ТӘУЕЛСІЗ ҚАЗАҚСТАННЫҢ САЯСИ ЖАҢАРУЫ: ТӘЖІРИБЕ ЖӘНЕ ТАҒЫЛЫМ
Абай атындағы ҚазҰПУ-дың тарих факультетінің теориялық-қолданбалы саясаттану және әлеуметтану кафедрасы өткізген
дөңгелек үстел қорытындысы:
Қазіргі таңда еліміз саяси жаңғыртудың жаңа кезеңдеріне аяқ басты. Міне, осыған орай үстіміздегі жылдың 6- желтоқсан күні Абай атындағы ҚазҰПУ-дың тарих факультетінің теориялық-қолданбалы саясаттану және әлеуметтану кафедрасы Қазақстанның тәуелсіз ел болғанының 20 жылдығына арнап «Тәуелсіз Қазақстанның саяси жаңаруы: тәжірибе және тағылым» деген тақырып төңірегінде республикаға танымал ғалымдар мен белгілі саясаттанушылардың басын қосып панельді пікір-сайыс форматында іс-шара өткізілді. Бұл бас қосуға саясаттанушылар мен саясаткерлер, ғалымдар Ғ.Есім, Г.Кан, Д.Көшім, Н.Ерімбетов, А.Сарым, Е.Алияров, С.Көшкімбаев, С.Орумбаев және т.б. қатысты.
Бүгінгі бас қосудағы негізгі мақсат - өткен 20 жыл ішіндегі Қазақстанның саяси дамуын, қазіргі болып жатқан саяси жаңғырту үдерістерін сараптау және оларға баға беру. Осы тарихи тұрғыдан алғандағы қысқа уақыт аралығында еліміздің саяси өмірінде үлкен түбірлі өзгерістер орын алды. Саяси жүйені тоталитарлық әкімшіл-әміршіл жүйеден демократиялық жүйеге көшіруден бастап саяси салада ірі үдерістер орын алғандағы белгілі. Бұл жағдайлар жалпы алғанда еліміздің дамуының саяси бағытын өзгерткендігі айқын.
Міне, осыған байланысты еліміздің белгілі ғалымдары мен саясаттанушыларының көзқарастарын тыңдай отырып, өзара пікір алмасты. Қазақстан тәуелсіздік алған жылдар ішінде саяси өмірде қандай жетістіктерге қол жеткізді, елдің саяси өмірінде нендей өзгерістер болды, қандай кемшіліктер орын алды? Өткенге көз жүгіртіп еліміздегі қазіргі саяси жаңғырту қалай жүріп жатыр, келешегі қандай болмақ, біздің қоғам қайда бара жатыр деген сауалдарға жауап берді. Қазіргі кездегі біздің мемлекетіміздің саяси жүйесінің құрамдас бөліктері болып табылатын саяси билік, саяси партиялардың даму үдерістері қандай, жалпы қоғамның әлеуметтік-саяси даму бағыты қалай өзгерді, осы жағдайларды таразыға салды.
Қорыта келе, саяси үрдістерге бағытталған әдіс-тәсілдерін жетілдіру негізінде Қазақстан Республикасының саяси жүйесін модернизациялауға қол жеткізуге болатындығына көз жеткізіп отырмыз. Тәуелсіздік жылдарында елімізде халықтар бірлігі мен ынтымағына басты назар сала отырып, демократиялық принциптерге негізделген жаңа экономикалық және әлеуметтік-саяси жетістіктерге қол жеткізілуде.