Негізгі бет /
БАҚ біз туралы
29.06.2021 Халықаралық рейтингтер - жоғары оқу орнының дамуына серпін беретін қозғаушы күш
Бұл дүние жүзіндегі ең танымал университет рейтингі. Онда жоғары оқу орнының академиялық белсенділігі, ғылыми-зерттеу қызметінің сапасы, жұмыс берушілердің түлектер туралы пікірі және олардың мансап әлеуеті, интернационалдандыру, студенттер мен оқытушылар құрамының ұтқырлығы ескеріледі. THE WUR (Times Higher Education World University Rankings) рейтингі, аты айтып тұрғандай, «Times Higher Education» британдық басылымының нұсқасы бойынша даярланатын үздік университеттер рейтингі.
2010 жылдан бері жарияланып келе жатқан бұл рейтингте бес топқа бөлінген 13 критерий ескеріледі: оқу ортасы, зерттеулер, ғылыми дәйексөз, халықаралық ынтымақтастық және индустриядан түскен табыс. Әлемнің үздік жоғары оқу орындарының академиялық рейтингі (ARWU) басқаша Шанхай рейтингі деп те аталады. Ол 2003 жылдан бастап Шанхай Цзяо Тун университетінде жұмыс істейді. Бастапқыда Қытай университеттерінің халықаралық деңгейдегі көшбасшы ЖОО-лар арасындағы орнын анықтау үшін құрылған бұл рейтинг кейіннен әлемдік маңызы бар әрі ең күрделі рейтингтердің біріне айналды.
Онда Нобель немесе Филдс сыйлығының лауреаттары атанған түлектер немесе оқытушылардың бар-жоғы, оқыту мен оқытушылар құрамының сапасы және тағы да басқалар ескеріледі. Сондай-ақ, осы жоғарыда келтірілген әлемдік үздік үш рейтингтен басқа американдық U.S. News & World Report журналының рейтингісі де бар; Webometrics Ranking of World Universities; RUR World University Rankings; Университеттің академиялық үлгерім рейтингі (URAP); «Университеттің үш миссиясы» Мәскеу халықаралық рейтингі (MosIUR «The Three University Missions»).
Rank Pro әлемдік кәсіби рейтингі; CWUR (The Center for World University Rankings) халықаралық рейтингі; U-Multirank - институционалдық профильдері ұқсас университеттерді бағалайтын көп өлшемді рейтингі бар. Сондай-ақ, көпшілікке танымал бола қоймаған International Student Barometer (ISB), Лейден рейтингісін (CWTS Leiden Ranking) де атасақ болады. Бастапқыда айтып кеткеніміздей, барлық рейтингтердің негізгі көрсеткіштері ұқсас. Ал олардың бір бірінен айырмашылықтарына келер болсақ, олар индикаторлар саны мен салмағына байланысты бөлінбек. Әр халықаралық рейтинг бәсекелестерінен өзгешелену үшін университет қызметінің алуан қырына назар аударады.
Мысалы, UI Green Metric рейтингі университеттің өз қызметінде қаншалықты қоршаған ортаға тигізер әсерін есепке алатындығына, адамзаттың жаһандық тұрақты даму мақсаттарын көздейтіндігіне негізделген. Сөз реті келгенде айта кетейік, дәл қазір біз осы рейтингке дәлелдеме құжаттар жіберу үстіндеміз. Үстіміздегі жылдың маусым айының 9 жұлдызында жарияланған QS WUR ұсынған институтционалды рейтинг қорытынды кестесінде сараптамаға түскен жоғары оқу орындарының саны бойынша АҚШ бірінші орында (177 ЖОО) тұр, одан кейін Ұлыбритания (90 ЖОО), Қытай (58 ЖОО), Жапония (48 ЖОО), Ресей (48 ЖОО), Германия (46 ЖОО), Үндістан (35 ЖОО), Франция (32 ЖОО) көш бастап тұр.
Ал Қазақстан 14 жоғары оқу орнымен ТМД елдері арасында Ресейден кейінгі 2 орында тұр. Қалған достастық елдері рейтингке қатысқан ЖОО саны бойынша келесі ретпен орналасқан: Украина (8 ЖОО), Белоруссия (3 ЖОО), Әзербайжан (2 ЖОО), Грузия мен Армения 1 ұлттық университетімен енген. Түрлі рейтингтер тізіміне енген жоғарғы орны университет тартымдылығын арттырып, оның тұтынушылар алдындағы, демек, жұмыс берушілер, шетелдік студенттер мен мемлекет алдындағы имиджі мен беделін өсіреді. Рейтингтерге қатысу университеттерді шапшаң өзгерістер үстіндегі әлемнің жаңашыл, оң бағыттағы үрдістеріне сәйкес дамуға, білім беру мен зерттеу бағдарламаларын жақсартуға, өзіне талантты оқытушылар мен ғалымдарды тартуға ынталандырады.
Түбінде, халықаралық рейтингтер ұлттық білім беру жүйесінің имиджіне қатты әсер етеді. Ендігі жерде Абай атындағы ҚазҰПУ-дың әлемдік рейтингтерге қатысуы мен ондағы иемденген орындары туралы айтып өтер болсақ, онда университет QS World University Rankings сараптамасына 2010 жылдан бері қатысып келеді. Содан бергі рейтингке қатысу тарихында Абай университетінің ең жоғары көрсеткіші 2018 жылы жарияланған «QS WUR 2019» бойынша иемденген орны 481. Содан кейінгі екі жылда құлдырай төмендеген көрсеткіш (2020-561, 2021-601) биылғы жылғы «QS WUR 2022» кезінде ғана оң динамика танытып, алдыңғы жылмен салыстырғанда 50 орынға алға шықты.
