Негізгі бет /
БАҚ біз туралы
20.09.2021 Жастардың бойында патриоттық сезімді қалай нығайтамыз?
Білім жүйесінде басты назар аударатын, тәрбие салаларының бірі - отансүйгіштік тәрбие. Ұлттық дәстүрге берік, елін, жерін сүйетін азамат тәрбиелеу, жастардың бойында патриоттық сезімді қалыптастыру өскелең өмір талабынан туындап отыр. Қазіргі таңда біздің қоғамда «қазақстандық отансүйгіштік» ұғымына зор мән берілуде.
Көп ұлтты Қазақстан халқының отансүйгіштік сезімін қалыптастыратын - азаматтық келісім, ұлттық бірлік екендігі шындық. Туған жер, табиғат, оның байлықтары, дәстүр, тіл, тарихи ескерткіштер, салтқа деген адалдық, туған өлкедегі тамаша киелі орындар - жалпы ұлттық құндылықтар ешкімді де бейтарап қалдыра алмайтындығы рас.
Олар сөзсіз адам көкірегінде жылылық ұятады. Отансүйгіштік - қасиетті ұғым. Әрбір адам отанын өзі тануы тиіс. Оны жете біліп, қадір-қасиетін ұққанда, тарихын, өткен жолын, рухын, елдің басын біріктірген, жат елдерден жерін, суын, даласын, тауын қанын төгіп, қайсарлықпен қалған ерліктерін сезіп білгенде ғана, соған деген мақтаныш сезімі оянатындығы рас.
Бүгінгі Қазақстанның тәуелсіздігінің нығаюы мен дамуының обьективті шарттарының бірі - ол осы қазақстандық патриотизм. Біздің ұғымымыздағы патриотизм көзсіз құштарлық емес, ата-баба қанымен бойға сіңген отанға, елге деген саналы әрі шынайы махаббат. Отансүйгіштік деген ұғым өзің жаралған топырақ пен өскен ортаға деген ізгі сезімді білдірмейді, аясы әлдеқайда кең ұғым. Елдік, бірлік, халықтық қасиет-қазыналарды қастерлеу мен ертеңге деген берік сенім сияқты сезімдерді оятатын да осы отансүйгіштік. Оның қоғам дамуында айырықша орын алатын құдіретті рухани факторға айналуының сыры да осында жатыр.
Қазақстандық патриотизм мәселесі қазіргі таңда еліміздің аса маңызды әрі өзекті мәселелердің бірі болып отыр, сондай-ақ тәуелсіз еліміздің ғаламдық өркениет ортасынан өзінің лайықты орнын алуына бірден-бір себеп болатын маңызы ерекше өлшемнің біріне айналып отыр.
Мемлекетіміздің келешек тұтқасын ұстайтын жастарды осы бастан Отанына, атамекеніне шын берілгендік рухында тәрбиелеу басты борышымыз. Қазіргі таңда жоғары оқу орындарында оқитын суденттерге тәрбие беру мәселесіне жаңа көзқарас тұрғысынан қарау керек.
Қазақстан азаматы өзін осы елдің төл баласымын, Қазақстанды өзінің туған елі, Отаны деп есептегенде ғана қазақстандық патириотизм қалыптасады. Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың «Мәңгілік Ел» идеясын жүзеге асыратын және оны одан әрі дамытатын бүгінгі жастар екені белгілі, сондықтанда жастар осы тарихи маңызы бар идеяны жүзеге асыру үшін, өз Отанын сүйетін ұлтжанды болуы керек.
Қазақстандық патриотизмнің басты құндылықтарының бірі - қазақ тілі. Биыл Қазақстанның тәуелсіздік алғанына 30 жыл, қазақ тілінің мемлекеттік мәртебе алғанына отыз екі жыл толады. Ана тілімізді дамытып, өркендетуде біршама ілгерушілік бар, сондада мені бір қынжылтатын жағдай неге біз кез келген жиналыс болсын, не болмаса көптеген маңызды кездесулерде жиналған халықтың 95 пайызы қазақтар бола тұрсада екі тілде, яғни қазақ және орыс тілдерінде сөйлейміз.
Сол жиылыста отырған орыс тілді қазақтар үшін жасап жатқан жағдайма деп ойланам, себебі өзге ұлттың азаматтары қазақ тілін жақсы түсінеді, олардың арасында керемет сөйлейтіндері де бар. Намыссыздық па, әйтеуір тілге немқұрайды, немкетті қарау әдеті жойылар емес. Қазақ тілінің мәртебесін көтеруге тек жастар ғана емес Қазақстанда тұрып жатқан әрбір азамат үлес қосу керек.
Отанның азаттығынан, тәуелсіздігінен асқан дәулет жоқ. Тасқа қашалған тарих та, көне дәуірден жеткен даусыз дерек те ерте заманның өзінде қазақ жерінде іргелі мемлекет болғандығын, оның өзіне лайық шаруашылығы, терең мәдениеті болғандығын дәлелдейді. Ешкімге дес бермеген, ешнәрсеге мойымаған халқымыз бертінде тап болған бодандықтың бұғауынан босап еркіндік туын қайта тікті. Ендеше, аңсап жеткен арманнан ешқашан, ешқандай жағдайда ажырай алмаймыз.
Жаһандану дәуірінде ғылымға көп көңіл бөлген ел озып шығады. Қазіргі таңда шетелдік ғалымдармен Қазақстандағы көптеген университеттер тығыз байланыс орнатқан, бұл еліміздің болашағы үшін келелі бастама. Патриотизм бұл Отаныңды сүю және сол Отанда өмір сүріп жатқан халқыңды сүю және де сол халықтың беделін, абыройын арттыру. Отансүйгіштік адамның жеке басының қамынан гөрі, елінің қамын көбірек ойлауы болып табылады.
Қазіргі таңда бізде мықты ғалым болып жүрген азаматтар бар. Міне, солардың идеясын, шығармашылықтарын, білімін еліміздің мүддесі үшін пайдалану керек. Сондықтан бүкіл қазақтың бір-ақ арман мақсаты болу керек. Ол - Қазақстанның тәуелсіздігін баянды ету. Бұдан басқа ұлы мақсат, ұлы арман қазақта болмауы керек.
Жастарды өз Отанының азаматы ретінде тәрбиелеу белгілі бір әлеуметтік- мәдени ортада жүреді, онда оның адами құндылықтар жүйесі, көзқарасы, ақыл-ойы қалыптасады. Қазақстандық патриотизм қазақстандық ақыл ойдың немесе ұлттық дәстүрдің ажырамас бөлшегі болып табылады. Біздің республикамыздың жастарының ойы, ар-ұжданы, ғылым-білімі азат болуы керек. Қазақ жастарының бірінші міндеті - Қазақстан республикасын мәңгі сақтау және қорғау болып табылады. Болмысы мен болашағының негізі осы жағдайға бағытталуы керек.
Авторы: Қалдыгүл Тұрғынбайқызы, тарих ғылымдарының магистрі, PhD доктарант, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің оқытушысы 20.09.2021 ж. Ақпарат көзі: dalanews.kz
|