Басқарма төрағасы-ректор |
04.12.2023
Болат Тілеп: Университет алдында цифрлық экожүйеге жету міндеті тұр
Еліміздің білім саласына білікті кадрлар даярлаудың көш басында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті тұр. Биыл ұстаздар ұстаханасының құрылғанына 95 жыл толды. Ғасырлық межеге аяқ басқан білім ордасының басқарма төрағасы-ректор Болат Тілеппен болған сұхбатта білім беру үрдісі, әлемдік білім кеңістігімен ықпалдастық, университеттің қазіргі ахуалы туралы айтылды.
- Болат Анапияұлы, ғасырға жуық тарихы бар оқу орнының бастауында халқымыздың маңдайалды тұлғаларының тұрғаны белгілі. Осы жылдарда еліміздің білім саласына кадрлар даярлаудың үлкен мектебі қалыптасты. Университетте дәстүрлі білім тәжірибесімен заманауи үрдістерді ұштастыру жағы қалай іске асып жатыр?
- Биыл университетімізге 95 жыл толып отыр. Тарихқа шегініс жасайтын болсақ, оқу орнының тарихы 1918 жылғы 12 қарашадан бастау алады. Осы кезде Ташкентте алғашқы Қазақ мұғалімдер курсы ашылған болатын. Ал ресми түрдегі тарихымыз 1928 жылдан басталады. Өйткені дәл осы уақытта Қазақ АКСР Халық Комиссарлары Кеңесінің шешімімен Алматы қаласында физика-математика факультетінің негізінде республиканың алғашқы оқу орны ашылған еді. 1935 жылы Қазақ педагогикалық институтына ұлы Абайдың есімі берілді. Тұңғыш оқу орнының қалыптасуына атсалысқан, елімізде жоғары білім саласының дамуына зор үлес қосқан тұлғалар қатарында алғашқы ректор Санжар Асфендияровтан бастап Ораз Жандосов, Ахмет Байтұрсынұлы, Смағұл Сәдуақасұлы, Сәкен Сейфуллин, Халел Досмұхамедов, Ілияс Қабылов, Бәймен Алманов, Темірбек Жүргенов секілді мықтылар тұр. Олар институтта дәріс беріп қана қоймай, ұлтжанды шәкірттер тәрбиелеу ісін жолға қойды. Университетті ұзақ жыл басқарған Мәлік Ғабдуллин, ұстаздық еткен Мұхтар Әуезов, Әлімхан Ермеков сынды ғалымдардың оқу орны тарихындағы орны бөлек. Университеттің бүгінгі мерейі - ел игілігі жолында аянбай еңбек еткен ғалымдар мен ұстаздар еңбегінің жемісі.
- Кез келген мемлекеттің дамуы сапалы білімінен көрініс беретіні анық. Кейінгі уақытта орта білім беру үрдісіндегі білім сапасына айтылатын сын көп. Осы орайда оқытушылар құрамының біліктілігіне қаншалықты көңіл бөлініп келеді?
- Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес ел Үкіметі педагог кадрларды даярлауға ерекше назар аударып отыр. Осы жылдарда Абай атындағы ҚазҰПУ республикаға 200 мыңнан астам педагог даярлады. Жыл сайын профессор-оқытушылар құрамы мен студенттер әлемнің жетекші университеттерінде тағылымдамадан өтсе, белгілі шетелдік ғалымдардың дәріс оқуы, тәжірибелік сабақтар өткізуі дәстүрге айналды. Бүгінде университетте 996 оқытушы жұмыс істейді. Олардың қатарында ҰҒА-ның 5 академигі, 6 корреспондент мүшесі, 200-ден астам ғылым докторы, PhD, 226 ғылым кандидаты бар. Университет жанындағы 7 институтта 16 мыңнан астам студент білім алып жатыр. Бүгінде 12 оқу ғимараты, 5 жатақхана және 40-тан астам оқу зертханасында еліміздің білім саласының болашақ білікті мамандары даярланады. Осы орайда педагогикалық жоғары оқу орындарының қызметін үйлестірумен қатар Академиялық шеберлік орталығын құру әрі дамыту басты мақсатымыз екенін айта кеткен абзал. Университетте педагогикалық бағыттағы оқу орындарымен жұмысты үйлестіретін үздіксіз білім беру мен оқу-әдістемелік орталығы жұмыс істейді. Оқытушылар арнайы курстарға, семинарларға қатысып, инновациялық оқу бағдарламалары мен жаңа технологияларды меңгеру үстінде. Жетекші шетелдік жоғары оқу орындарында ғылыми тағылымдаман өтеді. Арнайы педагогика және дефектология саласында ғылыми-зерттеу және кадрлар даярлаумен белсенді түрде айналысатын еліміздегі бірден-бір жоғары оқу орны болғандықтан, инклюзивті ортаға білім беру мәселесіне басты назар аударып отырмыз. Өкінішке қарай, еліміздің өңірлерінде ерекше күтімді қажет ететін балаларға арналған білім беру орындарын ашуға мүмкіндік жоқ. Бірақ оны шешудің басқа да жолдары бар. Мысалы, дефектология және психология салаларында ерекше балаларға білім алуға және мектеп бағдарламаларына бейімделуге көмектесетін бағдарламалар бар. Осы орайда сурдопедагогика, тифлопедагогика, логопедия, диагностикалық және коррекциялық дамыту және түзету жұмыстарын қамтитын 4 зертхана жабдықталған. Мамандарымыз осы салаларда ғылыми зерттеулер жүргізеді. Бұл - медицина мен жанама ғылыми зерттеуді талап ететін бағыт. - Кейінгі уақытта жоғары оқу орындарының бірқатары «зерттеу университеті» бағытында жұмыс істей бастады. Оның жаңашылдығы әрі білім үрдісіне әсері қандай?
- Қазіргі кезде алдымызда тұрған үлкен міндет - «Зерттеу университеті» деңгейіне жету. Ол үшін университетіміздің ғылыми әлеуетін көтеру керек. 2019 жылдан бастап постдокторантура және профессор зерттеушілер үшін бағдарламалар енгіздік. Педагогика ғылымын дамытуда постдокторанттар қатарын көбейтіп, ғылыммен айналысқысы келетін оқытушылардың оқу жүктемесін азайтуға мән беріп отырмыз. Қазіргі уақытта оқу жүктемесі 1 жылда 600 сағаттан асатын болса, халықаралық стандартқа сәйкес зерттеу университеттерінде бұл көрсеткіш 250-300 сағаттан аспайды. Қалған уақытын оқытушы зерттеуге, ғылыммен айналысуға арнауға тиіс.
- Абай университеті еліміз ғана емес, әлемдік рейтингтерде жақсы көрсеткіштерге ие. Сарапшылардың пікірінше, рейтинг сапалы білімнің өлшемі емес. Үздіктер тобынан орын алу үшін қандай талаптар қажет?
- Абай университеті 2023 жылы QS World University рейтингінде 681-690- орындарды иеленіп, әлемдік рейтингте ТОП-700 үздік университет қатарына кірді. Бұл рейтингке әлемнің 2 мыңнан астам жоғары оқу орны қатысты. Абай университеті Орталық Азияның педагогикаға бағдарланған жоғары оқу орындарының алдыңғы шебінде келеді. Университетті интернационалдандыру, Болон үдерісінің негізгі талаптарына сай болу үшін әлемдік көштен қалмау өте маңызды. Бірақ педагогикалық университет ретінде халықаралық және әлемдік рейтингтен орын алу басты мақсатымыз емес. Алдымызда «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 50 мыңға жуық мұғалім даярлау міндеті тұр. Педагогикалық мамандардың, оның ішінде жаңа заман педагог кадрларының жетіспеушілігіне басты назар аударып отырмыз. Сонымен бірге ғылыми жарияланымдар санын арттыру, инновациялық білім беру бағдарламаларын күшейту мәселесі де өзекті.
