Негізгі бет /
БАҚ біз туралы
23.11.2021 Топжарғандар немесе қос чемпионмен сұхбат
Биылғы оқу жылының 8-11 қараша аралығында Абай атындағы педагогикалық университетінің «Дене шынықтыру және спорт» кафедрасының студенттері жеңіс тұғырынан көрінді. Қайсарбай Арыс Теміртау қаласында самбо күресінен өткен республикалық додада 98 келі салмақ дәрежесінде жеңімпаз болып, спорт шебері атанды. Сонымен бірге, 9-11 қараша аралығында Стамбул қаласында шотокан каратэден өткен жастар мен ересектер арасындағы әлем чемпионатында 68 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Әліқұл Лаура чемпиондық атаққа ие болды. Жарыс жеңімпаздары - «Дене шынықтыру және спорт» кафедрасы оқытушыларының еңбекті жемісі. Университеттің мерейін үстем еткен жеңімпаздарды насихаттап, елеулі еңбектерін тиісті дәрежеде бағаласақ, спортшыларымыздың алдағы уақытта биік белестерді бағындырып, оқу орнының ғана емес, ел абыройын аспандататын өренге айналатыны сөзсіз. Осы мақсатта Қайсарбай Арыс пен Әліқұл Лаурамен сұхбаттасқан болатынбыз. Спортшыларымыз спорт, жарыс, болашақтағы жоспарлары жайлы сұрақтарға жауап берді.
АРЫС ҚАЙСАРБАЙ: «БАБЫМ МЕН БАҒЫМ ҚАТАР ШАПТЫ» - Арыс, қос жеңісіңіз құтты болсын! Спортқа деген қызығушылығыңыз қай кезден басталды? Самбомен айналысуыңызға не түрткі болды?
- Рақмет! Спортпен алты жыл бұрын шұғылдана бастадым. Жамбыл облысына қарасты Меркі ауданының Кеңес ауылында қазақша күреспен айналыстым. Самбоға келетін болсақ, бұл күрестің әліппесін Абай атындағы ҚазҰПУ-ға оқуға түскенде үйрене бастадым. Менің самбодағы жаттықтырушым - Сағындықов Жомарт. Ол кісі бірінші курстан бастап мені осы күрес түріне баулыды. Жаттықтырушы ретінде жақсы жұмыс атқарды деп білемін. Себебі, күрестің айла-тәсілдерін үйретіп қана қоймай, психологиялық қолдау да білдіріп отырды. Алғаш келгенімде: «Спорт шебері боласың» деп сенім артқан еді. Көріп отырғаныңыздай, мақсатымызға жеттік. Жаттықтырушымның, университетімнің үкілеп артқан үмітін ақтағаныма қуаныштымын.
- Республикалық додада боз кілемде неше мәрте белдестіңіз? Қиындық тудырған қарсылас болды ма? Қайсысын ерекше атап өтер едіңіз?
- Жарыста төрт мәрте белдестім. Жалпы алғанда, қарсыластарымның барлығы да мықты болды. Өйткені, республикалық сайысқа спортшылардың мықты дайындықпен келетіні анық. Десе де, финалдың алдындағы қарсыласым есесін оңайлықпен жібермеді. Бұл күрес физикалық тұрғыдан да, моральдық тұрғыдан да қиындық тудырды. Себебі, қарсыласым - Шымкент қаласының тумасы, өзімнің досым еді. Бірақ, спортта қалай да екінің бірі жеңу қажет. Барлығы да жеңіс үшін келетіндіктен, жеңіске деген құштарлығым басым болып, мақсатыма жеттім. Екіншісі - финалдағы қарсыласым. Финалдық бәсеке өте қиынға түсті. Әйтсе де, бабым мен бағым қатар шауып, жеңіске жеттім.
- Сіз үшін самбо жекпе-жек өнерлерінің өзге түрлерімен несімен ерекшеленеді? Басты артықшылығын атап өтсеңіз...
- Самбо басқа күрес түрлерінен өзінің ережелерімен ерекшеленеді. Мысалы, партерде бір минут отырып та күресуге болады. Жекпе-жек түрлері ұрып-соғу әдістерімен ерекшеленсе, самбода ұру жоқ. Алайда, қол-аяқты қайыру, бұрау сынды базалық әдістері көп. Басты артықшылығы да сонда деп білемін.
- 14 қарашада белбеу күрестен халықаралық турнирдің жеңімпазы атаныпсыз. Сайыс қалай өтті?
- Жарыс Алматы қаласындағы «Қазақ спорт және туризм» академиясында өтті. Боз кілемге үш рет шықтым. Белбеу күрес жаныма жақын деуге болады. Жастайымнан қазақша күреспен айналысқандықтан айтарлықтай қиындық тудыра қоймады. Алайда, бұл күрестің де өзіндік ерекшелігі бар. Белдіктен ұстап күресу үлкен дайындықты, физикалық күшті, ептілікті қажет етеді. Белбеу күрес - спорттың көне түрлерінің бірі.
- Болашаққа құрған қандай жоспарларың бар?
