қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет / БАҚ біз туралы
17.06.2021

Алматыда «Қазақстанның тәуелсіздігі және рухани-мәдени құндылықтар» атты конференция өтуде

 


 

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Қазақстанның тәуелсіздігі және рухани-мәдени құндылықтар» атты халықаралық ғылыми-практикалық онлайн конференция өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

 

Конференцияға еліміздегі және басқа да алыс-жақын шетелдерден белгілі қоғам және мемлекет қайраткерлері, танымал ғалымдар, көрнекті қаламгерлер, мәдениет пен өнер саласының майталмандары, АҚШ, Түркия, Корея, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзербайжан, Ресей және тағы басқа елдердің және республиканың жетекші оқу орындары, ғылыми-зерттеу орталықтарының басшылары мен ғалымдары, университеттің оқытушы-профессорлары, жас ғалымдар қатысып жатыр.

 

Конференцияға қатысушылардың айтуынша, қазіргі әдебиет пен өнер - тәуелсіз еліміздің рухани-мәдени құндылықтарының негізі, әлемдік мәдениеттегі орнының, өркениет дамуындағы көркемдік сананың көрсеткіші.

 

Сондықтан еліміздің рухани даму аясындағы қол жеткізген табыстарын, сол жетістіктерге жетудегі өзіндік мәселелерді сараптау аса өзекті.

 

Конференция жұмысының бағыттары:

1.Тәуелсіздік жылдарындағы тіл мен әдебиетті зерттеудің жаңа бағыттары.

2. Тәуелсіз Қазақстан және заманауи өнер.

3. Түркі халықтарының рухани мұрасы: кеше, бүгін, ертең.

4.Тәуелсіз Қазақстан және Шығыс әлемі.

5.Қазақстандағы және әлемдегі орыс филологиясы: интеграция аспектілері.

6. Шетелдік білім берудің заманауи әдіснамалық ұстанымдары.

 

«Биылғы жылы еліміздің тәуелсіздік алғанына 30 жыл толып отыр. Тәуелсіздікке ие болған отыз жылдың ішінде еліміз ішкі және сыртқы саясатында үлкен байсалды қадамдарымен, экономикада батыл бастамаларымен бүкіл әлемге танылды, рухани өмірге көптеген жаңа өзгерістер енді. Ең алдымен экономиканы, әлеуметтік саланы нығайту, сонан соң мәдениет пен руханиятты өркендету жолында жанқияр еңбекке толы бұл үш онжылдық ел тарихындағы айтулы беттер болды. Тәуелсіздік әдебиет пен өнердің қалыптасуына соны серпін, жаңа бағыт-бағдар әкеліп, өз дамуында еркіндікке қол жеткізді»,- дейді Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры Дархан Біләлов.

 

 

17.06.2021 ж.

Ақпарат көзі: kazinform.kz