- Әлемдік стандартқа сәйкес педагогикалық бағыттағы оқу орындарына қандай талаптар қойылады?
- Тәжірибеде педагогтерді ғана даярлауға маманданған оқу орындары өте аз. Дамыған елдерде педагог мәртебесі өте жоғары. Педагогикалық жоғары оқу орындарын бітірген мамандар мектепке барып, оқу орындарына жұмысқа тұруға ниет білдірсе, міндетті түрде жоғары оқу орнынан кейін арнайы біліктілік курстарынан өтеді. Мәселен, фин жүйесінде қалауына қарай мектепте бірден мұғалім болып кете алмайды. Осы орайда дәстүрлі білім беру мен әлемдік тәжірибедегі озық үлгілерді қатар алып келеміз. Білім саласында қажетті материалдарды жылдам игеру өзекті болып отыр. Ол үшін, ең алдымен, оқушының логикасын, аналитикалық, сыни ойлау қабілетін дамыту қажет. Алған ақпаратты өз бетінше талдауға үйрету, оның дұрыстығын анықтауға дағдыландыру - мұғалімнің басты мақсаты. Ал мектептерде «Логика» пәнін енгізу өте маңызды.
- Финляндия университеттерімен бірлесіп, педагогикалық білім берудің жаңа модельдері және 30 жаңа білім беру бағдарламасы әзірленгені белгілі. Осы бағдарламаның ерекшелігіне тоқталып өтсеңіз?
- Орта білім берудің жаңартылған мазмұнының кәсіби стандарттарына сәйкес білім беру бағдарламаларымыз толығымен жаңартылды. Сондай-ақ студенттерге негізгі мамандықтарымен бірге берілетін Minor бағдарламалары енгізіліп жатыр. Білім ордасы биылғы оқу жылында Финляндия озық университеттері және Назарбаев университеті сарапшыларының қатысуымен «Педагогикалық әлеуетті күшейту» жобасы аясында мұғалімдерді даярлау бойынша 12 инновациялық білім беру бағдарламасын қанатқақты режімде іске қосты. Аталған бағдарламалар география, физика, математика, информатика, арнайы педагогика, көркемдік білім, музыкалық білім, денешынықтыру және тарих-әлеуметтік зерттеулер пәндері бойынша жаңа форматтағы мектептердің болашақ мұғалімдерін даярлауға бағытталған. Жаңа бағдарламаларға барлығы 718 талапкер қабылданса, олардың 63-і магистратура бағдарламаларын таңдады. Осы жоба аясында университет оқытушылары білім беру бағдарламаларын әзірлеу және геймификация, flipped classroom әдісі, case study сияқты инновациялық оқыту әдістерін қолдану бойынша біліктілікті арттыру курстарынан өтті. Болашақ педагогтерді даярлауда мұғалімдердің цифрлық құзыреттілігін, инклюзивті білім беруді, STEM және CLIL тұжырымдамасын дамытуға ерекше назар аударылып келеді.
- Елімізде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының қолға алынғаны белгілі. Заманауи мектептерде сапалы білім беруді мақсат ететін жобаға сай мамандар даярлау ісі қандай басымдықтарға иек артады?
