Қазіргі білім ордаларына ауқымды ізденістер керек
(Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің проректоры Шыңғыс Нұрлановпен сұхбат)
- Тәуелсіздік жылдарында еліміздің білім беру саласында көптеген реформа жүргізілді. Соның ішінде педагогикалық білім беретін жоғары оқу орындарында көп өзгеріс жүзеге асты. Осы орайда еліміздегі педагог даярлайтын ЖОО-лардың алдыңғы қатарында тұратын Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінде жастарға заманауи білім берумен қатар жан-жақты тұлға болып қалыптасуына ықпал ету үшін қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр?
- Жалпы, біздің оқу ордамыз Абай атындағы ұлтық педагогикалық университет болғандықтан Абайдың «Толық адам» концепциясын қолға алып, сонымен жұмыс істеп жатырмыз. Абайдың «Толық адам» концепциясы ұлы ақынның белгілі өлеңінде айтылғандай, «Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» қой. Сондықтан студенттерді маман ретінде дайындағанда тек білім берумен шектелмей, оларға болашақ тәрбие беруші ретінде қараймыз.
Біздің жұмыс жоспарымыз бойынша жаңа жылдан кейін университетімізде «Ұлттық тәрбие» орталығы ашылады. Сол ұлттық тәрбие аясында педагогикалық университет болғандықтан мектептермен өте тығыз байланыста жұмыс істейміз.
Студенттеріміздің интеллектуалдық, шығармашылық және коммуникативті даму деңгейі айтарлықтай жоғары. Өйткені біздің университетте оқитын жастардың өзін-өзі дамытуына мүмкіндік мол. Сол үшін студенттеріміздің шығармашылық және ұйымдастырушылық қабілеттерін ашуға, дамытуға тырысамыз.
Болашақ педагог үшін ең маңызды аспектілер - жасампаз, креативті, бастамашыл болу. Бұл дағдылардың бәрін біздің білім ордамызда үйренуге болады. Оны тек сабақ үдерісінде ғана емес, сабақтан тыс қосымша үйірмелерде де үйретіп, олардың бос уақытын тиімді пайдалану үшін жұмыс істейміз.
Бүгінде әрбір жоғары оқу орнының жанында студенттік өзін-өзі басқару кеңесі жұмыс істейді. Сол сияқты біздің университетте де жастар комитеті бар, ол - жастардың көшбасшы ұйымы. Сонымен қатар әр жатақханада студенттік кеңестер құрылған. Одан бөлек 40 студенттік клуб жастардың бос уақытын тиімді пайдалануға өз септігін тигізіп отыр. Биыл студенттік клубтардың саны артып, 23 жаңа клуб іске қосылды. Қараша айының 15-22-сі аралығында студенттік апталық өтті. Оның аясында көптеген іс-шара атқарылды. Студенттік парламент құрылды. Жастар арасында ашық және парламентаризмді дамыту - олардың құқықтық-саяси мәдениетін қалыптастыру, жасампаз азаматтық ұстанымы жоғары патриот жастар әлеуетін қалыптастыру.
- Сіздердің оқу орындарыңызда студенттік өзін-өзі басқару жүйесінің тәртібі қалай және студенттерге деген әлеуметтік-психологиялық көмек қалай жүзеге асып жатыр?
- Қазір университетте көптеген әлеуметтік қолдау жүйелері жүзеге асырылып жатыр. Бұл жұмыс келесі бағыттарда жүргізіледі: жетім, мүгедек және диспансерлік есепте тұратын студенттерге әлеуметтік қолдау көрсету, білім алушыларға материалдық көмек көрсету және ынталандыру, оқу ақысына жеңілдіктер беру. Жыл сайын 1 500-ге жуық білім алушыға түрлі жеңілдіктер көрсетіледі. Солардың ішінде толық жетім білім алушының оқу ақысына 100 пайыз жеңілдік бар. Мәселен, былтырғы оқу жылында 17 толық жетім студенттің оқу ақысына 100 пайыз жеңілдік көрсетілсе, осы санаттағы 33 білім алушыға ыстық тамақ орнына қаржылай өтемақы тағайындалды, 11 студент жатақханаға тегін орналастырылып, 13 толық жетім бітіруші түлекке киім, аяқ киім орнына ақшалай өтемақы мен бір жолғы жәрдемақы берілді. Биыл да әлеуметтік жеңілдік көрсету жұмысы жалғасады.
