Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2020 жылғы 19 қазанындағы № 534 бұйрығы бойынша «Запастағы офицерлер бағдарламасы бойынша әскери дайындық қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2017 жылдың 24 шілдедегі № 375 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы бұйрығы бойынша.
Әскери кафедрада оқыту үшін студенттерді іріктеуді жыл сайын іріктеу комиссиясы конкурс негізінде қабылдау жоспарына сәйкес жүргізеді.
Әскери кафедраның құжаттарды қабылдауы іріктеу комиссиясының жұмысы басталғанға дейін 10 жұмыс күні бұрын аяқталады.
Конкурсқа қатысуға конкурс өтетін жылы 24 жастан аспайтын студенттер жіберіледі.
Әскери кафедрада оқыту үшін студенттерді іріктеуге конкурс төрт кезеңде жүзеге асырылады: - бірінші кезең - Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2015 жылғы 2 шілдедегі № 373 бұйрығымен бекітілген Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде әскери-дәрігерлік сараптаманы жүргізу қағидаларына және әскери-дәрігерлік сараптама органдары туралы ережеге (Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11846 болып тіркелген) сәйкес медициналық куәландырудан өту; - екінші кезең - кәсіби-психологиялық тестілеу жүргізу; - үшінші кезең - дене шынықтыру дайындығын тексеру; - төртінші кезең - ЖЖООКБ басшысы жасайтын және бекітетін рейтингілік балл есебіне сәйкес жүзеге асырылатын конкурстық іріктеу.
Конкурстың әрбір кезеңінен бір рет өтуге жол беріледі.
Іріктеу комиссиясының жұмыс істеу регламентін академиялық күнтізбеге сәйкес ЖЖООКБ басшылығы айқындайды.
Іріктеу комиссиясының жұмысы ЖЖООКБ-ның академиялық күнтізбесіне сәйкес жазғы сессия аяқталғаннан кейін 10 жұмыс күнінен кешіктірілмей басталады.
ҚР ҚК-ны жасақтау үшін қажетті мамандардың резервін сапалы қалыптастыру мақсатында іріктеу комиссиясының құрамын және жұмыс істеу мерзімдерін Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары - ҚР ҚК Бас штабының бастығы (бұдан әрі - ҚМБО - ҚР ҚК БШБ) айқындайды.
Іріктеу комиссиясы мүшелердің тақ санынан (кемінде 5 адам) тұрады, оған: 1) комиссия төрағасы - әскери кафедра бастығы; 2) комиссия төрағасының орынбасары - кадр мәселелеріне жетекшілік ететін құрылымдық бөлімше айқындайтын ҚР ҚК офицері; 3) ҚР ҚК әскери полиция органының әскери қызметшісі; 4) ЖЖООКБ дене тәрбиесі және спорт кафедрасының өкілі; 5) оның басшысы айқындайтын ЖЖООКБ-ның ПОҚ қатарынан (әскери кафедра емес) өкіл кіреді.
ЖЖООКБ әскери кафедрасының өкілі комиссия хатшысы болып тағайындалады (дауыс беру құқығынсыз).
Іріктеу комиссиясының жұмыс істеу мерзімдері мен құрамы бойынша ұсыныстарды әскери кафедралар ҚР ҚМ-ға қабылдау жылының 1 сәуірінен кешіктірмей жолдайды.
Запастағы офицерлерді даярлау бағдарламасы бойынша оқу үшін құжаттар бірінші (4 жылдық оқумен) және екінші (5 жылдық оқумен) курс студенттерінен қабылданады.
Запастағы сержанттарды даярлау бағдарламасы бойынша оқу үшін құжаттар бірінші, екінші (4 жылдық оқумен) және бірінші, екінші, үшінші (5 жылдық оқумен) курс студенттерінен қабылданады.
Әскери дайындық ЖЖООКБ-да оқу аяқталғанға дейін бір жыл бұрын оқу-жаттығу жиынымен (кәсіби практикамен) аяқталады.
Әскери кафедрада оқу үшін конкурсқа қатысуға ниет білдірген студент осы қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес тізбе бойынша құжаттарды қоса берумен осы қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша өтінішті ресімдейді.
Медициналық куәландырудан өту үшін студенттерге әскери кафедрада ресімделген медициналық куәландыру карталары (бұдан әрі - 7-нысан) беріледі. Студенттерді медициналық куәландыру жергілікті әскери басқару органдарында қабылдау жылының 1 ақпанынан бастап жүргізіледі. Конкурстық іріктеуге қатысу үшін медициналық куәландыру нәтижелері 7-нысан бойынша іріктеу комиссиясының жұмысы басталғанға дейін 10 жұмыс күнінен кешіктірілмей әскери кафедраға ұсынылады.
Медициналық куәландырудан өтпеген студенттер конкурсқа жіберілмейді.
Студенттердің дене шынықтыру дайындығы осы қағидаларға 4-қосымшаға сәйкес дене шынықтыру бойынша нормативтерді тапсыру нәтижелерімен бағаланады. Үш нормативті тапсыру сомасы бойынша 8 балл жинамаған студенттер конкурс кезеңінен өтпеген болып саналады.
Студенттерді кәсіби-психологиялық тестілеу ЖЖООКБ-ның компьютерлік сыныптарында жүргізіледі және ол ынталылық, күйзеліске төзімділік, сыни тұрғыдан және логикалық ойлау деңгейін тексеруді қамтиды.
Кәсіби-психологиялық іріктеуден өту және дене шынықтыру дайындығы нәтижелері комиссия мүшелері қол қоятын ведомоста ескеріледі.
Іріктеу комиссиясының отырыстары іріктеу комиссиясының төрағасы бекітетін жұмыс жоспарына сәйкес өткізіледі және "әскери дайындыққа жіберілсін", "ақылы негізде оқу үшін ұсынылсын", "бас тартылсын" деген шешімдердің бірін қабылдаумен осы қағидаларға 5-қосымшаға сәйкес нысан бойынша хаттама ресімдеумен сүйемелденеді.
Шешім қарапайым көпшілік дауыс берумен қабылданады. Дауыстар тең болған жағдайда іріктеу комиссиясы төрағасының дауысы шешуші болып табылады.
Тегін негізде оқу үшін әскери кафедраға бірінші нөмірден бастап қабылдау жоспары бойынша бөлінген орындар санына сәйкес келетін нөмірге дейін рейтингіде тұрған студенттер жіберіледі.
Конкурс кезеңдерінің нәтижелерімен келіспеген студент сол күні іріктеу комиссиясының төрағасына жазбаша түрде өтініш (ерікті нысанда) жасайды.
Өтініштің мәні бойынша хаттамамен ресімделген іріктеу комиссиясының шешімі өтініш келіп түскен күннен бастап күнтізбелік 1 күн ішінде "қанағаттандырылсын" немесе "бас тартылсын" деген тұжырыммен қабылданады.
Конкурс нәтижелері іріктеу комиссиясының жұмысы аяқталғаннан кейін келесі күні сағат 17.00-ге дейін әскери кафедраның ақпараттық стендіне орналастырылады.
|