қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет / БАҚ біз туралы
05.02.2022

«Шамның» жарығы шағын қалаға түскенде

 


 

Наурыз айынан бастап еліміздегі шағын қалалардың тұрғындары баспаналы болуда жеңілдетілген несиенің игілігін көрмек. «Отбасы банкі» даму әлеуеті төмен моноқалаларға осындай мүмкіндік сыйлап отыр. Мұның өзі де шаруасы шатқаяқтап тұрған шағын қалалардағы көп түйткілдің шешімін табуға сеп. Алайда тұрғындары облыс орталықтары мен мегаполистерге бет түзеген шағын қалаларда баспана мәселесі қаншалықты өзекті?

 

Қазір ел аумағында бір кездері үлкен өндіріс ошағының маңына шоғырланып, тікелей Мәскеудің бақылауында болған 27 моноқала бар. Кеңес Одағы тараған соң бұл қалалардың да басынан бақ тай­ды. Кейбіріндегі өндіріс ошағы жабы­лып тынды. Жұмыс­сыз қал­ған өндірістік кент тұрғындары жайлы тұрмыс іздеп, ірі қалаларға қоныс аударды. Статистика соң­ғы ширек ғасырда еліміздегі моноқалалар тұрғындарының саны 2 есе азайып кеткенін рас­тайды. Өткен ғасыр соңында ша­ғын қалаларда 3 мил­лион­ға жуық адам өмір сүрсе, бү­гінде олардың саны 1,5 миллионға да жетпейді.

 

Сонда да болса моноқалалардың барлығы бірдей жойылып кеткелі тұр деп дабыл қағуға келмейді. Ара­сында тіршілік қазанын қайнатып, өндіріс көлемін жыл санап ұлғайтып жат­қаны да баршылық. Қазір рес­пуб­ли­кадағы өнеркәсіптік өндіріс өнім­дерінің 40 пайызы дәл осы ша­ғын қалаларда өндіріледі. Өз кезегінде бұл фактор өндіріске бе­йімделген моноқалалардың әлеу­меттік-эко­номикалық мәселелерін шешуге мықтап мойын бұруды та­лап етеді.

 

Тәуелсіздік алған 30 жыл ішінде мемлекет өзге өңірлермен бірге ша­ғын қалалардың да әлеуметтік-эко­номикалық дамуын назардан тыс қалдырмады. Мәселен, 2012 жыл­дың мамыр айында моноқалаларды дамытудың 2020 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасы қа­былданды. Ел аумағында 27 шағын қаланың шырайын келтіруді мақсат еткен бағдарлама 4 негізгі көрсет­кіштен тұрды. Мұнда шағын қала­лардың экономикасын әртараптан­дыру, еңбек ресурстарын тиімді басқару, әлеуметтік және инже­нерлік инфрақұрылымын дамыту мәселелері қамтылған. Алайда бұл мәселелердің ішінде шағын қала тұрғындарын баспанамен қамту жайы назардан тыс қалды.

 

«Отбасы банкі» осы мәселенің шешімі ретінде жеңілдетілген ипо­текалық бағдарлама әзірлеп шықты. Оны Үкімет отырысында Премьер-Министрге таныстырды. Қазір салалық министрліктермен жеке­леген параметрлері бойынша нақ­тылау жүргізіліп жатқан бағдарлама арқылы ипотека алудың тәртібі қа­рапайым. Ол үшін несие алушы тұрғын үй құнының 10 пайызын бас­тапқы жарна ретінде төлеуі ке­рек. Қалған сома банк есебінен бе­ріледі. Оны тұтынушы 20 жыл ішін­де 5 пайыздық жылдық тиімді мөл­шерлемемен төлей алады.

 

Алдын ала есеп бойынша, ша­ғын қалалардағы ипотекалық не­сиені қаржыландыруға респуб­ликалық бюджеттен жыл сайын 11 миллиард теңге бөлу қажет. Де­­генмен сарапшылар шағын қала тұр­ғындарының баспана мәселе­сін шешуге бағытталған бағдар­ламаның өміршеңдігіне күмән келтіреді. Олардың пікірінше Үкі­мет моно­қала тұрғындарын бас­панамен қамтудан бұрын, жұмыс орындарын құруға басымдық бер­гені дұрыс.

 

- Бізде Үкімет даму бағдарла­ма­сын әзірлеген сәтте жергілікті жер­дегі нақты мәселені анықтай алмай­тын сияқты. Өйткені қазір шағын қала тұрғындарының баспана мә­селесін шешу үшін жаңа ипотекалық бағдарламаны іске қосудың түкке қажеті жоқ. Мұнда баспанадан бұ­рын жұмыспен қамту мәселесі өзекті.

 

Сондықтан қаражатты жаңа жұмыс орындарын құруға бағыт­таған дұрыс. Өндіріс орындарында жұмыс болса шағын қалалар да жас­тарды өзіне тарта алады. Ал жұмысы бар, тұрақты табысы барларға ша­ғын қалаларда баспаналы болу қиындық тудыра қой­­­май­ды, - дейді экономика ғы­лым­да­ры­ның докторы Бейсенбек Зиябеков.