Білім алушылар мен профессор-оқытушылар құрамына психологиялық қызмет көрсету мақсатында 2019 жылдан бері «Университеттің дамуына психологиялық қолдау көрсету» орталығы жұмыс істейді. Орталықта 2 штаттық бірлікте психолог мамандар студенттерге және оқытушыларға психологиялық көмек көрсету және жеке тұлғаларды қабылдау жұмыстарын жүргізеді. Сонымен қатар, университет жанында «Call центр» орталығы жұмыс істейді.
Түрлі жарыстар мен байқауларға қатысушы студенттерімізге университет толықтай қаржылай қолдау көрсетеді. Олар да өз кезегінде біздің үмітімізді ақтап жатыр. Мәселен, жақында Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай Түркістан қаласында өткен дебатта біздің студенттеріміз бірінші орынға ие болды. Сол сияқты Алтынай Қанафия атты студентіміз Қызылорда қаласындағы айтыста бас жүлде иеленді.
Бізде Оразалы Досбосынов атындағы айтыс орталығы бар. Оның басшысы - Шұғайып Сезімхан атты әріптесіміз. Ол жақында Қостанай қаласында өткен, Ахмет Байтұрсынұлына арналған айтыстан бас жүлде алып келді.
- Абай университетінің стратегиялық бағыттарының бірі - әлеуметтік университетке айналу. Ол қалай жүзеге аспақ, сондай-ақ, университетте өзін-өзі басқаруды қаржыландыру қалай жүргізіледі?
- Бұл бағытта бірқатар нақты қадамдар жасалып жатыр. Студенттік кәсіпкерлікті дамыту мақсатында жуырда «Атамекен» кәсіпкерлер палатасымен ынтымақтастық орнату бойынша меморандумға қол қойылды. Университет жанынан Студенттік кәсіпкерлік хабы ашылды. Алдағы уақытта бизнес саласында жетістікке жеткен кәсіпкерлердің қатысуымен түрлі тренингтер мен семинарлар өткізу жоспарланып отыр.
Студенттер арасында еріктілер қозғалысын дамытуға ерекше ден қойып отырмыз. Қазір университет қабырғасында 5 еріктілер қозғалысы жұмыс істейді. Олар - «Ізгілік елшісі» жобасы, «Мейірім» қайырымдылық клубы, «Лидер» еріктілер үйірмесі, Алматы қалалық «Еріктілер лигасының» ұяшығы және «Шуақ» еріктілер тобы.
Жастар арасында еріктілікті дамыту мақсатында «Қоғамға қызмет ету»/ «Служение обществу» қосымша пәнін оқытуды да қолға алып жатырмыз.
Жақында Назарбаев университетімен бірігіп жиналыс өткізген болатынбыз, сол кезде оларда студенттік қор бар екенін білдік, енді біз де сондай қор құрғалы отырмыз. Студенттік қор құру мәселесінің негізгі себебі - қазір көптеген студент бізге өздерінің жобаларын ұсынып отыр. Олардың бәріне қолдау білдіру үшін, әрине, қаржы керек. Сондықтан өз түлектеріміздің қолдауымен «Эндаумент қорын» құрмақпыз. Ондай қор құру - шетелде кең тараған тәжірибенің бірі.
Әрине, университет түлектері өздері түлеп ұшқан білім ордасына қаржылай қолдау білдіріп жатады. Бірақ ол ақша оқу орнының жөндеуіне, белгілі бір іс-шараларға жұмсалады. Ондай болмас үшін қор құрылып, оған жиналған қаржы инвестицияға жұмсалады. Сосын инвестициядан түскен пайда ғана оқу орнының қажетіне жұмсалады. Түлектер қорының ерекшелігі осы. Біз де соны жаңа жылдан соң жүзеге асырмақпыз.