- Жоспарларым көп. Шеберлігімді одан әрі шыңдап, алдағы уақытта Азия, әлем чемпионаттарында алмас қылыштай жарқылдап, жүлделі орындар алғым келеді. Болашақта өсіп келе жатқан өскелең ұрпақты самбо күресіне баулып, білгенімді үйреткім келеді.
- Сұхбаттасқаныңызға рақмет! Жеңісті күндер көп болсын!
ЛАУРА ӘЛІҚҰЛ: «ОҚУ МЕН СПОРТТЫ ҚАТАР АЛЫП ЖҮРМІН» - Лаура, жеңісіңіз құтты болсын! Спортқа деген қызығушылығыңыз қай кезден басталды? Каратэмен шұғылдануыңызға кім түрткі болды?
- Рақмет! Менің спортқа баруыма ең алдымен түрткі болған анам. Алматы облысындағы Талғар ауданының Жаңалық ауылының тумасымын. Спортты да ауылда бастадым. Бірақ, алғашында каратэмен емес, таэквондомен айналыстым. Бұл 2012 жыл еді. 2015 жылы таэквондо залы жабылып қалды. Артынша каратэ залы ашылып, каратэге икемделе бастадым.
- Шотокан каратэ мен таэквондоның қайсысы жаныңызға жақынырақ?
- Таэквондо WT.
- Чемпион атану үшін адам бойында қандай қасиеттер болуы керек?
- Ең алдымен адамда өзіне деген сенімділік болуы шарт. Сенімнің тау қопаратын күш екендігін ешкім жоққа шығармайды. Сонымен қатар, алдына «биік белестерді бағындырамын» деген мақсат қоя білуі қажет. Одан бөлек, шыдамдылық, батылдық, қайсарлық, еңбекқорлық керек деп санаймын. Жігеріңе сай күшің, күшіңе сай әдісің болса, спортшының мерейі қашан да үстем болады. Сондай-ақ, додаға түскен спортшының ойы жүйрік, қимылы шапшаң болуы да үлкен рөл атқарады.
- Алаштың айбоз ұлы, таэквондо тарланы Мұстафа Өзтүрік бір сөзінде: «Чемпион болу - оңай. Адам болуы - қиын» деген еді. Шығыс жекпе-жек өнері ең алдымен моральдық тұрғыдан жетілуге, үйлесімде өмір сүруге үндейтіні белгілі. Оқу мен спортты үйлестіре алдыңыз ба?
- Иә, бүгінде спорт пен оқуды қатар алып жүрудемін. Үйлесім таптым деп ойлаймын.
- ЖОО-дағы жаттықтырушыңыз жайлы, әлем чемпионаты туралы толығырақ айтсаңыз...
- Менде ЖОО-да жаттықтырушым жоқ. Өзімнің жеке бапкеріммен жаттығу жасаймын. Ол - Базарқұлов Мәмбетқали Еділбайұлы. Барлық жеткен жетістіктерім сол кісінің арқасы.
Әлем чемпионаты өте жоғары деңгейде өтті. Жарыстың бірінші күнінде жасөспірімдер арасында сынға түстім. Ол кезде финалдық бәсекеде қарсыласыма есе жіберіп алған болатынмын. Ал, екінші күні ересектер арасында бақ сынадым. Жарысқа барлық күш-жігерімді жинап, «қалай да болсын жеңуім керек» деп шықтым. Соның арқасында мақсатыма жеттім.
- Әлем чемпионатындағы қарсыластарыңызға қандай баға бересіз? Чемпиондық титул үшін қанша жекпе-жек өткіздіңіз?
- Жалпы, Стамбулға барған сапарымда тоғыз жекпе-жек өткіздім. Жасөспірімдер арасында төрт жекпе-жек, ересектер арасында бес жекпе-жек. Қарсыластарымның барлығы да тіс қаққан мықты спортшылар. Өзбекстан, Румыния, Түркия, Қазақстан спортшыларымен бәсекеге түстім. Әр жекпе-жектің өзіндік қиындықтары болды. Ақтық сайыста Азия ойындарының жеңімпазын ұтып, чемпион атандым.
- Финалдық бәсекеде қай елдің спортшысымен бақ сынадыңыз?
- Қазақстандық.
- Отандасыңызбен шыққанда қандай сезімде болдыңыз?
- Менің жеңіске деген құштарлығым зор болды. Себебі, ол қызға биылғы ересектер арасындағы ҚР чемпионатында 2:0 есебімен есе жіберген едім. Мұндай жағдайда әрбір спортшы қарсыласына есесін қайтарғысы келеді деп ойлаймын. Осы жолы 8:2 есебімен жеңіске жеттім.
- Алдағы уақытта қандай жоспарларыңыз бар?
- Желтоқсан айының 18-22 күндері Алматы қаласына өтетін Азия чемпионатына дайындығымызды бастаймыз. Оқу-жаттығу жиыны осы айдың соңында Алматы облысында орналасқан Олимпиадалық даярлау орталығында өтеді.
- Сұхбаттасқаныңызға рақмет! Жеңісті күндер көп болсын!
23.11.2021 ж. Ақпарат көзі: qazaq1913.com
|