қазақша · русский · english
 
 
 
02.12.2025

1 ЖЕЛТОҚСАН - ДҮНИЕЖҮЗІЛІК АИТВ-СПИД-ке
ҚАРСЫ КҮРЕС КҮНІ


Кеше университетіміздің дене шынықтыру және алғашқы әскери дайындық факультетінің «Дене мәдениетінің теориясы мен әдістемесі» кафедрасында 1 Желтоқсан - Дүниежүзілік АИТВ-СПИД-ке қарсы күрес күніне орай жоспарланған «Жастар арасында АИТВ-инфекциясының таралуының өзекті мәселелері және қазіргі жағдайда олардың алдын алу» тақырыбында ғылыми-практикалық семинар өткізілді.
Семинарға кафедраның профессор-оқытушылар құрамы мен «дене шынықтыру және спорт» мамандығы бойынша білім алушы студенттер қатысты.
Семинарды кафедра меңгерушісі, философия докторы (РhD) Төлегенұлы кіріспе сөзбен ашты. Ол сөзінде бүгінгі семинар тақырыбы мен білім алушы жастардың денсаулығын сақтау мен нығайтудың маңыздылығын атап өтті.
Кафедра профессоры, медицина ғылымдарының докторы Балгимбеков Ш.А. бүгін атап өтіліп жатқан Дүниежүзілік АИТВ-СПИД-ке қарсы күрес күнінің мақсаты, қазіргі кезде әлемде, оның ішінде Қазақстанда да өзекті болып отырған АИТВ-инфекциясының жұғу жолдары мен оның зиянды салдары, күресу және алдын алу шаралары жөнінде заманауи мәліметтерді келтіре отырып, баяндама жасады. Бүгінгі таңда елімізде АИТВ-инфекциясын жұқтырған 43 мыңнан астам адам тіркеуде тұр, соңғы жылы 3193 адамның вирус жұқтырғаны анықталған. Баяндамадан соң профессор Балгимбеков Шамшидин Абдуллаұлы студенттердің сұрақтарына жауап беріп, осы қауіпті індеттен және басқа да жұқпалы аурулардан сақтану және денсаулықтарына жауапкершілікпен қарау жөнінде нақты кеңестер берді. Оқытушы-докторант, магистр Ерданова Г.С. студенттер назарына «Дүниежүзілік СПИД-пен күресу күні» қызықты видеофильм ұсынды.
Кафедраның аға оқытушысы, философия докторы (РhD) Гайсина Қ.М. «Жастардың мәдени-әлеуметтік қарым-қатынасы және ұлттық құндылықтар арқылы АИТВ/СПИД-тің алдын алу» тақырыбында тәрбиелік мәні зор баяндама жасап, студенттер жастарды халқымыздың отбасылық тұрақтылық пен адалдыққа тәрбиелейтін әдет-ғұрпын, саламатты өмір салтын ұстануға, шақырды. Оқытушы-докторант, магистр Амитова Ж.Т. семинар тақырыбына орай АИТВ қоздырушысының тұрақтылығын сипаттайтын зертханалық жұмыс орындап, студенттерге көрнекі материалдар көрсетті. Оқытушы-докторант, магистрант Ерданова Г.С. қатысушы студенттермен кері байланыс мақсатында викториналық сұрақ-жауап жүргізді.
Семинар соңында профессор Ш.А.Балгимбеков, аға оқытушы Қ.М.Гайсина, оқытушы-докторанттар Ж.Т.Амитова мен Г.С.Ерданова студенттердің сұрақтарына жауап беріп, пікір алмасты.


 




Кері оралу