Негізгі бет /
БАҚ біз туралы
11.04.2022 Ұстаздықты ұлықтаған ұлағатты ғалым
Ұстаз. Осы бірауыз сөздің құдіреті қаншама десеңізші!? Бір қарағанға жай ғана айтыла салған сөз болып көрінгенімен, осы бір қасиетті ұғымның мағынасы таудан биік, мұхиттан терең. Дана халқымызда «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» деген ұлағатты сөз бар. Олай дейтініміз, қай заманда болмасын күллі халықты аузына қаратқан талантты жанның бағындырар белесі мен шығар биігі білікті ұстазына тікелей байланысты.
Қазақ әдебиетінде қаздай тізілген тау тұлғалы алыптарымыздың өмір жолына көз жүгіртсек, өзінің қалыптасуына ықпал етіп, ел құрметіне бөленуге жол сілтеген ұстазына деген ықыласы ерекше. Өйткені адам баласының өмірден өз орнын табар азамат болуына ата-ананың ыстық ықыласы мен өлшеусіз еңбегінен кем күш жұмсамайтын тұлғаның бірі ұстаз екені де даусыз. Ата-бабаларымыздан жалғасқан сара жолдың парқын біліп, оны қадір тұтар өскелең ұрпақ тұрғанда бұл мектеп ешқашан үзілмейді. Қайта оның жаңарып, жаңғырған заман легімен жаңаша қырынан дамып отыратыны анық.
Бүгінде көзінен жалын отының ұшқыны сезілген талай шәкірттің қырандай көк аспанда еркін самғауына жол ашып, ғылым атты әлемнің қасиетті табалдырығынан нық аттауына себепкер болып жүрген тұлғалы азаматтың бірі - Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, педагогика ғылымдарының докторы, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі, профессор Бақтияр Өрісбайұлы Сманов. Әрине, осыншама ғылыми және лауазымдық атақ-дәрежесіне қарап, кез-келген жас ол кісіге алғашында шәкірт болуға жүрексінері сөзсіз. Десе де, Бақтияр Өрісбайұлы кішілікті кісіліктен жоғары қоя білген парасат иесі. Ғылымдағы орны қаншалықты биік десек, шәкіртке деген сыйластық қарым-қатынасы мен адамгершілік ізгі қасиеті де ақ басты Алатаудың шыңындай асқақ.
Академик Бақтияр Смановтың өмір жолының өзі кейінгі ұрпаққа тәлім берерлік өнегеге толы. Бүгінде Өзбекстан Республикасының Ташкент облысына қарайтын Бостандық ауданындағы «Жаңа ауыл» елді мекенінде 1952 жылы дүниеге келген ол туған ауылынан түлеп ұшып биік мақсаттарға қол жеткізе білді. Ағайдың айтуы бойынша әкесі Өрісбай атамыз да саналы ғұмырын ұстаздыққа арнап, ауыл балаларының сауатын ашып, олардың ел ертеңіне айналар саналы азамат боып қалыптасуына өлшеусіз үлес қосқан. Туған ауыл халқына ұлағатты ұстаз ретінде сыйлы болған әкені өзіне үлгі тұтқан Бақтияр ағай да осы жолды таңдап, оны өзінің қалыптасу жолындағы арманының баспалдағы еткені анық. «Қыран ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі», - деп ата-бабаларымыз айтып кеткендей, отбасындағы әкенің жарқын бейнесі болашақ академиктің қалыптасуына айрықша ықпал етті.
Орта мектепті бітірген соң, үкілеген арман жетегіне еріп, сол уақытта қара домалақ ауыл балаларының қолы жете бермейтін әсем қала Алматының төрінен орын тепкен С.М.Киров атындағы (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық) Қазақ мемлекеттік университетінің Филология факультетіне оқуға түседі. Жастайынан көркем әдебиетке жаны құмар, талантты жас бұл жерде білікті ұстаздардан тәлім алып, білім қорын одан әрі тереңдетеді.
