қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет / БАҚ біз туралы
04.10.2021

Тіл және тұлғалар

 


Жиын барысында қазақ тілін ғылым тіліне айналдырудың өзек­ті тұстарын тілге тиек еткен тіл­ші-ғалымдар Президент атап өт­кендей, технологиялар мен робот­тар басты рөл атқаратын жаңа дәуірдегі игілікті өмірге тарихтан сабақ ала отырып бару керектігіне мән бере келіп, сонау Алаш зия­лыларынан бастап күні бүгінге дейінгі тілдің қоғамдағы рухани әрі ұлтты біріктіруші қуатты күш ретіндегі рөлін арттыруға саналы ғұмырын арнаған, ұлттың саяси және рухани күресінде игі істерімен ерекшеленген тұл­ға­лардың ғылымдағы жолына ерек­­ше мән берді. Осы бағытқа сүбелі үлес қосқан ғалымдардың өлшеусіз еңбегі жуырда Ұлттық ғылым академиясының 75 жыл­дығына орайластырып жарық көрген ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Кәрімбек Құрманәлиевтің «Тіл және тұлға» кітабында кеңінен көрініс тапты. Жиын барысында таныстырылымы өткен бұл еңбекте қазақ тіл білімінің дамуына сүбелі үлес қосқан тұл­ғалардың ғылымдағы жолымен қатар, адами болмысы, рухани келбеті қатар қау­залған.

 

Іс-шараға модераторлық еткен А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжан осы орайда ҰҒА президенті Мұрат Жұрыновтың құттықтау сөзін оқыды. «Қазіргі кезде нақты ғылымдармен бірге қоғамдық және гуманитарлық ғылымдар да ұдайы өркендеп келеді. Сала мамандары тілімізді, әдебиетімізді, тарихымызды, өне­рімізді зерделеп, сол арқылы қазақтың ұлттық мәдениеті мен рухани деңгейін көтеруге елеулі еңбек сіңіріп, тиісті жетістіктерге қол жеткізіп отыр. Ұлттық ғы­лым академиясының 75 жылдық тарихында тіл білімі бойынша ­жиыр­­­ма шақты ғалым мүшелікке сай­­лан­ған. Өз саласында әрқай­сысы бір-бір өнегелі мектеп қа­лып­­тастырған І.Кеңесбаев, Н.Сау­ран­баев, М.Балақаев, А.Ыс­қа­қов, Ғ.Мұсабаев, Ә.Қайдаров, Ш.Сары­баев, Р.Сыздықова, Ө.Айт­баев, тағы басқа айтулы академиктер туралы тағылым­дық мақалалар топтамасында тарихы бай, дәстүрі берік әйгі­лі ғылым ордасының өнегелі ше­жіресі мен берекелі бе­лестері мей­лінше қамтылған», делінген құт­тықтауда.

 

Әрі қарай кітап авторы, академик Кәрімбек Құрманәлиев­тің мемлекеттік тілдің мәртебесін арт­­тыру жолындағы пікірімен жал­ғастырар болсақ, «Қазақ ті­лін нақты мемлекеттік мәртебе дең­гейіне жеткізу үшін заңды орын­дататын өзіндік тетіктер­мен толық­тыру күн тәртібіне көтері­луге тиіс. Атап айтқанда, барлық мемле­кеттік қызметкер, министр мен депутат мемлекеттік тіл­ді меңге­ру керектігі заңмен бел­гіленуі керек. Сонда ғана қажет­тілік туып, қазақ тілінде сөйлеп, жазуға ма­шықтанатын болады».

 

Осы орайда А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжан Ұлт­тық ғылым академиясының бас­тауында тұрған тұлғалардың игі істері, ғылымды дамытудағы ерен еңбектеріне қатысты бірқатар дерекпен бөлісті.

 

Академик Кәрімбек Құрманәлиевтің еңбегіне арқау болған тіл тарландарының еңбек жо­лы, олардың жас ғалымдарға қамқор­лығы жайындағы естеліктерімен филология ғылымдарының док­торы, профессор Зейнеп Базар­баева бөлісті. Ғалым өз есте­лі­гінде латын қарпіне көшуді бірін­ші болып ұсынған академик Әб­дуәли Қайдардың қайраткерлік қыры туралы айтып, анасының ғы­лыми жетекшісі болған Нығ­мет Сау­ран­баев жайындағы тағы­лымды де­ректермен, сондай-ақ әкесі - әдебиеттанушы ғалым Мү­сілім Базарбаевпен жолдас бол­ған Ісмет Кеңесбаев сынды тіл бі­лімінің майталманы туралы қы­зықты жайттарды ортаға салды.

 

Ана тіліміздің дамуы туралы деректерді Тәуелсіздіктің 30 жыл­дығымен байланыстыра жал­ғастырған филология ғылым­да­рының докторы, профессор Жа­мал Манкеева: «Тарихтың қай ке­зеңінде де қазақ тілі ерекше мән­ге ие болған. Мемлекеттік мәр­­­тебеге ие бола отырып, өзегі айқын­далып, әлеуеті артып, рухы­мызды оятатын үлкен күшке айналды. Дегенмен де әлі де тіл мәр­тебесін арттыруда көптеген мә­се­ленің күрмеуі шешілмей ке­леді. Ал оған қатысты қоғамдық пікір­таластардың орын алуы да заң­ды», деп атап өткен профес­сор оның себебін тілдің мәнін қоғам кеңістігінде толық түсіне алмай жүргендігімізбен байланыстырады.

