Негізгі бет /
БАҚ біз туралы
29.10.2021 Сапалы маман даярлау жолындағы жарқын істер
Біз былтырғы жылдың өзінде профессор-оқытушылар құрамына ZOOM, Disсord, Meet, Univer платформалары арқылы онлайн дәрісті қалай ұйымдастыру керектігі жайында екі апталық курстар ұйымдастырып, былтырғы дәріс-семинар сабақтарын осы платформалар көмегімен жүзеге асырған болатынбыз. Оқытушыларымыздың цифрлық сауаттылығын одан әрі жетілдіру мақсатында университетіміздің «Тесттілеу» орталығы биыл «Ms. Teаms» платформасында дәріс-семинар сабақтарын қалай ұйымдастыруға болатынын жайында онлайн-курстар өткізді.
Бұл курстан профессор-оқытушылар құрамы «WordWаll», «Kahoоt», «Оқулық» және тағы басқа сервистерді Ms. Teаms-та қалай қолдану керектігін және жаңа сабақты бекіту кезеңінде немесе практикалық сабақтарда кері байланысты ұйымдастыру, студенттердің білімін бағалау жолдарын еркін меңгеріп шықты. Сөйтіп біз, биылғы оқу жылын үлкен дайындықпен бастадық. Сонымен қатар университетіміз жақын күндері «Коучинг» әдісімен білім беруді қолға алатын болады.
Коучингтің сөздік мағынасына сүйенер болсақ, коучинг (ағылш. coaching - оқыту, жаттықтыру) - консалтинг және тренинг әдісі; классикалық консалтинг пен тренингтен айырмашылығы - коуч кеңес және қатаң ұсыныстар бермейді, ол шешімді клиентпен бірлесе отырып іздестіреді. Ал психологиядан айырмашылығы коучингтегі мотивацияның бағытында. Коучпен жұмыс істеуде белгілі бір мақсатқа, өмірде және жұмыста жаңа, позитивті тұжырымдалған нәтижелерге жету ұйғарылады . Яғни, коучингте адамның жеке, отбасылық немесе бизнестегі өмірінде мақсатқа, нәтижеге қол жеткізу көзделеді. Біз осы әдісті қолдану арқылы білім алушыларымыздың өндірістік практиканы шебер ұйымдастырып, заман талабына сай маман иесі болу жолында жұмыстар атқаратын боламыз. Биылғы жаңа оқу жылында қара шаңырақ білім ордасы 6758 жас түлекпен толықты. Оның 5704-і бакалавриат, 826-сы магистратура, 58-і Phd докторантура білім алушылары.
Бұл көрсеткіш 2020/2021 оқу жылындағы қабылдаудан 40% - ға жоғары. Біздің университетімізде еліміздің жас түлектерінен бөлек шетелдік 207 азамат оқуға ниет білдіріп, білімалушылар қатарына қосылды. Айтар кететін болсам, негізгі сұраныс педагогикалық, соның ішінде В018 - Шетел тілі мұғалаімдерін даярлау, В005 - Дене шынықтыру мұғалімдерін даярлау, В016 - Қазақ тілі және әдебиеті мұғалімдерін даярлау білім беру бағдарламарына өте жоғары болып отыр. «Ұстаз» мамандығын таңдап, кешегі Ы.Алтнсарин аталарының жолын жалғастыруға бел байлаған жастар санының артуы, әрине, қуантарлық жағдай.
Бұл жұмыстар жаңа оқу жылының басында қабылдау комиссиясы орналасқан ғимаратта Ashyq бағдарламасы, талон арқылы кезекке тұру, санитарлық нормаларды сақтау арқылы офлайн форматында жүргізілсе, сонымен біргі онлайн форматта университеттің ресми сайтында Univer жүйесі, e.gov мемлекеттік қызметтер және онлайн ақпарат сайты арқылы да талапкерлер құжатын қабылдау жүзеге асты. Барлық жаңа ақпараттар бойынша kaznpu.kz сайты және @kaznpu_university - instagram, facebook, @abai.family - TikTok парақшаларында, telegram, whatsapp месенджерлері, университет Сall- орталығы арқылы талапкерлерге хабарлар таратылып отырды.
