат Жүринұлы өз сөзінде жаратылысынан іскер, қолға алған ісіне адал, ұйымдасты­рушылық қабілеті айрықша осынау тұлғалардың бүкіл саналы ғұмыры еліміздегі жоға­ры білім жүйесін өркендетуге арналғандығы жайлы айта келе, қарапайым қазақ жастары сол кісілердің үлгісімен жүреріне сенімін білдірді. Ұлы тұлғаларға арналып шығарылған «Өнегелі өмір» тарихи-деректі басылым сериясының тұсаукесер лентасын кескен абайтанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Мекемтас Мырзахметұлы өзінің өнегелі баяндамасында Абай атындағы қазақ ұлттық университетіміздің ректоры қызметін атқарған, ғалым Тоқмұхамед Сәлменұлының білім ордамыздың өрлеуіне қосқан зор үлесі жайлы айта келе, сол кездегі Алматы мемлекеттік университеті деген атауға ие болған жоғары оқу орнымызға «ұлттық» деген атау беруіне қосқан үлкен еңбегі жайлы мазмұнды  баяндама жасады.

«Өнегелі өмір» тарихи-деректі басылымдар сериясының тұсаукесерінде Қазақстанның белді ғалымдары мен жазушы қауым қатысты. Тұсаукесер рәсімінің соңында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ университетінің ректоры сөз алып, жиналған қауымға алғысын білдірді.

Тәрбие, әлеуметтік жұмыстар

 және жастар саясаты жөніндегі басқармасы