Негізгі бет /
БАҚ біз туралы
12.11.2021 Абай атындағы ҚазҰПУ-да мұғалімдер біліктілікті арттыру курсын аяқтады
Биыл 1-11 қараша аралығында үшінші рет «Бастауыш сыныптарда математиканы оқытуды ұйымдастырудың мазмұны мен әдістемесінің ерекшеліктері» республикалық біліктілікті арттыру курстары өткізілді.
Курс бағдарламасының мақсаты - бастауыш мектеп жасындағы оқушыларға математиканы оқытуда қиындық тудыратын тақырыптарды қарастыру, сондай-ақ әртүрлі цифрлық ресурстарды пайдалана отырып, онлайн оқыту дағдыларын дамыту болды.
Сабақтарда қатысушылардың интербелсенді өзара әрекеттестігі ұйымдастырылды. Мұғалімдер бірлесе жұмыс жасап, таныстырылымдар мен тест тапсырмаларын дайындады, бір-бірінің тестерін және дәріс бойынша ұсынылған тесттерді орындап отырды, бастауыш мектеп математикасы курсының әртүрлі тақырыптарының тапсырмаларына аудио мен видео түсіндірмелер дайындады.
Мұғалімдер өздерінің қорытынды портфолиосын ұсына отырып, курс оларға өз білімдерін кеңейтуге, цифрлық ресурстарды қолдану біліктерін жетілдіруге көмектескенін атап өтті. Дәрістерді интербелсенді әдістермен диалогта оқу формасы да қызықты болды.
Қызылорда облысы Арал ауданы Сексеуіл кентінің №283 мектептің бастауыш сынып мұғалімі Тлесова Марал мен Алматы қаласы №149 мектептің бастауыш сынып мұғалімі Мақұтова Гүлбану: «Бұл курстан көп нәрсе алдық, білімімді толықтырдым. Математикалық терминдерді, ұғымдарды қайта есіме түсірдім. Бір апта бойы өте жақсы дәріс бердіңіз. Шаршамаңыз, еңбегіңіздің жемісін көріңіз! Екіншіден, дәріс оқып отырған Жұпат Канапьяқызына білмеген нәрселерімізді үйреткені үшін рақмет айтамыз. Алдағы уақытта курс офлайн түрде ұйымдастырылса деген ұсыныс айтамын», - деп алғыс айтты.
12.11.2021 ж. Ақпарат көзі: aikyn.kz
|