Бақтияр ағаймен оңашада ұстаз бен шәкірт болып әңгіме-дүкен құра қалсақ, ағайдың сонау өткен ғасырдағы студенттік жылдарына сапар шегіп қайтамыз. Әсресе, сол уақытта өзіне дәріс берген Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллин ағамызға ерекше тоқталып, ол кісімен өткізген уақыттарын есіне алғанда ағайдың жанарынан батырға деген інілік және шәкірттік шексіз құрметті байқайтынмын. Мен Бақтияр ағайдың осы сөздерін тыңдай отырып, ел ықыласына бөленген даңқты батырдың кішіпейілдігіне, қарапайымдылығына қатты таңырқайтын едім. Енді ойлап қарасам, даңқты батырдың осы ізгі қасиеттері өз ұстазымның бойына дарығанын шәкірттеріне деген ерекше ықыласынан аңғарамын.
Міне, елімізге кеңінен танымал, атақты ғалымдардан дәріс алып, қанатының қатаюы Бақтияр Смановтың 1973 жылы университеттегі оқуын аяқтаған соң, сол кездегі жолдамамен жіберілген ауылдық жерде мұғалім болып қалып қоймай, үлкен қалада одан әрі білімін шыңдауына түрткі болады. Ыбырай Алтынсарин атындағы Педагогика ғылымдары институтының аспирантурасын, КСРО Педагогика ғылымдары академиясының Басшы кадрлар біліктілігін көтеру институтының Жоғары курстарын тәмамдаған ол рухани тұрғыда толыса түседі. Оқу-білім мен қызметтік жолды қатар алып жүрсе де, әр іске де жауапкершілік таныта білгендіктен ұжым ортасында абыройға бөленеді. Қат-қабат қызметтің бел ортасында жүріп, ғылымнан қол үзбеген Бақтияр Өрісбайұлы еліміз Тәуелсіздігін алар тұста 1991 жылы Мәскеуде «Қазақ орта мектебіндегі жоғары сыныптарда эпикалық шығармалардың кейіпкерлер бейнесін талдау» тақырыбындағы кандидаттық жұмысын жоғары деңгейде қорғап шығады. Әрине, бұл бір қарағанға ғалымның кезекті бір ізденісінің нәтижесі секілді көрінуі мүмкін. Бірақ қазақ әдебиеті тақырыбындағы кандидаттық диссертациясын Мәскеу төрінде қорғау екінің-бірінің қолынан келе бермейтіні, бұл аса үлкен жауапкершілік пен ізденісті қажет ететіні айтпасақ та түсінікті. Мектеп мұғалімінен бастау алған еңбек жолы ғылыми институттардағы ізденістерден соң, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі мен Министрлер кабинеті, Үкімет аппаратындағы жауапты қызметтермен жалғасын табады. Білім министрінің кеңесшісі, Жалпы орта білім Бас басқармасының бастығы, Министрліктің алқа мүшесі секілді көптеген аса жауапты қызмет баспалдақтарынан өтіп, ұйымдастырушылық қабілеті шыңдала түседі. Кандидаттық жұмысты ғылымдағы өрлеудің баспалдағы еткен болашақ академик, ұзақ ізденіс пен мол тәжірибенің арқасында 2010 жылы ару қала Алматыда «Мектепте көркем шығарманы талдаудың ғылыми-әдістемелік негіздері» атты докторлық диссертацияны да табысты қорғап шығады.
Еліміздің жауапты лауазымдарда шыңдалып, ғылымда да өз қолтаңбасын қалыптастырған Бақтияр ағайымыздың мемлекеттік қызметтерден кейінгі еңбек жолы еліміздің белді жоғары оқу орындарымен тікелей ұштасып жатыр. Бұл өзінің білім алған әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дан бастау алған ұстаздық жол Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде Филология, тарих-филология, дайындық факультеттерінде декан, Алматы облысы мамандар кәсібін дамыту институтында кафедра меңгерушісі, Білім беру жүйесінің басшы және ғылыми-педагогикалық кадрлары біліктілігін арттыратын Республикалық институт директоры, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде Аппарат жетекшісі, Академик С.Қирабаев атындағы қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі секілді басшылық қызметтермен де жалғасын тапты. Қандай жауапты қызметте жүрсе де, Бақтияр Өрісбайұлы ғылымнан ешқашан қол үзген емес. Еліміздегі ғылыми басылымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарында бүгінгі таңда да да ағайдың тағылымы мол мақалалары үздіксіз жарияланып тұрады. Бүгінде Академик С.Қирабаев атындағы қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының профессоры болып қызмет атқаратын Бақтияр Өрісбайұлы - Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі, «Қазақ тілі мен әдебиеті», «Ұлттық тәрбие», «Педагогика және психология» журналдары Ақылдастар алқасының мүшесі, Абай атындағы ҚазҰПУ-дың «Филология ғылымдары» сериясы Хабаршысының Бас редакторы.