 

Шынында, бір кездегі өндірістік қуатынан айырылған моноқала тұрғындарын баспанадан бұрын жұмыспен қамту мәселесі көп ой­лантса керек. Жергілікті тұрғын­дарда үй бар. Тек жұмыстың жоқ­тығы қинайды. Әрі соңғы жылдары мұндай мекендерге көшіп баратын­дардан көшіп кететіндер көп. Де­мек, баспанаға анау айтарлықтай мұқтаждық жоқ. Керісінше, жергі­лік­ті биліктің барды ұқсата алмауы­нан өндірістік қалалардағы көппә­терлі үйлердің дені бос қалып жа­тыр. «Осы жағдайда моноқала­лар­дағы баспанамен қамтуға арналған ісін қаржыландырудың қажеті бар ма?» деген сұрақтың тууы заңды.

 

Демографиялық статистика зерт­теушісі Мақсат Имандосов та ша­­ғын қалалардағы жұмыспен қам­ту мәселесін шешпей, ондағы өзге қа­­лаларға ағылған халықтың нөпі­рін тоқтату мүмкін емесін тілге тиек етті.

 

- Мен тұратын Ақтөбе қаласы­ның шеткі аудандарына 25 жылдан бері халық ауыл-аймақтан толассыз көшіп келіп жатыр. Олардың ішінде облыстағы моноқалалардың тұр­ғын­дары бар. Жұмысы болса, олар жылы орнын суытпас еді ғой.

 

Сондықтан шағын қалаларда баспана мәселесінен бұрын жұмыс орындарын көптеп құрмай, олар­дың көші-қонының алдын алу мүм­кін болмайды. Тіпті, ипотекалық несиені ең төменгі пайызбен бер­сеңіз де жұмыс жоқ жерден баспа­намен жарылқап ешкімді ұстап отыра алмайсыз. Әрі ол несиені төлеу үшін де тұрақты табыс керек емес пе? - дейді М.Имандосов.

 

Осылайша, шағын қалаларда баспанамен қамту мәселесіне кел­генде сарапшылардың ойы бір жер­ден шықты. Олар жергілікті тұр­ғын­дарға жеңілдетілген ипотекалық несие беруден бұрын екі қолына бір күрек ұсынуды жөн деп біледі.

 

Алайда біздегі шағын қалалар­дың даму динамикасы, өндірістік, экономикалық әлеуеті әрқилы еке­нін ескерсек, бұл мәселеге біржақты пікір білдіруге тағы болмайды. Яғни, шағын қалаларда жұмысы бар, басында баспанасы жоқ тұр­ғындар да болуы мүмкін. Тіпті, олар баспана алуда жеңілдетілген ипоте­калық несиенің көмегіне жүгінуді сарыла күтуі де ғажап емес. Мәсе­лен, Жамбыл облысындағы Қаратау қаласының тұрғыны Ерболат Жар­қынбекұлы дәл осы бағдарлама арқылы баспаналы болудан үмітті.

 

- Қазір қызметтік пәтерде тұ­рып жатырмын. Мүмкіндік болып жатса, жеке пәтер алу жоспарда бар. Қазір Қаратаудағы пәтерлердің орташа құны 3 миллион теңгеден басталып, 8 миллион теңгеге дейін жетеді. Сондықтан өз басым моно­қала тұрғындарына арнап жеңіл­детілген ипотекалық несие беруді асыға күтіп жүрмін. Баспаналы ­бо­лып жатсам, Қаратауда қалу тура­лы да ойланып көруге болады, - дейді ол.

 

Еліміздің бірнеше моноқа­ла­сында ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүр­гізген Абай атындағы Қазақ ұлт­тық педагогикалық универси­те­тінің аға оқытушысы, PhD докторы Думан Тоқтарұлы да моноқалалар тұр­­ғын­дарын жеңілдетілген ипо­те­камен қамтамасыз ету қажеттігін ай­тады. - Еліміздегі шағын қала­лар­дағы тұрғын үйлердің сапасы сын кө­тер­мейді. Бұл фактор қа­ла­лардағы әлеу­меттік жағдайды шие­леністіріп отыр. Жалпы, шағын қа­лаларда қа­лыптасқан мәсе­ле­лер­дің әлеуметтік, экономикалық және экологиялық сипаты бар. Сондық­тан моноқа­лалардан көшетіндердің саны артпаса кеміген жоқ. Менің ойым­ша, әрбір моноқаланың жал­пы әле­уе­тін ескере отырып, пос­тиндус­трия­лық жаңаша даму сце­нарийін жа­сау қажет. Мұнда аталған мәселе­лер­мен бізден бұрын келген, батыс ел­дерінің тәжірибесі мен дәл осы ба­ғытта ғылыми-зерттеу жұ­мыс­­та­рын жасаған мамандардың ғы­лыми тұжырымдарына иек артуға бо­ла­ды, - дейді Думан Тоқтарұлы.

 

Бір сөзбен айтқанда, моноқала тұрғындарын арнаулы ипотекалық бағдарлама арқылы баспанамен қамтуда әлі де ескеруге тұратын жайт­тар жеткілікті. Баспанадан бұ­рын жаңа жұмыс орындарын ашуға көңіл бөлгенді құп көретіндердің де пікірі құнды. Солай екен деп жұмыс бабымен шағын қаланың тұрғыны атанғандарды баспаналы болу мүмкіндігінен айыруға болмайды. Керісінше, жергілікті билік мұны шағын қалалардың шырайын қайта кіргізудің тетігі ретінде қарастырса қапы қалмайтыны анық.

 

05.02.2022 ж.

Ақпарат көзі: aikyn.kz