қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет / БАҚ біз туралы
29.09.2021

Жолдау жүктеген міндеттер орындалып жатыр

 

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар - ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында Қазақстан халқының әл-ауқатын арттырудың негізгі басымдықтары айқындалды. Мемлекет басшысының ең маңызды және нақты тапсырмалары, ең алдымен, халықтың әл-ауқатын жақсартуға ғана емес, сонымен қатар бұған ықпал ететін салаларға, атап айтқанда, білім беруге бағытталған.

 

Жолдауда Президент білім сапасының жақсаруы мен мұғалімдерді қолдауға ерекше тоқталды. Мемлекет басшысының бұл бағыттағы саясатын Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов белсенді қолдауда. Қазірдің өзінде педагогикалық қызметкерлерді ғана емес, студенттерді де жігерлендіретін нақты шаралар қабылданды. Министр Президентіміздің мемлекеттік университеттер қызметкерлерінің жалақысын көтеру туралы шешімінің маңыздылығын бірнеше рет атап өтті. Бұл тапсырма Абай университетінде де жүзеге асырылды. Оқытушылардың жалақысы айтарлықтай өсті.


Қазіргі жаһандық өзгерістер кезеңінде жоғары оқу орнының түлегінің білімі еңбек нарығына шыққанға дейін жеткіліксіз болып қалуы мүмкін. Сондықтан министрлік пен жоғары оқу орындарының алдында оқу бағдарламаларын жаңа талапқа бейімдеу міндеті тұр. Елге жігерлі және білікті мамандар қажет. Мұғалімдердің цифрлық сауаттылығын арттыру, орта білім беру мекемелерінің басшыларымен тығыз байланыс орнату, біліктілікті арттыру курстарын құру бойынша жұмыстар жаңа бағыт алды, бірқатар қызықты жобалар әзірленді және жүзеге асырылуда. Бұл бағытта Абай атындағы ҚазҰПУ-да жүйелі жұмыстар жүргізілуде.


Осылайша, «Цифрлық мұғалім» жобасы аясында университеттің оқытушылары жаңа оқу жылына арналған біліктілікті арттыру курстарынан және арнайы дайындықтан өтті. Абай атындағы ҚазҰПУ мамандарының және Алматы облысының білім басқармасы мен Қарасай ауданының білім бөлімінің басшылығының қатысуымен орта білім беру ұйымдарының басшылары үшін «Мектептегі көшбасшылық және тиімді басқару» біліктілікті арттыру курсы жүргізілді. Курс барысында білім саласындағы көшбасшылық теориялар мен зерттеу әдістері, жалпы білім беретін мектепті басқарудың бірінші жылында кездесетін қиындықтар, Қазақстан білім жүйесіндегі шағын зерттеулер, білім саласындағы өзгерістердің мектеп деңгейінде орнығудың негізгі кезеңдері: әр кезеңдегі мектеп директорының әрекеті, ХХІ ғасыр мектеп директорының рөлдері сияқты өзекті тақырыптар кеңінен талқыланды.


Жыл сайын 50 мың мектеп түлегі жоғары оқу орындарына ақылы негізде түседі. Оған университет тарапынан әлеуметтік қолдау көрсетіледі, себебі студенттердің жартысынан астамы - аз қамтылған отбасылардан шыққан студенттер.


Әрине, барлық білім алушылар бұл жаңалықты қуана қабылдады - ағымдағы жылдың қыркүйегінен бастап Президенттің тапсырмасын және Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асыру аясында бакалаврлар стипендиясы 20%-ға, магистранттар мен докторанттардың стипендиясы 15%-ға артты.


Университет ұжымы өкілдерінің педагогтардың жалақысы мен білім алушылардың шәкіртақысының өсуі туралы пікірін ұсынамыз.

 


Шоқан Құттыбаев, Абай атындағы ҚазҰПУ Филология және көптілді білім беру институтының аға оқытушысы:
- «Алты алаштың басы косылса, төрдегі орын мұғалімдікі», - деп белгілі Алаш қайраткері Мағжан Жұмабаев айтқандай, қай заман болмасын, мұғалімдік мамандық қашанда жоғары мәнге ие. Олай дейтініміз, ел билейтін басшы да, ел қорғайтын батыр да ұстаз алдынан тәлім алатыны жасырын емес. Сондықтан да біз үшін мұғалім мәртебесі қашанда жоғары болғаны абзал. Осы мәселені тереңнен ойлаған біздің еліміз осыдан екі жыл бұрын «Педагог мәртебесі туралы» Заңын қабылдауы кездейсоқ емес. Бүгінде педагогикалық мамандық талапкердік шарасыздықтан емес, таласа таңдайтын мамандықтарының біріне айналды. Себебі, ұрпақ болашағын ойлаған мемлекетіміз осы салада білім алуға келген студенттің шәкіртақысы екі есе өсті. Мектептерде жұмыс жасайтын ұстаздардың да жалақысы жылдан жылға артып келеді. Бұл еліміздің ұстаздар қауымына жасалып отырған ерекше қамқорлығы екені сөзсіз. Сондай-ақ, биылғы оқу жылынан бастап ҚР Білім және ғылым министрлігінің бастамасымен еліміздің жоғары оқу орындарының оқытушыларының да жалақылары артқаны белгілі. Жалақы мөлшері министрлік тарапынан белгіленіп те қойылды. Ол жоғары оқу орындарында қызмет істейтін оқытушының ғылыми дәрежесіне сай төленетін болады. Бұл, әрине, еліміздің ғылымы мен білімінің шарықтап дамып, әлемдік білім кеңістігінен өз орнын айқындауына толық мүмкіндік береді.

 

 

Ермен Бибіфатима, Абай атындағы ҚазҰПУ Тарих және құқық институтының «6В01601-Тарих» мамандығының 2-курс студенті:
- «Ұстазын ойламаған ұлттың болашағы бұлыңғыр» демекші, педагог мәртебесін көтеру бойынша қабылданған шаралар мемлекет пен университет тарапынан болашақ мұғалімдерге деген құрмет көңілге қуаныш сыйлайды. Бұл, әсіресе, педагогикалық мамандықтар үшін стипендияларды арттыруға қатысты. Педагогтар мен студенттерді қолдау мақсатында жүргізіліп жатқан бастамалар үшін біздің топтың атынан алғысымды білдіргім келеді.

 


29.09.2021ж.
Ақпарат көзі: qazaq.1913