Сондай-ақ, Қырғыз Білім беру академиясы мен И.Арабаев атындағы Қырғыз мемлекеттік университеті жанындағы педагогика ғылымдарының докторы (кандидаты) ғылыми дәрежесін беру жөніндегі диссертациялық кеңестің мүшесі, отандық ғылымның бауырлас қырғыз елімен біте қайнасып, жан-жақты дамуына өлшеусіз үлес қосып жүрген ғалым-академик. Қырғыз халқының біртуар азаматы, атақты Шыңғыс Айтматовтың шәкірті әрі зерттеушісі, академик Абдылдажан Ахматалиевпен арасындағы ғылыми әріптестік, үлкен достық пен сыйластыққа ұласуы бүгінгі ұрпаққа тәлімі мол өнеге. Бұл байланыс кешегі қазақ-қырғыз алыптарының бауырластық сыйластығының тамырын тереңге жайғанын көрсетеді.
Академик Б.Сманов Қазақ КСР халық-ағарту ісінің озық қызметкері, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері, Қазақстан Республикасы мәдениет саласының үздігі, Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін төсбелгілерінің, Ы.Алтынсарин, «Қазақстан Конституциясына - 20 жыл», Халықаралық Түрксой ұйымының С.Қадышев, «Бәйтерек-Келдібек» қоғамдық қорының «Ерен еңбегі үшін» медальдарының иегері, Халықаралық Жамбыл атындағы сыйлықтың және «Ұлт қайраткері» құрметті атағының иегері. Сонымен қатар 2017 жылы өзінің білім саласындағы қажырлы еңбегінің арқасында ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі болып бірауыздан сайланды.
Сонымен қатар ол ғалым-ұстаз, діни-имандылық, рухани-адамгершілік тақырыбына байланысты тарихи-танымдық, саяси-ақпараттық талдау мақалалар жазып жүрген зерделі зерттеуші. Жалпы жиыны 450-ден астам ғылыми еңбектердің авторы (оның ішінде 9 монография, 15 оқулық, оқу-әдістемелік құралдары бар). Олар 20 жылдан астам уақыттан бері еліміздің орта мектептерінде кеңінен қолданыста.
Бақтияр ағайды мен университет қабырғасында оқып жүрген кезден-ақ әдебиеттің әдіскер-ғалымы ретінде сырттай танитынмын. Өйткені сол уақытта өзім де осы мамандықтың магистратурасында білім алып жатқандықтан әдістемеге келгенде ол кісінің еңбектеріне тоқталмай кету мүмкін емес еді. Оқуды бітірген соң, өзім білім алған қара шаңырақтың сайтынан «Ақпараттық ресурстар бөліміне» веб-редактор керек деген хабарландыруды оқып, бағымды сынап көру үшін университеттің кадр бөліміне құжаттарымды алып бардым. Сол уақыттағы кадр бөлімінің бастығы Оралгүл Жайлаубаевна құжаттарыммен танысып отырып:
- Сіз, 210-шы кабинетке барыңызшы. Сол жерде Ректор аппаратының жетекшісі отырады, - деп екінші қабатқа жөн сілтеді.
Мен жасқана басып, 210-шы кабинеттің есігін аштым. Ішінде отырған ақ-сары келген хатшы қызбен сәлемдескен соң, кадр бөлімі басшысының нұсқауымен келгенімді айттым. Сонда ол:
- Бақтияр Өрісбайұлы ректордың қабылдауында, күте тұрыңыз, - деді. Бұл есім маған бұрыннан таныс, өзін жүзбе-жүз көрмесем де еңбектерімен азды-көпті таныстығым бар. Бақтияр ағайдың тұлғасын өзімше көз алдыма елестетіп отырғанымда есіктен өзі кіріп келді. Мен орнымнан жалма-жан ұшып тұрып, сәлемдестім. Жоқ, мен ойлағандай қорқынышты емес екен. Мені жас демей жылы шыраймен қолын ұсынып, келген шаруамды сұрады. Мен іле-шала хабарландыру бойынша келгенімді, кадр бөлімі осында жібергенін айтып, түйіндемемді қолына ұстаттым. Өзім артынан жүріп кабинетіне ере кірдім.