Кезінде АҚШ-та «Болашақ» бағдарламасымен оқығанымда осындай қорлардың қалай жұмыс істейтінін көрдім. Сосын бір қызығы, мәселен белгілі бір университеттің түлегі Microsoft, Google сияқты ірі корпорацияларды жұмыс істеп жүріп, өзі оқыған университеттің түлектер қорына 100 доллар жіберсе, ол жұмыс істеп жатқан компания да сол қорға 100 доллар аударады екен. Сөйтіп әлгіндей университеттер ондай қаржыны инвестицияға жұмсап, одан түскен таза пайдаға профессор-оқытушыларының жалақысын көтереді немесе оқу орнына қажетті зертхана салып жатады.
- Қазір жатақхана тапшылығы еліміздегі барлық ЖОО-лар үшін өзекті проблемалардың бірі екені анық. Осы мәселе сіздердің оқу орындарыңызда қалай шешімін тауып жатыр?
- Жалпы, біздің университетке қарасты бес жатақхана бар. Сол бес жатахқанада 1 287 орын бар. Ол орындарға студенттерді орналастыруда. Негізінен бірінші курс студенттеріне жатахқана алдымен беріледі және олардың отбасылық әлеуметтік жағдайлары есепке алынады. «Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті» КЕАҚ-ға қарасты жалпы сыйымдылығы 1 287 білім алушыға арналған 5 жатақхана бар. Білім алушыларды жатақханаға орналастыру жұмыстары автоматтандырылған «Универ» жүйесі бойынша жүргізіледі. «Универ» жүйесіне түскен өтініштерді Қазақстан Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 22 қаңтардағы № 66 бұйрығының 2 тармағына сәйкес арнайы комиссия құрамы қарастырып, осы бұйрықта көрсетілген әлеуметтік категорияларға сәйкес орын беріледі.
Әлеуметтік категорияға сәйкес келетін - 1 222 бірінші курс студентіне жатақханаға жолдама берілді. Алайда 1-курс студенттері 1 семестрде онлайн оқуға жіберілуіне байланысты 2-4 курста оқитын 410 студентті жатақханаға орналастырдық. Сонымен қатар пандемия жағдайына байланысты елдеріне қайта алмаған шетелдік 26 студент және халықаралық келісім арқылы оқуға түскен 3 студент жатақханада тұрады.
Биыл университеттегі жатақхана тапшылығын ескере отырып, университет басшылығы 156 орынға жалдамалы жатақхананы жалға алып отыр. Алдағы уақытта тағы 200-ге жуық орынға жалдамалы жатақхана алуды қарастырып жатырмыз. Сондай-ақ, арнайы хостелдермен келісіп қойдық, онда балаларға қажет тағы да 100 орын алу мәселесі шешілген.
Сонымен қатар Шолохов көшесі бойынан жатақхана салуға орын алу үшін Алматы қаласы әкімдігімен бірлесіп, сол жерде тұратын халықпен қоғамдық тыңдау өткізбекшіміз. Егер мәселе оңтайлы шешілсе, сол жерден 300-ден астам студент тұратын жатақхана салу жоспарда бар.
- Жастарға адамгершілік тұрғыдан дұрыс тәрбие беру жөнінде не айтар едіңіз?
- Жаңа жылдан кейін бізде «Ұлттық тәрбие орталығы» ашылмақ. Сол орталық аясында орта мектептермен тығыз байланыс жасаймыз.
Қазір мектептерде гаджеттердің әсері күшті. Тіпті, ЖОО-дағы студенттердің назарын білім мен тәрбиеге толық бұрудың өзі оңай емес. Олардың назарын өзіне тарту үшін білім-тәрбие мекемелеріне Google секілді трансұлттық алпауыт компаниялары күшті бәсекелес болып отыр. YouTube, Instagram секілді желілер де өздеріне қатты қызықтырады. Сондықтан мектеп оқушылары мен ЖОО студенттерін білімге қызықтыруда заманауи құралдарды, оның ішінде смартфондарды тиімді пайдаланудың жолын табу керек. Демек, қазіргі білім беру мекемелеріне өте ауқымды ізденістер керек.
Сұхбаттасқан: Ахмет Жұмағалиұлы
02.12.2021 ж.
Ақпарат көзі: turkystan.kz