қазақша · русский · english
   
21.04.2017

 

   2017 жылдың 19 сәуірінде Шетелдік азаматтарға арналған және жоғары оқу орнына дейінгі дайындық факультетінде (Foundation) Наурыз мейрамы тойланды. Мейрамға барлық дайындық факультетінің тыңдаушылары, бакалавриат студенттері, магистранттары қатысты. Оқытушылар үлкен дастархан жайып, наурыз көже, палау, бауырсақ, шұбат, қымыз сияқты қазақтың ұлттық тағамдарымен толтырды. 

     Шетелдік азаматтарға арналған және жоғары оқу орнына дейінгі дайындық факультетінің деканы Х.Н. Жанбеков пен Шетел азаматтарына арналған филологиялық мамандықтар және ЖОО дайындық кафедрасының меңгерушісі С.Б. Бегалиева барлық қатысушыларға денсаулық, амандық, бақыт, оқуда, жұмыста биік жетістіктер мен елімізге тыныштық тіледі. С.Б.Бегалиева өз сөзінде: «Ұлы қазақ ақыны Абай айтқан: «Басқа бір елдің тілі мен мәдениетін білу, адамды сол елмен теңестіреді» - деп. Біздің факультет - үлкен отбасы. Әртүрлі елдің студенттері бір-бірімен тіл табысуды үйреніп, ортақ мақсатқа, яғни орыс тілін жетік меңгеруге ұмтылады. Біздер әрдайым студенттер бір-бірінен үйренсін деп қызықты шаралар ұйымдастырамыз. Осы мерекелік кешті біздермен өткізуге шақырамыз» - деді.

  Шетел студенттеріне біздің Наурыз мейрамымыз өте ұнады. Шет тілдерінде әндер шырқалды. Таң қалдырғаны біздің еліміздің қонақтарына қазақтың әндерінің ұнайтындығы. Барлығымыздың қуанышымызға айналған Димаш Құдайбергеновтың арқасында қытайлық студенттер әншінің репертуарын жаттап алғандықтан, «Дайдидау» мен «Ұмытылмас күн» әндерін бірлесе орындадық.
    Корей студенттері де студенттік топтардың көпшілік бөлігін құрайды. Олардың бойындағы ұлттық дәстүрлерге деген сый-құрмет пен заманауи бағытта болуылары барлығын тамсандыратыны сөзсіз.
    Дайындық курстарының тыңдармандары домбырада ойнап, әндер шырқап, Тұсау кесер дәстүрін көрсетті. Барлық қонақтарға бұл тамашалағандары жаңа дүние болды.
      Біздерді тағы да жақындастыра түскен танымды шара өткізгенімізге қуанышымыз шексіз. 

 




Кері оралу