- Ең алдымен, білім беру саласындағы мамандарды даярлаудың әлемдік тәжірибесіне, оның ішінде тиісті технологияларды пайдалана отырып, жалпы білім беру үдерісін қолжетімді және интерактивті ететін жаңа әдістерді енгізуге мән беруге тиіспіз. Дегенмен педагогтерді даярлайтын университет ретінде өз ерекшелігіміз бар. Бұл, ең алдымен, еліміздегі қазіргі мектеп жағдайына байланысты. Осыған орай инклюзия бағытында жақсы нәтижелерге қол жеткізе аламыз. Ал жаратылыстану нақты ғылымдар бойынша пәндік мұғалімдерді, шет тілінде сабақ бере алатын педагогтерді даярлау мәселесін шешуде қаперге алатын дүние бар. Болашақта цифрлық университет жасыл экожүйеге жету міндеті тұр. Қазіргі уақытта цифрлық университет жобасы Оңтүстік Кореяда ғана тиімді жұмыс істеп келеді. Осы орайда білім беру үрдісін цифрландыруды академиялық мәселелер жөніндегі проректордың құзыретіне беріп отырмыз. Қазір университеттің маңызды бағыттарының бірі - үздіксіз білім алуға жағдай жасау. Мамандығын ауыстырып, мұғалім болғысы келетін талапкерге мүмкіндік жасауға тиіспіз.
- Кейінгі жылдарда еңбек нарығында сұранысқа ие бірқатар мамандық бойынша қос дипломды білім беру жүйесі іске асып келеді. Осы бағытта оқу орнының түлектерін жұмысқа орналастыру мәселесі қалай шешіліп жатыр?
- Университеттің қос дипломдық бағдарламалар бағытындағы жетістігі аз емес. Бұл - ең алдымен, Абай университетінің 25 елдің 138 жоғары оқу орнымен белсенді ынтымақтастығының нәтижесі. Қазіргі кезде қос дипломды 16 бағдарлама бар болса, оның төртеуі Сорбонна-Қазақстан институтында оқытылады. Финляндия, Сингапур, Швейцария, Литва сияқты педагогика саласы бойынша озық елдердің жұмыс тәжірибесі басты назарда тұр. Қос дипломды бағдарламалар бойынша білім алған студенттердің жетістіктері де бар әрі олардың арасында жұмыссыз жүргендері жоқ. Осы тұста педагогикалық жоғары оқу орнын бітірген мамандарға мектеп, колледждерге барғаннан кейінгі сұраныстың төмендейтінін айта кеткен жөн. Өйткені, университет бағдарламасы мен мектептердегі оқу бағдарламаларында алшақтық бар. Мектепке барған маманға басқа стандарт бойынша жұмыс істеуге тура келеді. Кей жағдайда жұмыстан шығуға немесе қайтадан оқуға, біліктілігін арттыруға мәжбүр. Педагог мәртебесінің артуы мен университет тарапынан қабылданып жатқан шаралардың нәтижесінде кейінгі кезде мұндай фактілер азайды. Қазіргі таңда 90-ға жуық соңғы курс студенті дуальды әдіс бойынша білім алады. Әдіскерлер де, оқытушыларымыз да мектептерге жиі барып, студенттерінің ашық сабақтарына қатысады. Мектеп бағдарламалары мен жалпы оқулықтарға жауапты мекеме - Ы.Алтынсарин атындағы академиямен ұзақмерзімді келісім жасалды. Университет мен мектеп бағдарламасы арасындағы алшақтықты азайтуда «Педагогикалық сынып» жобасының ықпалы зор. Қалалық, облыстық білім басқармаларымен келісімшарт жасалды. Биылдың өзінде Алматыдағы 13 мектеппен келісімге қол қойылды. Бұл жоба оқушылардың мұғалімдік мамандыққа қызығушылығын арттыруды көздейді. Аймақтық әкімдіктер, білім басқармаларымен де байланысты нығайтып келеміз. Кейінгі жылдары біздің түлектердің жүз пайызға жуығы жұмыспен қамтылған.
- Бірқатар жекеменшік оқу орны ағылшын тілінде білім беретін мамандар даярлау ісіне басымдық бере бастады. Бұл педагог кадрларды даярлайтын мемлекеттік университеттер бәсекелестігіне қаншалықты ықпал етеді?