- Сен, біздің түлек екенсің ғой, жазуға қалайсың, - деді Бақтияр ағай түйіндемеме қарап отырып.
- Орташа, дедім мен сасқалақтап.
- Жаза білген жақсы, кейін өзіңе керек болады. Үш айлық сынақ мерзімімен жұмысқа қабылдаймыз, жақсы нәтиже көрсетсең ары қарай жалғастырамыз, - деді ағай.
- Жарайды, дедім. Іштегі қуаныштан дауысым қаттырақ шығып. Сол таныстық келе-келе үлкен сыйластыққа ұласты. Бақтияр ағай өзінің әлі сиясы кеппеген мақалаларымен бөлісіп, туындысы жайында ойымды сұрап, пікір білдіріп жатсам мақтауымды асырып қолпаштай жөнелетін. Сондай сәттерде үлкен ғалымның төбемді көкке жеткізуі мені ерекше әсерге бөлейтін. Басшы мен қызметкер ретіндегі әріптестік қарым-қатынас ұстаз бен шәкірт байланысына ұласты. 2017 жылы өзім оқыған факультеттің Phd докторантурасына Әдебиеттану мамандығы бойынша оқуға түстім. Ол уақытта ағай да біздің кафедраға меңгеруші болып, төртінші қабаттағы 410-шы дәрісханаға келіп жатты. Өйткені сол жылдың көктемінде біздің кафедраға академик Серік Қирабаев атамыздың 90 жылдығына орай аты берілген болатын. Сол кезде бұл дәрісхана кафедра меңгерушісінің кабинеті ретінде жасақталған еді. Ағайдың тікелей шәкірті болып бекітілген күннен бастап біздің байланысымыз одан әрі нығая түсті. Мен өзімнің білгенімше жазған дүниелеріме ағайдың атын қосақтап жазып, жариялауға ұсыну үшін ол кісіге алып келетінмін. Сол кезде жекпе-жекте қарсыласқа есе жіберіп, бет әлпеті қызыл қанға боялған спортшыдай күй кешкен ақ парақтағы әдемі жазуларымды көргенде қалам ұстауға енді қайтып жүрегім дауламай қалатын. Бірақ ерінбей оқып, өзінің ойын қайта қосып, мақаламның құндылығын арттырып бере отырып, Бақтияр ағай:
- Ойың жақсы, үрлесе тұтанатын шоқ секілді. Дегенмен оны мейілінше көркем еткенің дұрыс. Өзің жазып, менің фамилиямды қоса тіркеп қойыпсың, сол себепті мақаланы академиктің көзімен қарауыма тура келді, - деп ағай шабыттандырып қоятын. Баспасөз орталығында қызметте жүріп, университет жетістіктерін газетке жазудан басталған жазу өнеріме қанат бітірген Бақтияр Өрісбайұлының ыстық ықыласы еді. Қандай мақалам болмасын, жұрт алдына жасқана кіретін басшыға ескертусіз еркелей басып бір қаратып алатын едім. Сондай сәттерде өзі жұмыстан бас алмай жатса да, «Шоқаш сен шәй қойып жібер», екеуміз сенің мақалаңды талқылап тастайық деп бәрін ысырып қоятын еді. Міне, ұстазымның осы ізгі қасиеті менің ғылым жолына келуіме зор ықпал етті.
Бүгінде 70-тің шыңына шығып отырған академик Бақтияр Өрісбайұлы әлі де талай шәкірттің жүрегіне нұр сеуіп, қаламын ұштайтыны сөзсіз. Шәкіртінің жан дүниесін көз жанарынан ұғынатын ардақты ұстазыма тілейтінім зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасына бақ-береке. Сөз соңында ғылымдағы тұғырыңыздан ешқашан төмендемеңіз Бақтияр ағай дегім келеді.
Авторы: Шоқан Құттыбаев, Абай атындағы ҚазҰПУ, академик С.Қирабаев атындағы қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының магистр, аға оқытушысы 11.04.2022 ж. Ақпарат көзі: dalanews.kz
|