Негізгі бет /
БАҚ біз туралы
18.09.2021 Дархан Біләлов: Абай университеті әлеуметтік жауапкершілігі жоғары университетке айналады
2021 жылғы 17 қыркүйекте Абай атындағы ҚазҰПУ Басқарма төрағасы-ректоры Дархан Біләловтың халыққа есеп беру кездесуі өтті. Іс-шара ZOOM платформасында онлайн форматта өткізіліп, YouTube каналы мен Instagram ресми парақшасында көрсетілді.
Ректор Дархан Біләлов баяндамасында 2020/2021 оқу жылының қорытындысын шығарды, университеттің білім беру, ғылыми-инновациялық, қаржы-шаруашылық және әлеуметтік-тәрбиелік қызметіне егжей-тегжейлі талдау жасап, жетістіктерін, университеттің стратегиялық міндеттері мен даму басымдықтарын, сондай-ақ, жаңа оқу жылы мен келешекте күтілетін нәтижелерді атап өтті.
Еліміздің басты педагогикалық университеті - Абай университеті талапкерлерді қабылдау бойынша оң динамиканы көрсетуде. Университеттің стратегиялық дамуының негізгі көрсеткіштерінің бірі - білім берудің барлық деңгейлері бойынша білім алушылардың саны айтарлықтай артты. Контингент өткен жылдармен салыстырғанда сандық және сапалық көрсеткіштер бойынша өсті.
Абай атындағы ҚазҰПУ-дың салалық білім берудің ұлттық оқу-және ғылыми-әдістемелік орталығы ретіндегі қызметі орта білім беру мазмұнын жаңарту және мұғалімнің кәсіби құзыреттілігіне қойылатын жаңа талаптар жағдайында педагогикалық және ғылыми-педагогикалық кадрларды даярлауды жетілдіруге бағытталған.
Өз білімдерін үздіксіз жаңартуға қабілетті, сыни ойлайтын және функционалды сауатты педагогты дайындауға қоғам тарапынан қойылатын талаптардың артуы оқытудың заманауи әдістері мен технологияларын қолдануға негіз болады.
Түлектердің еңбек нарығында сұранысқа ие болуы, жұмыс берушілердің жас мамандарды кәсіби даярлау сапасына қанағаттану дәрежесі көбінесе университет қызметінің тиімділігін айқындайды. Абай атындағы ҚазҰПУ педагогикалық мамандықтар түлектерінің жұмыс берушілері Алматы қаласы мен Алматы облысының ғана емес, республиканың барлық өңірінің білім беру мекемелері болып табылады. Оқуды бітіргеннен кейінгі бірінші жылы түлектердің 95-97% жұмысқа орналасады.
Ғылым барлық жетекші университетте, соның ішінде Абай атындағы ҚазҰПУ-да білім беру процесінде маңызды рөл атқарады.
Дархан Біләлов университеттің осы бағыттағы стратегиялық мақсаттарын, жүзеге асырылып жатқан жобалар мен қол жеткізілген нәтижелерді ерекше атап өтті.
«Жақын болашақта біз Алматы қаласы мен жалпы еліміздің білім беру саласындағы инновациялық білім беру тәжірибелерін енгізу және тарату, педагог мәртебесін арттыру, білім беру жүйесін білікті педагогикалық кадрлармен қамтамасыз ету сияқты нақты мәселелерді шешуге бағытталған университеттің моделін қалыптастырдық. Университет педагогикалық кадрларды кәсіби көптілді даярлауды қамтамасыз етіп, үш тілде білім беруге мүмкіндік береді», - деді Д.Біләлов.
Ректор сонымен қатар Абай атындағы ҚазҰПУ қызметінің жаңа бағыттарын атап өтті. Осылайша, Кибер-педагог, Педагогикалық дизайнер, Онлайн-платформа кураторы, Веб-психолог және т.б. сияқты заман талабына сай мамандықтар бойынша білім беру бағдарламалары құрылатын болады. Университеттің ғылыми әлеуетін ғылыми қызметкерлердің/ассистенттердің жобаларына қатысу арқылы нығайту; докторанттардың жұмысына байланысты профессор-оқытушылар құрамның жүктемесін азайту; білім беру ұйымдарының басшыларының EdD дәрежесін алуы көзделеді.
Жоғары оқу орнының басшысы: «Біз кадрлық әлеуетті нығайту, мықты ғалым-педагогтарды тарту, жас талантты зерттеушілерді қолдау, сондай-ақ жыл сайын 30 ішкі грант бөлу, гранттық ғылыми жұмыстарды іске асыру ұзақтығын 12 айдан 3 жылға дейін ұлғайту арқылы «Педагогикалық ғылымдар» бағыты бойынша ғылыми мектептерді дамытуды жоспарлап отырмыз», - деді.
Ректор сонымен қатар Абай университеті әлеуметтік жауапкершілігі жоғары университетке айналатынын атап өтті. Сапалы білім беру мен жастардың жан-жақты дамуы үшін жағдай жасау жөніндегі жоғарыда аталған барлық бағыттар мен шаралар мемлекет саясатымен үйлесімді ұштасатын болады.
Есеп беру барысында профессор-оқытушылар құрамы мен студенттердің жетістіктері мен марапаттары айтылды. Оқытушылардың біліктілігін арттыру әртүрлі пән бойынша, Қысқы және Жазғы мектептерде үнемі өткізілетін курстарда, университет ұйымдастырған тағылымдамалар мен ағылшын тілі курстарында жүзеге асырылады. Республиканың білім беру ұйымдарының оқу, ғылыми-әдістемелік және шығармашылық әлеуетін үйлестіретін, қолдайтын және дамытатын педагогикалық білім мен педагогикалық ғылымдар саласындағы білім беру және ғылыми-инновациялық жобаларды іске асыру бойынша жұмыстар атап өтілді.
Есеп беру кездесуінде іс-шара қонақтарына сөз берілді. Абай атындағы ҚазҰПУ мен оның жаңа ректорының жемісті жұмысын атап өтіп, еліміздің жетекші педагогикалық жоғары оқу орнын одан әрі дамыту бойынша ұсыныстар жеткізіп, жаңа табыстар тіледі. Кездесуге қатысушылардың барлығы ректорға сұрақтар қойып, толық жауап алуға мүмкіндік алды.
Авторы: Римма Абдыкадыр 18.09.2021 ж. Ақпарат көзі: aikyn.kz
|