қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет  Жаңалықтар
07.02.2022

Сорбонна-Қазақстан институты Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске үлкен үлес қосуда

 

Абай атындағы ҚазҰПУ-дың Сорбонна-Қазақстан институты жастардың құқықтық тәрбиесіне үлкен үлес қосып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске белсенді қатысуда. Соңғы уақытта институт қызметкерлері осы салада көптеген іс-шаралар өткізді. Мәселен, 2021 жылы Нұрсұлтан Назарбаев Қорымен бірлесіп «Қазақстанның қылмыстық құқығының классикасы», «Қазақстанның жаңа әкімшілік әділеттігі», «АХҚО соты мен халықаралық төрелік орталығының юрисдикциясы: заң қоғамдастығы үшін артықшылықтары мен мүмкіндіктері», «Қазақстанның конституциялық құқық классикасы», «Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауының құқық қорғау аспектілері», «Еуропалық құқықтағы қылмыстық теріс қылық институты», «Қылмыстық істер бойынша сотқа дейінгі іс жүргізудің Еуропалық тәжірибесі», «Заң кадрларын даярлау» тақырыптарында әртүрлі сегіз құқықтық диалогтарды өткізіп, оған шетелдік және отандық сарапшылар, еліміздің құқық қорғау және мемлекеттік органдарының басшылары, ЖОО оқытушылары қатысты.


2021 жылдың желтоқсанында ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күніне арналған конференция өтті. Тақырыбы - «Тәуелсіздікке 30 жыл: сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың қалыптасуы». Іс-шара аясында қаланың белсенді қоғам қайраткерлерін сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске қосқан үлесі үшін марапаттау рәсімі өтті. Олардың қатарында Абай университеті Сорбонна-Қазақстан институтының директоры Айнұр Сәбитова бар. Сорбонна-Қазақстан институтының директоры, ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның мүшесі Айнұр Сәбитова халық арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бойынша қоғамдық қызмет аясында белсенді жұмысы үшін Мемлекет басшысының Жарлығымен «Халық алғысы» медалімен марапатталды.

Сорбонна-Қазақстан институтының басшылығы студенттер мен профессор-оқытушылар құрамы үшін Франция елінің білім саласын толық меңгеруге және француз тілінде білімдерін жетілдіруге арналған үнемі іс-шаралар ұйымдастырып отырады. Мәселен, 2021 жылы Францияның Бас консулы Алексис Шахтахтинскийдің және АҚШ-тың Алматыдағы Бас консулы Эрик Майердің қонақ дәрістері өткізілді. Институттың профессор-оқытушылар құрамында Франциядан келген оқытушылар Халид Фатес пен Этьен Баон бар, олар дәрісханалық сабақтармен қатар француз тілінің тегін үйірмелерін жүргізеді. Сондай-ақ, қос дипломды және бірлескен қазақстан-француз білім беру бағдарламалары аясында жыл сайын дәріс оқу үшін әріптес жоғары оқу орындарынан 20-25 Француз профессорлары келеді. TotalEnergies E&P Kazakhstan бас директоры Ахлем Фрига-Ной «Француз іскерлік әлемімен танысу - қазақстандық жастарға арналған практикалық бизнес-курсы» сериясының бірінші вебинарының аясында студенттермен кездесті.Француз тілі оқытушыларының халықаралық күніне арналған іс-шараға Орталық Азия педагогтары мен оқу орындарының басшылары қатысты. Аймақта француз тілін оқыту әдістемесінің өзекті мәселелері талқыланды. Сорбонна-Қазақстан институтының директоры А.Сәбитова, сонымен қатар, ассистенттер А.Ибрагимова және Ж.Болат Қазақстандағы Франция Елшілігінің грантын иеленді. 2021 жылдың желтоқсан айында Cavilam тіл мектебінде Pôle Universitare de Vichy (Франция) біліктілікті арттыру курстарынан өтті.