Сөйтіп, университет қазірде әлемнің 1300 ЖОО ішінде 551 орында тұр. Ал дамушы Еуропа мен Орталық Азия елдері (ЕЕСА) университеттерінің арасында 82 орынға шықты. Алдыңғы жылмен салыстырғанда 23 орынға жылжу байқалады. 2010 жылдан бері QS жалпылама институтционалды рейтингпен қоса пәндік рейтингтерді де (QS World University Rankings by Subject) даярлап жүр. Мұнда тек төрт көрсеткіш бар: академиялық қауымдастық пен жұмыс берушілер пікірі, дәйексөз және Хирш индексі, яғни жоғары оқу орнының ғылыми қызметінің өнімділігін бағалау көрсеткіші.
«QS World University Ranking by Subject 2021»-де әлемнің 157 елінің 1453 университеті 51 пән (мамандық) бойынша сараптау жасалды. «QS WUR by Subject 2021» пәндік рейтингінде ғылыми метрикалық көрсеткіштер Scopus деректер базасынан алынған 81 миллион рет келтірілген 13,9 миллионнан астам мақаланы талдау негізінде жасалды. Сондай-ақ, рейтинг 100 мыңнан астам оқытушының, 50 мың жұмыс берушінің пікірін ескере отырып жасалғанын атап өткен жөн. Абай атындағы ҚазҰПУ «Өнер және гуманитарлық ғылымдар» пәндік саласының «Ағылшын тілі мен әдебиеті» және «Әлеуметтік ғылымдар және менеджмент» пәндік саласының «Білім» мамандықтарымен (Subject) 201-250 пәндік рейтингінің тобына енді.
Баса айта кететіні - республикамыздың жоғары оқу орындары арасында Абай атындағы ҚазҰПУ «Білім» мамандығы бойынша рейтингке енген жалғыз жоғары оқу орны болып шықты. Бұдан бөлек, 2020 жылы Абай атындағы ҚазҰПУ THE Impact Ranking рейтінгіне де тұңғыш рет қатысып, онда бірден 801-1000 тобындағы университеттер арасынан өз орнын алды. Ол рейтинг жаһандық тұрақты даму мақсаттарын (ағылш. SDG - Sustainable Development Goals) көздейді. Бұл рейтингті Times Higher Education журналы алғаш рет 2019 жылы жариялаған болатын.
Бүгінгі таңда бұл тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу бойынша бүкіл әлемдегі университеттердің жаһандық қызметінің жалғыз сараланған тізімі. Рейтинг жоғары оқу орындарының өздері, сондай-ақ Elsevier баспасы библиометрикалық деректерді жеткізуші ретінде ұсынған көрсеткіштерге негізделеді. THE University Impact Rankings жалпы рейтингіне 94 елден 1115 ЖОО (оның ішінде Қазақстан Республикасының 7 ЖОО) енген. Рейтингті даярлаудың түпмақсаты мен мәні - барлық білім беру мекемелерін бірыңғай жүйеге біріктіре отырып, саралау, сондай-ақ, талапкерлерге өзіне лайықты ЖОО табуға көмектесу.
Мысалы, QS рейтингі үлкен каталог ретінде құрылған, онда, сіз қажет деген жоғары оқу орнын саласына, географиялық орналасуына және т.б. қарай бағалай аласыз. Бұл сайттың трафигі айына екі миллион адамды қабылдай алады. Ендеше, әлемдік рейтингке ену дегеніңіз ғылыми-академиялық ортадағы абырой ғана емес, сонымен қатар, жақсы маркетингтік құрал, жарнама көзі десек те болғандай. Әрине, рейтингке қатысу оқу орны үшін үкілеген жалғыз дара мақсат емес.
Әрбір білім беру жүйесінің нақты экономикалық және саяси ортада жұмыс істейтіндігі мәлім, ендеше, әлемдік рейтингтердің метрикалық жүйесіне толықтай мойынсұнып, солар қойған стандарттарды ұстану керек пе, керек емес пе? Бұл да ашық сұрақ. Өйткені рейтингке қатысушы білім беру жүйелерінің тарихи, экономикалық және әлеуметтік бэкграунды (өткен тарихы) алуан түрлі - жоғары білім беруді қаржыландыру көлемдері мен тетіктері де, қаржыландыру мөлшері де, профессор-оқытушылар құрамы мен студенттер саны да әртүрлі.
Жетекші рейтингтердің көрсеткіштері білім беру сапасына да, білім беру ұйымдарының инновациялық қызметінің нәтижелеріне де назар аударуға мүмкіндік береді. Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті болашақта «QS Stars Rating System» халықаралық бағалауына қатысуды жоспарлап отыр. Британдық QS компаниясы жүргізетін аудитта университет төрт негізгі топқа топтастырылған 50-ден астам көрсеткіштер бойынша бағаланатын болады.
Біз бірқатар көрсеткіштер: оқыту, жұмысқа орналасу мүмкіндігі, зерттеу, интернационалдандыру, қызмет көрсету, өнер және мәдениет, инновация, заманауи тілдер бойынша жақсы бағаға ие боламыз деп үміттенеміз. Сөйтіп, университет өзінің білім беру бағдарламалары мен зерттеулерін ілгерілетудің, демек бәсекеге қабілеттілікті арттырудың тағы да бір қосымша құралына ие болады. Университеттің жоғары оқу орындарының беделді әлемдік рейтингтеріне енуі - Abai University ұжымының бірлескен үйлесімді жұмысының нәтижесі.
Авторы: Ақтолқын Құлсариева, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалықуниверситетінің Стратегиялық даму және докторы, профессор, ҚР ҰҒА-ның корреспондент-мүшесі 29.06.2021 ж. Ақпарат көзі: bilimdinews.kz
|