- Бәсекелестік алға ұмтылдырады. Қазір елімізде жекеменшік мектептер көп. Олардың дайындық деңгейі де жоғары. Әсіресе үлкен қалаларда шоғырланған білім беру мекемелері бар. Дамыған шетелдермен бірлесе жұмыс істейтін мектептер де жоқ емес. Мәселен, Назарбаев зияткерлік мектептері, білім және инновация лицейлерінің деңгейі жоғары. Мұғалімдерге қоятын талаптары да бөлек. Бұл мектептерде 7-сыныптан бастап жаратылыстану, математика, физика, химия сияқты пәндер ағылшын тілінде оқытылады. Осы тұрғыда жекеменшік оқу орындарымен бәсекелесе алмаймыз. Бұл жердегі ең үлкен мәселенің бірі - тілдік бағытты дамыту. Университеттің Филология институтында шет тілдері кафедрасы бар. Сорбонна-Қазақстан институтының тілдік бағдарламалары да тиімділігін көрсетті. Министрліктің қолдауымен жаңа формациядағы педагогтерді даярлау үшін инновациялық оқу бағдарламаларын әзірлеу міндетін қойып отырмыз. Биыл 30 инновациялық оқу бағдарламасының 12-сі университет мамандарының күшімен әзірленді.
- Сапалы білім беру оқу орнының материалдық базасына да тікелей байланысты екені анық. Университет заманауи құралдармен жабдықталған, студенттерге қолайлы жағдай жасалған деген үдеге сай келе ме?
- Бүгінде университетте 12 оқу ғимараты бар. Алдағы уақытта заманауи кітапхана ашу жоспарда тұр. Бүгінде кітапхана қорында 1 млн 700 мыңнан астам кітап бар. Оқу ғимараттары, олардың материалдық-техникалық жағдайын үнемі жақсартып отыру - басты міндетіміз. Қазіргі уақытта 27 компьютерлік сынып, 15 лингафондық зертхана, 45 оқу және ғылыми зертхана, 44 шеберхана, 38 интерактивті сынып жабдықталған. Оқу орнының қазіргі инфрақұрылымдық жағдайы 5000-6000 студентке есептелген. Мұнда 5 жатақхана және бірнеше оқу ғимараты орналасқан. Бұл нысандардың барлығы қаланың мәдени-тарихи тізіміне кіреді. Студенттердің басым көпшілігі республика өңірлерінен келіп оқитындықтан, жатақхана мәселесі әлі күнге өзекті болып отыр. Қазіргі кезде осы мәселені шешу жолдарын іздестіріп жатырмыз.
- Оқу орнын бітірген түлектермен байланыс қаншалықты жолға қойылған?
- Бүгінде қара шаңырақтан білім алған түлектерді тек мақтанышпен ғана айта аламыз әрі арадағы тығыз байланыс ешқашан да үзілмеген. Олардың қатарында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, «Kaspi.kz» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы В.Ким, тағы басқалар бар. Сонымен бірге М.Амантаева, Б.Игенбаева, К.Оразбекова сынды педагогика саласы үздіктерінің еңбегі орасан. Жастар арасында Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы қоғамдық бірлестігінің президенті, «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының директоры Р.Кенжеханұлы, «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының басқарма төрағасы Қ.Жұмағали және Азия, әлем чемпионаттарының жүлдегерлері осы оқу ордасынан түлеп ұшқан.
- Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен: Эльвира Серікқызы 04.12.2023 ж. Ақпарат көзі: egemen.kz
Кері оралу |
050010, Қазақстан Республикасы
|
Кеңсе: 291-48-74, 291-37-23 (факс)
Қабылдау комиссиясы: 8(727)291-57-68
Call-орталығы: 8 (727) 221 85 14
Психологиялық қызмет секторы: 8 700 976 89 97
Азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдау
|
«Шапағат» студенттерге цифрлық қызмет көрсету орталығы Кірушілер статистикасы
|