қазақша · русский · english
 
 
 
16.01.2026

Докторанттардың зерттеу жұмыстары бойынша аттестациялау ғылыми семинары

 

    2026 жылдың 16 қаңтарында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Педагогика және психология факультеті, Мектепке дейінгі білім беру және әлеуметтік педагогика кафедрасының ұйымдастыруымен «8D01201 – Мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу» білім беру бағдарламасы бойынша білім алатын докторанттардың ғылыми-зерттеу жұмыстарының орындалу барысын саралау және аттестациялау мақсатында ғылыми семинар өткізілді.Ғылыми семинардың негізгі мақсаты – докторанттардың диссертациялық зерттеулерінің қазіргі білім беру кеңістігіндегі өзектілігін талдау, зерттеу нысаны мен пәнінің айқындылығын қарастыру, әдіснамалық негіздерінің дұрыстығын саралау, сондай-ақ ғылыми-зерттеу жұмыстарының логикалық құрылымын жетілдіруге әдістемелік қолдау көрсету болды.Іс-шараны кафедра меңгерушісі, педагогика ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Ұлбосын Қыяқбаева ашып, кіріспе сөз сөйледі. Ол өз сөзінде докторанттардың ғылыми-зерттеу қызметін кезең-кезеңімен жоспарлаудың маңыздылығына тоқталып, диссертациялық зерттеулерде тақырыптың негізділігі, мақсат пен міндеттердің нақтылығы, ғылыми жаңалық пен практикалық маңыздылықтың өзара байланысына ерекше назар аудару қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар докторанттардың ғылыми жұмыстары университеттің диссертациялық жұмысты орындау бойынша бекітілген жол картасына сәйкес жүргізілуі тиіс екендігін айтты.

Ғылыми семинардың төрағасы, PhD, қауымдастырылған профессор м.а. Анар Алимбекова докторанттардың ғылыми зерттеулерін талқылау барысында диссертациялық жұмыстардың құрылымдық тұтастығы мен мазмұндық үйлесімділігінің маңызын атап өтті. Ол зерттеу әдіснамасының айқындығы, теориялық негіздердің дәйектілігі және қолданылатын зерттеу әдістерінің қойылған мақсатқа сәйкестігі ғылыми жұмыстың сапасын айқындайтын негізгі көрсеткіштер екенін ерекше атап көрсетті.Семинар барысында 1-курс докторанттары университеттің диссертациялық жұмысты орындау бойынша жол картасына сәйкес аттестациядан өтіп, өздерінің ғылыми-зерттеу жұмыстарының жоспарланған кезеңдері мен орындалу барысы жөнінде есеп берді.

Ал 2 және 3-курс докторанттары диссертациялық зерттеулерінің мазмұнымен таныстырып, орындалған ғылыми жұмыстарын ғылыми семинар мүшелерінің назарына ұсынды. 2-курс докторанттары диссертациялық жұмыстың 1–2 тарауларының мазмұнын, теориялық және әдіснамалық негіздемесін баяндаса, 3-курс докторанттары зерттеу жұмысының тұтас құрылымын, негізгі ғылыми нәтижелерін, қорытындыларын және практикалық маңыздылығын жан-жақты таныстырды.Ғылыми талқылау барысында докторанттардың зерттеу тақырыптарының қазіргі мектепке дейінгі білім беру жүйесінің сұраныстарымен сабақтастығы, олардың теориялық және практикалық маңыздылығы, сондай-ақ зерттеу нәтижелерін білім беру тәжірибесіне енгізу мүмкіндіктері кеңінен қарастырылды. Қатысушылар тарапынан ғылыми пікірлер айтылып, диссертациялық жұмыстарды жетілдіруге бағытталған нақты ұсыныстар берілді.Аталған ғылыми семинар докторанттардың ғылыми-зерттеу жұмыстарының аралық нәтижелерін саралауға, зерттеу бағыттарын нақтылауға және диссертациялық жұмыстарды әрі қарай сапалы жүргізуге мүмкіндік берген маңызды ғылыми алаң болды. Іс-шара қорытындысы бойынша докторанттарға ғылыми-зерттеу жұмыстарын жетілдіруге қатысты ұсыныстар беріліп, келесі кезеңге арналған міндеттер айқындалды.

  alt=  

   

   

  alt=  

  alt=  




Кері оралу