қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет  Жаңалықтар
12.04.2022

Алматыда жаңа мамандықтар атласы әзірленуде

 


 

Заманауи мамандықтар атласы мегаполис ерекшеліктерін ескере отырып жасалатын болады. Агломерация орталығында жаңа кәсіп иелеріне қажеттілікпен қатар технологиялық мамандықтарды уақыт оздырмай игерудің маңызы зор.

 

Осы орайда Алматы қалалық білім басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Жұманов жаңа мамандықтар атласының әзірленетінінен хабардар етіп, қоғамда жаңа кәсіп түрлеріне сұра­ныс артып келетінін жет­кізді. Жаңа мамандықтар атласын әзірлеу барысында өңірлік әрі техникалық және кәсіптік бағ­дардағы барлық талап бас­шы­лыққа алынады. Қазір қала әкім­дігі жанындағы комиссия ең­бек нарығында сұранысқа ие маман­дықтардың тізбесін жасау үстінде. Осы жылдың 30 сәуі­рі­нен бастап мемлекеттік тапсы­рыс қарастырылған маман­дық­­т­ар ту­ралы ақпарат білім бас­­­қар­­ма­сы­ның сайтында жария­ланады.

 

Алматының 20 мемлекеттік колледжінде 2019 жылдың қаңтарынан бастап жан басына қаржыландыру енгізілді. Ал биылғы қаңтардан бастап 29 жекеменшік колледж мем­ле­кеттік тапсырыс аясында жұ­мыс істеуде. Мемлекеттік тап­сы­рысты техникалық маман­дық­­тарға қайта бағдарлау тура­лы тапсырма аясында биыл сту­денттердің 60 пайызы колледж­дерге тегін қабылданады. Осы­лайша, 2025 жылға қарай 9-сы­нып түлектерінің жүз па­йызы кол­ледж­дерде қажетті ма­ман­­дықтарда тегін оқымақ. Яғни мемлекеттік тапсырысты екі есеге - 21 мың орынға де­йін ұл­­ғайту көзделіп отыр. Бүгін­де ме­га­­полис­­те 83 колледж жұ­мыс істейтін болса, оның 23-і мем­лекет­тік, 60-ы жекемен­шік­ке жата­ды. Білім меке­ме­лерін­дегі 73 719 студент­тің 36,5 мыңы мем­­ле­кет­тік тапсырыс бойынша бі­лім алуда. Яғни тегін білім­мен қам­тамасыз ету 49,5 пайызды құ­рай­ды. Ал студенттердің 3 мың­нан астамы - сырттан келіп оқи­тындар. Сту­денттерге арналған 30-ға жуық жатақхана бар.

 

Алдағы оқу жылына 20 мау­сым­нан бастап құжаттар қабыл­­дау басталатынын назар­ға ал­сақ, әр талапкердің 4 маман­дық пен 4 колледжді таңдауға мүмкіндігі бар.

 

Колледждерге берілген ака­де­­миялық дербестікке бай­ла­ныс­ты білім беру мерзімі өн­ді­­ріс­тік кәсіпорындармен ке­лі­сіл­ген нақты білім беру бағ­­дар­ламаларына және жұмыс беру­шілерге қажетті оқыту нә­ти­желеріне байланысты анық­та­лады. Бүгінде колледждер жұ­мыс берушілермен бірлесіп, білім беру бағдарламаларының мазмұнын, оқу мерзімдерін дербес айқындау мүмкіндігіне ие. Сонымен қатар Алматы­ның барлық мемлекеттік колледжін­де индустриялды ке­ңестер құры­лып, білім беру бағ­дарлама­ларын әзірлеуге қаты­сатын жұ­мыс берушілердің пулы артып келеді. Мысалы, ағым­дағы жыл­дың ақпан айында оқу орындары, кәсіпорындар және білім басқармасы арасын­­да жасал­ған үш жақты мемо­ран­дум негізін­де 22 мем­ле­кет­­тік колледжді ірі кәсіп­орын­дар қамқорлыққа алған. Кол­ледж­дерге қамқорлық көр­се­те­тін серіктестердің қатарын­­да Абай атындағы ҚазҰПУ, Қазақ ұлттық қыздар педаго­гика­лық университеті, С.Ас­фендияров атындағы ҚазҰМУ, «КазСПО-N» ЖШС, «ҮЕҰ «DOSTI» компаниялар тобы ЖШС, «Crown» ЖШС, «Қа­зақ­стан» қонақүйі, «Казлег­п­ром-Алматы» ЖШС, «Ал­матыЭнергоСервис» ЖШС, «MEGA Моторс» ЖШС, «Алматы электромеханикалық зауыты» ЖШС, «Мехэлектромонтаж» ЖШС, «ҚТЖ - Жүк тасымалы» ЖШС сияқты кәсіпорындар бар. Сонымен қатар дуалды оқыту бойынша 48 колледж 361 кәсіпорынмен бірлесіп жұмыс істеп келеді. Онда 41 мамандық бойынша 7 мыңнан астам студент білім алуда. Ал «Жас маман» жобасы аясында 2020-2021 жылдары 18 колледж республикалық және жергілікті бюджет қара­жа­ты есебінен заманауи құрыл­ғы­­лармен жабдықталса, 2015 жыл­дан бастап колледждер жұ­мыс­­шы мамандықтарының бе­де­лін арттыру және әлемде кә­сі­­би білім беруді дамытуды мақ­­­сат ететін WorldSkills ха­лық­­­ара­лық коммерциялық емес қоз­ға­лысының тұрақты қатысу­шысы ретінде заманауи дағды­ларды игеруге мүмкіндік алған.

 

12.04.2022 ж.

Ақпарат көзі: egemen.kz