Сондай-ақ біз биыл үшінші жыл қатарынан дуальды оқыту бағдарламасын табысты жүзеге асырып келеміз. Бұл бағдарламаны елімізде алғашқылардың бірі болып біздің университетіміз қолға алған болатын. Осы дуальды оқыту бағдарламасын ұтымды ұйымдастары білудің арқасында біз, өзіміздің көптеген түлектеріміздің мамандығы бойынша жұмысқа орналасуына толық мүмкіндік беріп отырмыз. Мысалы дуальды оқыту бағдарламасы негізінде бірінші 2019/2020 оқу жылында жыл бойы мектепке барған практикант-студенттеріміздің 107-сі сол практика өткен жерінде әрі қарай маман ретінде қалса, былтырғы 2020/2021 оқу жылында 297 студент жұмысқа орналасты.
Бұл көрсеткіштер биылғы оқу жылында екі есеге артатыны сөзсіз. Өйткені біз биылғы бітіруші түлектердің өндірістік практикаға барар алдындағы үш апталық «Жаңартылған білім мазмұнында» ұйымдастырылатын оқу курсын «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығымен бірлесе отырып жүзеге асырдық. Биылғы өндірістік практиканы жаңаша ұйымдастыру үшін 2021 жылдың 26 маусымында Басқарма Төрағасы-Ректор Дархан Нұрланұлы Біләлов «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының директоры Асель Мухаметжановамен кездесіп, осы салада әріптестік орнату мақсатында екі жақты меморандумға қол қойған еді.
Осы меморандумның негізінде биылғы бітіруші түлектерімізге университетіміздің білікті мамандарымен қатар, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының мамандары да «Жаңартылған білім мазмұнында» үш апталық дәрістер өткізді. «Жаңартылған білім беру мазмұны бойынша дуальды оқытуды ұйымдастыру үшін педагогикалық мамандықтардың бітіруші курс студенттерін даярлау» бойынша 72 сағаттық қазақ және орыс тілдерінде білктілікті арттыру курстарының бағдарламасы даярланды. Мұнда тек «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының Алматы қаласындағы филалы мамандары ғана емес, еліміздің 10 аймағынан онлайн режимінде білікті мамандар сабақты коучинг әдісі бойынша ұйымдастыру жөнінде дәрістер оқып, өз тәжірибелерімен бөлісті.
«Өрлеу» мамандары бұл курста «Критериалды бағалаудың қағидаттары мен құрылымы», форматиті бағалаудағы рефлекция және кері байланыс әдістері», «Тоқсан бойынша жиынтық бағалауға арналған тапсырмаларды әзірлеу», «Эссе: шеберлік пен үйлесімділік», «Ғылыми жоба әзірлеудің тиімді тәсілі» және тағы да басқа тақырыптарда мазмұнды дәрістер мен практикалық сабақтар ұйымдастырып, біліма алушылардың біліктілігін арттыруға ықпал ете білді. Биылғы ұйымдастырылған курсқа университетіміздің 1500 білім алушы қатысты.
Осы үш апталық курстан соң педагогикалық практикаға бөлініп, Алматы қаласының мектептеріне жол тартқан студенттеріміз басшылық тарапынан ұйымдастырылған бұл қамқорлықтың зор көмегі болып жатқаны турасында ерекше алғыстарын білдірді. Жалпы сапалы маман даярлаудың басты қағидаттарын негізге алған университетміз бұл саладағы әріптестікті одан әрі жетілдіре беретін болады. Алдағы уақытта қала мектептерінің білікті мамандарымен бірлескен тәжірибелік сабақтарды ұйымдастыру да жоспарда бар.
Авторы: Хайрулла Жанбеков, 29.10.2021 ж. Ақпарат көзі: bilimdinews.kz
|