Негізгі бет
Жаңалықтар
27.04.2022 Ахмет Байтұрсынұлы атындағы орталық ашылды
2022 жылдың 27 сәуірінде Абай атындағы ҚазҰПУ-да көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған ғылыми-әдістемелік орталықтың ашылу салтанаты өтті. Ахмет Байтұрсынұлын Ұлт ұстазы деп атағаны кездейсоқ емес. Аталған іс-шараның ұйымдастырушысы Абай атындағы ҚазҰПУ Филология институты.
Ашылу салтанатына университет ректоры Дархан Біләлов, белгілі қоғам және саяси қайраткер, халық жазушысы, Қазақстанның Еңбек Ері Олжас Сүлейменов, А. Байтұрсыновтың жиені - Айман Байсалова, А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының, М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының, А. Байтұрсынұлы музей-үйі мен БАҚ өкілдері, белгілі ғалымдар, мәдениет және өнер қайраткерлері, университеттің оқытушылары мен студент жастары қатысты.
Іс-шара барысында А.Байтұрсынұлының музей-үйінің басшылығы жаңа Орталыққа Алаш қайраткерінің 6 томдық шығармалар жинағын және басқа да кітаптарды табыс етті.
Дархан Біләлов Абай университетін осындай айтулы оқиғамен құттықтап, орталықты ашудың маңыздылығына тоқталды. «Халқымыздың рухани көсемі, Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туғанына биыл 150 жыл толып отыр. Абай университетінің ұжымы үшін Ахмет Байтұрсынұлы бастаған Алаш қайраткерлерінің есімдері қашанда ардақты. Олардың құнды мұрасын өскелең ұрпақтың санасына сіңіру аса маңызды. Бұл болашақ мамандардың бойында отансүйгіштік пен ұлтқа адалдықты қалыптастыруға қызмет етеді. Ұлт ұстазы қалыптастырған білім беру дәстүрі осы орталықта заманауи талаптармен қайта жалғасын табады деп ойлаймын», - деді.
Олжас Сүлейменов Ахмет Байтұрсынұлының білім және ғылым саласындағы қызметі туралы айта келе, Қазақстан тарихына, оның қайраткерлеріне, ұлы тұлғаларына, зиялы қауымға деген құрмет қажеттігін атап өтті.
Осы шара аясында «Ахмет Байтұрсынұлының мұрасы және ұлттық құндылықтар» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Оған ҚР Парламенті Сенатының мүшелері Нұртөре Жүсіп пен Жанарбек Әшімжан, Түркия Республикасының Бас консулы Али Ырза Акынджы, Неймеген Радбауд университетінің профессоры Роберт Эрмерс (Нидерланды Корольдігі), Помор академиясының ректоры Збигнев Осадовский (Польша), шетелдік және отандық жоғары оқу орындарының ғалымдары, «Ахмет. Ұлт ұстазы» телехикаясының қоюшы режиссері Мұрат Есжан, белгілі актер, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, телехикаяда Ахметтің рөлін сомдаған Байғали Есеналиев қатысты.
Конференция барысында қазіргі филологияның өзекті мәселелері тарих призмасы арқылы талқыланып, Алаш партиясы көсемдерінің мұрасы: тіл, руханият, оқыту әдістемесі; Ахмет Байтұрсынұлы шығармасындағы шығыстану, аударма мәселелері; педагогикалық мұраның сабақтастығы және қазіргі білім беру принциптері мәселелері қаралды.
Конференция жоғары деңгейде өтіп, барлық қатысушылардың үлкен қызығушылығын тудырды.
Қоғаммен байланыс департаменті |