қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет / БАҚ біз туралы
26.10.2021

Кенжехан Матыжанов: Серік Қирабаев өмірін қазақ мәдениеті мен әдебиетінің дамуына арнады

 

Бүгін 95 жасына қараған шағында әдебиетші-ғалым Серік Қирабаев дүниеден озды. Мемлекет басшысы академиктің отбасына көңіл айтты.

 

«Серік Смайылұлы бар күш-жігерін отандық ғылымды дамытуға арнады. Қазақ әдебиетін терең зерттеп, ұлттық қазынамызды жарқыратып көрсетуге сіңірген еңбегі өте мол»- деді Президент.


Сондай-ақ Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев көңіл айту жеделхатын жолдады.


«Серік Қирабаев - оқу бағдарламаларын жазу және жетілдіру ісіне аянбай атсалысқан зор парасат иесі, ұлағатты ұстаз еді. Оның жарқын бейнесі жұртшылық жадында әрдайым сақталады»,- делінген жеделхатта.


Соғыстың қиын кезеңдерінің өзінде, ел жылап жатқан кездің өзінде өлең-жыр болмай қалған кеш болған емес. Сондай кештерде біз Сәкеннің, Мағжанның, Шәкәрімнің поэмаларын қисса ғып оқитынбыз.


Бала кезден саф өнермен сусындап өскен Серік Қирабаев әдебиеттану ғылымының шыңын бағындыруды көздеді. Батыл ойлы, шыншыл поэзияны сүйді. «Әдебиет - ұлттық мәдениеттің бір саласы. Оның дамуы ұлттың тілімен, ділімен, ұғым-түсінігімен, парасатымен, дүниетанымымен тікелей байланысты",- дейтін ғұлама ғалым. Институтта білім алып жүрген уақытта-ақ сыни мақалалар жазып, әдебиет абыздарының көзіне түсе бастайды.


Балтабай Әбдіғазиұлы, филология ғылымдарының докторы, профессор:


Бұл кісінің тұлғасына, жүріс-тұрыс мәдениетіне, сөйлеген сөздерінің бәрі біз үшін үлгіге айналды. Бойына қайраткерлік де, ғалымдықты да, ұстаздықты да бүкіл азаматтық қасиеттер, қандай деген кезде сол сұрақтың бәріне жауап беретіндей үлкен бір қасиетті тұлға болатын.


Ұрпақ тәрбиесі, ұлт мүддесі. Ұлағатты ұстаз үшін бұдан биік мақсат жоқ еді. Шәкірттеріне білім нәрін мейлінше терең сіңіртіп, оқу-ғылымды дамытуға күш-жігер жұмсады.

 

Академик Серік Қирабаев әдебиеттанушы ғалым, сыншы болумен қатар, қазақ журналистикасына да өлшеусіз еңбек сіңірді. Оның қаламынан шыққан сыни мақалалар, қоғамды мазалаған мәселелер баспасөз беттерінде жарияланды.


Кенжехан Матыжанов, М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының директоры:


Шынында да, өмірден абыз адам, аңыз адам кетті деп айтуға болады. Өйткені, бүкіл ғұмырын, саналы өмірінің барлығын қазақ мәдениеті мен қазақ әдебиетінің дамуы мен өркендеуіне арнаған үлкен тұлға.


Серік Қирабаевтың зерттеушілік, журналистік, сыншылық, ұстаздық қасиетінен бөлек, ұлт үшін жасаған ардақты ісі - оқулық жазу. Көптеген құнды еңбек, жүздеген монографиямен қатар мектеп шәкірттері үшін оқулық жазды. Осылайша ардақты тұлға соңынан өшпес із, ғылыми мол мұра қалдырды.

 

 

Авторы: Жазира Оразқызы

26.10.2021 ж.

Ақпарат көзі: qazaqstan.tv