Студенттер Алматы музейлеріне жиі баруды дәстүрге айналдырды
2022 жылдың 21 ақпаны мен 13 сәуірі аралығында мемлекеттік «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында университет білім алушыларының мәдени әлеуетін күшейтуде, әсем қаламыз Алматының тарихын, мәдени және рухани құндылықтарымен таныстыру үшін, ұлтымыздың Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы, мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың 110 жылдығы қарсаңында «Алматы музейлеріне саяхат» дәстүрлі жобасы ұйымдастырылды.
Жобаның мақсаты - шалғай аймақтардан, ауылдан келген студенттерді Алматының бай тарихы, құнды мәдениеті мен асыл руханияты жинақталған материалдық құндылықтарымен таныстыру болмақ.
Қойнына сан ғасырлық тарихын жасырған әсем шаһардың тереңіне үңілуде Абай университетінің 800 астам бакалавр білім алушылары - А.Байтұрсынұлы мемориалдық үйіне, Д.Қонаевтың мемориалдық үйіне және Ықылас атындағы Халық музыкалық аспаптар музейінің экспозицияларымен танысты. Арнайы әлеуметтік-мәдени ынтымақтастықты арттыра беру үшін студенттер музейге елу пайыздық жеңілдікпен кіріп, тегін экскурсияларды тамашалауға мүмкіндік алды. Осылайша, арнайы жоба көпшілік жас көрерменнің музейлерге бару мәдениетінің қалыптасуына айрықша ықпал етуде.
Университеттің Басқарма басшылығы Мәдени ынтымақтастық туралы келісімшарт аясында, қала музейлерінің есіктерін айқара ашып беруге қолдау білдірген Алматы қаласы Мәдениет басқармасының басшысы Ғани Майлыбаевқа, және Алматы қаласының Музейлер бірлестігінің басшылығына ерекше алғысын білдіреді.
«Рухани жаңғыру» Жобалық кеңсесі