 

Жиын тақырыбын Ұлттық ғы­лым академиясымен бірлесе жү­зеге асырып келе жатқан «Ті­лім білі­мінің тарландары» жоба­сы­мен байланыстыра сөйлеген «Ана» тілі газетінің бас редакторы Қали Сәрсенбай автордың «Тіл және тұлға» еңбегін тұлғатануға қосылған үлес деп атап өтті. Осы орайда Шора Сарыбаев сынды ерен ғалымның қарапайым өмір­дегі адами қасиеттері, жан-жа­ғымен байланысы туралы айта келіп, еліміздің рухани, ғылыми дамуына үлес қосқан тұлғалар өмірін зерттеп алмайынша ілгері баспаймыз деген ойын айтты.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Қазақ тіл білімі кафедрасының меңгерушісі, филология ғылым­да­рының докторы, профессор Анар Салқынбай қайсар мінез­ді, қайратты бола тұра тілші ға­лым­дар еңбегінің көп жағдайда еске­рілмей жататындығын олардың қара­пайымдылығы, кішіпейіл­дігі­мен бай­ланыстыра сөйледі. Ке­зінде академик Өмірзақ Айт­баевтың «Ғылымда тұлғатану деген ғы­лым бар, бұл бағытта көрші Ре­сейде том-том кітап жазылып, олар өздерінің лингвис­тика ғы­лымының тарихын жазып қойған», деп айтқанын еске түсірді.

 

Абай атындағы ҚазҰПУ про­фессоры, педагогика ғылым­дары­ның докторы Жаңалық Балтабаева жаңа еңбекті қуана қабылдаған студенттер қауымының тіле­гін жет­кізе отырып, кітап кейіп­кер­­­лерінің спортқа, өнерге жа­қын бо­лғанын, тұлғалық қасиет­тері, отбасындағы рөлі, бос уақы­тын қалай өткізгендігі тура­лы де­рек­тер аса қызықты деп атап өтті. Осы орайда әңгімесін «Тұл­ға­тану» ғылымының өзге сала­лар­­дан айырмашылығымен бай­­ла­ныстыра жалғаған Қыз­дар ұлт­тық педагогикалық уни­вер­си­те­тінің профессоры, фило­ло­гия ғы­лымдарының докторы Ты­ныштық Ермекова жеке тұлғаны зерттеу, даралық қасиеттеріне мән берумен қатар, әрбір ғалымның ғылымдағы ұстаханасы туралы деректердің маңызды екендігін ескерсек деген ойларымен бөлісті.

 

«Тіл және тұлға» еңбегінің ғы­­­лыми көпшілік бағытына кө­ңіл бөлген педагогика ғылым­да­­рының докторы, профессор Жар­­қынбике Сүлейменова «Өс­ке­лең ұрпақ ұлы тұлғаларды тану ар­қылы ғылымға көңіл бөледі. Сон­­дықтан да бұл кітапты түр­кітіл­дес қауымға қолжетімді етіп, өзге тілдерге аударып, жоғары оқу орын­дары мен арнайы маман­дан­дырылған мектептерде жеке пән ре­тінде оқыту қажеттігі» ту­ралы ұсы­нысын білдірді. Ал әңгі­месін Әли­хан Бөкейхановтың «Ғұ­мыр бәйгесінде біздің қазақ тілі өзі­нің бәйгесін алар» деген сө­зі­мен бастаған «Қайнар» уни­­верситетінің проректоры, экономика ғылымдарының докторы, профессор Әбдіжапар Сапар­баев «Алаш ардақтыларының жо­лын жалғастырып, идеяларын да­­мы­тып, тіл білімі ғылымының ілге­рілеуіне, түркітану саласында өзін­дік орын алуына өлшеусіз үлес қос­қан ғалымдарды насихаттау мен зерттеудің бүгінгі жаһандану за­ма­нында маңызды қадам әрі жас ұр­паққа берер тағылымы мен ма­ғы­налы мазмұны тереңде екен­дігіне көпшіліктің назарын аударды.

 

Осы орайда академик Шора Сарыбаевтың тағылымды өмі­рінен бірқатар дерек келтіре оты­рып, тұлғалар жайындағы ең­бек­тің тұщымды тұстарын сөзіне ар­қау еткен Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы төрағасының орынбасары Бижомарт Қапалбек бұл еңбектің жалғасы болса деген ұсыныс айтты.

 

Алматы қаласы Тілдерді дамыту және латын графикасына көшу орталығы басшысының мінде­тін атқарушы Бақыт Қалымбет: «Тілі­міздің мерейін асқақтатқан ар­дагер-академик тұлғалардың еңб­егін таныту дәл қазіргі кезеңде маңызды, - деді. - Бүгінде тілдің жоғын жоқтап, шындықты айтатын тұлғалар жағы кемшін. Тіл саясатын жүргізуде тілші ға­лым­дардың зерттеулеріне арқа сүйеу, күрмелген мәселені соған арқа сүйей отырып шешу заң­ды мәселе десек, тілді дамытуды жүзеге асыруда тілші ғалымдар еңбегінің орны айрықша. Осы орайда ғалым­дардың тұлғалық тағылымы, ұс­таздық ұлағаты, қа­зақ тілінің аясын кеңейтудегі ұстанымдары, қоғамдық пікір қалыптастырудағы рөлін барынша ашып көрсету, насихаттау уақыт талабынан туындап отыр.

 

 

04.10.2021ж.
Ақпарат көзі: egemen.kz